Саяси озбырлық пен радикалдандыруды зерттеудің халықаралық орталығының бағалауы бойынша, 31 млн. халқы бар Өзбекстанның 500 азаматы Ирак пен Сириядағы содырларға қосылыпты. Бұрынғыдай түңілушілікке, тіпті, трагедияға ұшырап жатқанынына қарамастан, олардың соңынан өзбек әйелдері де аттанып жатыр.
Өзбекстанда Ислам мемлекетіне қарсы күрес бойынша ақпараттық күрес науқаны жарияланған. Билік осы мақсатта баспасөзді, телеарналар мен интернетті пәрменді пайдалануда. Мұсылман діндарлары, мемлекеттік шенеуніктер, саясаткерлер, журналистер мен әйелдер қозғалыстарының белсенділері телеарналардағы ток-шоуларда діни экстремизм қауіптерін талқылауда. 2015 жылғы 30-мамырда «Yoshlar» («Жастар») телеарнасында алғаш рет алғаш рет «Женщины, ищущие свет под луной» («Ай астынан жарық іздеген әйелдер») ток-шоуын көрсетті. Онда Ирак пен Сирияға кеткен тоғыз әйелдің тағдыры туралы айтылды. Елге тек олардың біреуі, Наманған облысының тумасы Рано Кәрімова ғана орала алған, ол Өзбекстан үшін ерекше ток-шоудың кейіпкеріне айналды. Ата-анасы Раноны 16 жасында ұзатыпты, бірақ отбасылық өмірі дұрыс болмаған. Бойжеткен көрермендерге Интернет арқылы Дониёр Әбдуәлиевпен қалай танысқанын әңгімелеп берді, сөйтсек, ол көптен бері Түркияда тұрып жатқан өзбек жігіті екен. 1750 АҚШ долларын жинаған бойжеткен қырғыздың Ош қаласы арқылы Түркияға ұшады.
Басында Дониёр Раноға некедегі тату-тәтті өмір туралы уәдені үйіп төккен, бірақ бойжеткен Түркияға келгеннен кейін ол бойжеткенді зорлап, анайы жыныстық қатынастарға мәжбүрлеген.
Дониёр оған үнемі жұмаққа жету үшін Сирияға бару және сол жақта джихад жолында ерлікпен қаза болу керектігі туралы айтқан.
Рано тек оқыс жағдайдың арқасында Дониёрден қашуға, одан кейін Өзбекстанға оралу мүмкіндігіне ие болған.
Осы бағдарламаның барысында ел астанасының маңындағы Шыршық қаласының тұрғыны Үмидә Қадырова деген біреудің Сирияға жіберу мақсатымен 13-14-жасар қыздарға арналған діни мектепке басшылық жасап жүргені туралы айтылды. Абырой болғанда, Үмидә мен оның сыбайластарының дер кезінде әшкереленді, енді олар жеті жылдан он төрт жылға дейін темір тордың ар жағында өткізетін болады.
Өзбекстанның БАҚ-тарында дін жолына түсіп, бақыт іздеп, түрлі жолдармен Сирияға кеткен әйелдердің басынан кешірген хикаялары туралы мақалалар жиі-жиі жарияланып жүр.
Наманған облысының тумасы 32-жасар М. Зиеда 2013 жылғы тамызда күйеуі Ш. Бекзодпен бірге Сирияға аттаныпты.
«Мен Сирияға әскери әрекеттерге қатысу үшін емес, күйеуіме қолдау көрсету үшін бардым», деп жазылған Зиедадан жауап алған хаттамада.
Біз дайындық лагеріне келгенімізде, ол жерден Қазақстаннан, Қырғызстаннан, Тәжікстан мен Түркіменстаннан келген ер адамдар мен әйелдерді көрдік,
— деді ол. — ИГИЛ бақылайтын аумақта барлығын ИГИЛ-дің өз ережелері мен заңдары реттейді», — деді Зиеда «Средняя Азия в Интернете» басылымына берген сұқбатында.
Күйеуі ұрыста қаза болғаннан кейін Зиеда Түркияға қашуға мәжбүр болған, түрік билігі оны Өзбекстанға экстрадициялап, қазір ол түрмеде 6,5 жылға кесілген жазасын өтеп жатыр.
27-жасар Фируза Исхакова да ажалдан аман қалыпты. Оның хикаясы ғаламтордағы танысы Нарқызбен араласудан басталыпты. Сирияда тұратын Нарқыз оған Тәжікстаннан келген күйеуінің досымен танысуды ұсынады. 2013 жылы Исхакова және тағы басқа төрт әйел Түркиядан Сирияға қарай шағын автобуспен аттанады. «Біз Қырғызстанан, Өзбекстаннан және Тәжікстаннан келген төрт бойжеткен едік», — деді ол полицияда берген жауабында.
Оларды Сирияға бастап барған Лейла деген біреу Нарқыздың күйеуі алыс жерде соғысқан, сондықтан Исхакованы оның досымен таныстырудың мүмкін еместігін мәлімдеді. Оның орнына Лейла бойжеткенді Зубин есімді содырмен таныстырады, ол өзінің Исхаковаға үйленгісі келетінін айтады.
Қалтамда ақша болмағандықтан барар жерім, басар тауым болмады, — дейді Исхакова. — Айнала қираған, бөтен ел, бөтен тіл, амалсыз көндім.
Екі аптадан кейін Зубин ұрысқа аттанды. Ол Исхакованы 300 АҚШ долларына басқа бір содырға сатып кетеді.
«Мен тауар болдым, — дейді өткенді есіне алған Фируза. — Мойынұсынып, үн-түнсіз жымиып жүруге мәжбүр болдым, әйтпесе, ұрып-соғып, не су, не тамақ бермей қамап қоюлары да мүмкін еді». Осындай қапастан құтылудың орайы 2014 жылғы ақпанда түсті. Ол кезде ол тұрып жатқан қаланы үкімет әскерлері атқылайды. Бойжеткен Түркияға қашады, сол жақта Өзбекстанның консулдығына барады. Елге оралған соң оның хикаясы бір жыл бойы тексеріліп, Фируза Исхакова сот үкімімен бес жылға бас бостандығынан айырылады.
Қашқадәрия облысының тумасы 20-жасар Зебо Фатхулаева Интернетте жұмыс іздеп жүріп, Саера Раззакова деген біреудің «көмек берем» деген ұсынысын кездестіреді. Ол оны кейін өзін Стамбулдың әуежайынан күтіп алған Әлішер деген жігітпен таныстырады.
Алайда Сирияда екі ай бірге тұрғаннан кейін Алишер «мені басқа бір адамға сатып, оны мырза деп атауға бұйрық берді»,
— дейді бойжеткен «Средняя Азия в Интернете» басылымына берген сұқбатында.
Үш айдан кейін Әлішер Зебоны басқа бір адамға сатқан. Біраз уақыт өткен соң ол Арзу деген құрбысымен бірге Түркияға қашады. Алайда шекарада оларды түрік билігі тұтқынға алып, кейін Өзбекстан билігіне тапсырады. Енді шекарадан заңсыз өткені үшін жазасын өтеп жатқан Зебо Фатхулаева билік тарапынан жақын арада рақымшылық болатынына үміт артып отыр.
— Қазіргі таңда мұндай бойжеткендерге рақымшылық жасау қарастырылмаған, — деді Өзбекстан Ішкі істер министрлігінің полковник шеніндегі қызметкері Саид Саидкәрімов «Средняя Азия в Интернете» басылымына. — Рақымшылық жариялау елге қайтып оралушылар легін арттырып, екінші жағынан, жазадан құтылып кетуге болады деген жалған пікір қалыптастыруы мүмкін.
— Білім деңгейінің төмен болуы, ескірген стереотиптер, яғни таптауырындар және қоғамдағы екіжүзділік салдарынан орын алған езгі әйелдердің ИГИЛ қатарына қосылуының негізгі себептері , — деген сенімде жеті жылдан бері Жизақтағы әйелдер кеңесіне жетекшілік жасап келе жатқан Зумрадхон Нигматуллаева.
— Балғын кезінде ұзатылған бойжеткен күйеуімен кенет ажырасқанда, өз өмірін құрдымға кеткендей көреді, өйткені маңайындағылар оған сөге қарайды, — дейді Нигматуллаева. — Сондықтан олар өздерін танымайтын жақтан бақытын табуға аттанады.
Көп ретте әйелдерді әлеуметтік желіліер арқылы алдап-арбап торға түсіреді. 2015 жылғы қазанда құқық қорғау органдары Қашқандәрия және Ферғана облыстарында осындай екі жағдайды анықтаған. Өзбекстанның оңтүстігіндегі Қашқандәрия облысында екі бойжеткен соттталды, сөйтсек, олар WhatsApp мобильдік мессенджерінің көмегімен діни экстремистік топтың идеяларын насихаттап, заңды үкіметті құлатуға үндеп, шақырған.
Шахло Кудратова 7 жылға бас бостандығынан айырылса, оның сыбайлас құрбысы Нилуфар Абдуллаева 5 жылға кесілген. Ферғана аңғарындағы Қоқанд қаласында екі ай бұрын орта мектептің екі мұғалімі құрықталды. Оларға ИГИЛ идеяларын насихаттады және осындай материалдарды ұялы телефондарында сақтады деген айып тағылған.
Экстремистер көп ретте WhatsApp-тың қосымшасына дамдарды алдап-арбау үшін пайдаланады,
өйткені елдегі барлық 10,2 млн. интернет пайдаланушылардың 98 пайызы смартфондарындағы мобильдік интернетті пайдаланады. Өзбекстандық интернет пайдаланушылар арасындағы тағы бір танымал ресурс «Сыныптастар» әлеуметтік желісі, соңғы мәліметтерге сәйкес, 2015 жылы оның қатарында 7,5 млн өзбекстандық пайдаланушы тіркеліпті. 2014 жылғы тамызда Ташкент облысында 8 әйел «Сыныптастар» сайтын пайдалану тәртібін бұзғаны үшін түрлі мерзімдерге бас бостандығынан айырылып, түрмелерге тоғытылған. Олар осы желіде ойдан шығарылған аккаунттар мен топтар құрып, өздерінің жаңа жақтастарын тартып, елдегі заңды билікті құлатуға шақырған. Өзбекстан заңнамасында мұндай әрекеттер «экстремистік материалдарды тарату» деп аталады және бес жылдық мерзімге дейін бас бостандығына айырумен жазаланса, соғысты тікелей насихаттағандар 10 жылға бас бостандығынан айырылады.
8-қаңтарда «Свобода» радиосы интернет жылдамдығы арнайы қызметтердің бүкіл трафикті бақылауға алуға ұмтылыс жасауы салдарынан баяулап қалғанын жеткізді.
— Өзбекстан күш құрылымдарының террористік және әскери қауіптерге тойтарыс беруге қабілетті екеніне күмән келтіруге негіз жоқ. 24 жыл ішінде Өзбекстан тиімді қарулы күштер мен қарсы бақылау қызметін құруға қол жеткізді. Өйткені мұндай жағдайда сырттан көмек күтпей, тек өзіңе сенуің керек. Сондықтан мен Өзбекстан билігінің ел қауіпсіздігіне қауіп төндіретін қауіптерге тойтарыс бере алатындығына күмәнданбаймын, — дейді жағдайға түсініктеме берген саясаттанушы Анвар Назиров.
Мүмкін, саясаттанушының айқаны дұрыс та шығар, бірақ қауіп адамдардан емес, ел ішіне дендеп еніп бара жатқан ИГИЛ идеяларынан төніп отыр. Сирияға, Иракқа және Ауғанстанға кетіп жатқан әйелдер мен ерлер легін қалай тоқтатуға болады? Ел ішінде ИГИЛ-ді насихаттауға қалай тоқтау салуға болады? 2015 жыл бұл сұрақтарға жауап бермеді.
Орысшадан аударған Қайрат Матреков