Алматыда АҚШ-тың қаржысына салынып жатқан аса қауіпті патогендерді зерттеуге арналған Орталық референц-зертхана (ОРЗ) тағы бір рет журналистерге көрсетілді.
Нысанға барудан бұрын шағын баспасөз мәслихаты өткізіліп, оның барысында еліміздің мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин тағы бір рет келесі жәйтті атап өтті: ОРЗ тек азаматтық сипаттағы нысан, сондықтан оның қала тұрғындарына қауіпі туралы әңгіме — жалаң сөз.
— Қазақстанның биологиялық қауіпсіздігіне мүдделі емес кейбір жекелеген адамдар мен топтар ақпарат кеңістігіне үнемі жағымсыз ақпараттар таратуда, — деді Бекшин.
Жандарбек Бекшин
Бұл жерде қандай да бір қару, оның үстіне, жаппай қырып-жоятын қару жасалады деп айтуға болмайды.
Міне, осы референц-зертхана биологиялық қауіпті, оның ішінде, жаппай қырып-жою қаруын пайдалану мүмкіндігін төмендету үшін үкіметаралық келісім шеңберінде салынып жатыр.
Зертхана Қазақ аймақтық және карантиндік инфекциялар ғылыми орталығы (ҚАКИҒО) аумағында салынуда, оның құны $150 млн құрайды, құрылыс келесі жылы аяқталады.
Жаңа зертхананың қауіпсіздігі туралы әңгімелеген Жандарбек Бекшин «бірегей» деген сөзді бірнеше рет қайталады. Нысан, шын мәнінде, сондай болып табылады — оған салынып жатқан ғимаратты аралаған журналистер де көз жеткізді. ОРЗ 9 баллдық зілзалаға төтеп беруге қабілетті, онда электр қуатымен қамтамасыз етудің дербес көзі бар, сондай-ақ ол заманауи желдеткіш жүйесімен және т.б. қамтамасыз етілген. Бұдан тыс,
«жабық» зертхананы мониторинг пен бақылаудың ең заманауи электрондық құралдарын пайдаланатын «Күзет» бөлімшелері тәулік бойы күзетеді.
Аса қауіпті патогендерді зерттеуге арналған Орталық референц-зертхананың құрылысы 2016 жылы аяқталады
Жаңа ОРЗ салу қажетілігіне тағы бір дәлел — 1948 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ҚАКИҒО ғимараттары мен құрал-жабдықтарының әбден ескіріп, тозуы.
«Айтпақшы, 65 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мекеменің тарихында инфекцияны зертханадан тыс жыс жерге алып шығудың бір де бір фактісі болған емес, — дейді ҚР санитарлық бас дәрігері, — ал жаңа зертхананың қорғалу деңгейі екі, тіпті, үш есе жоғары болады».
ОРЗ-ға қатысты өсек-аяңға келсек, ол, біздің ойымызша, Қазақстан ішінен шығып жатқан жоқ, сырттан келуде.
Мәселен, осыдан екі жыл бұрын ресейлік «Стратегиялық мәдениет қоры» порталы Ресейдің стратегиялық зерттеулер институты Орал аймақтық-сараптамалық орталығының (Екатеринбург) басшысы Дмитрий Поповтың «Пентагонға Қазақстандағы биологиялық зертхана не үшін қажет?» деген мақаласын жариялаған еді.
Атап айтарлығы, мақалада былай делінген: «Американдықтардың басқа елдерде осындай нысандарды пайдалану тәжірибесі келесіні көрсетеді — олар ұлттық бақылаудан шығарылған, жабық режимде жұмыс істейді, көп ретте оларға әскерилер немесе арнайы қызмет өкілдері жетекшілік етеді (Тбилиси маңындағы Алексеевка ауылындағы зертханаға грузиндік барлау қызметінің бұрынғы басшысы Анна Жвания жетекшілік етеді). Нысандар персоналы шетелдік мамандардан тұрады, оның ішінде, дипломатиялық дербес құқық иелері де бар, ал жергілікті азаматтық денсаулық сақтау саласы өкілдеріне бұл нысандарға жол жабық».
Ғимарат 9 балдық зілзалаға төтеп береді
Мүмкін, Жандарбек Бекшин осы сипаттағы пікірлерді меңзеген болар:
— Мұнда патогендер әкеледі, бұл жерде шетелдіктер жұмыс істейтін болады, зертхана қала тұрғындарына кері әсер етеді деген әңгімелер айтылған-ды. Бірақ, біздегі жағдай осыған тура қарама қарсы болып отыр. Бұл жерде қазақстандық мамандар жұмыс істеген және жұмыс істейді де, барлық материалдар Қазақстандікі, ал біздің американдық әріптестеріміз тек қаржымен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша көмек көрсетті.
Чарльз Мартин
Журналистермен кездесуге арнайы келген Қазақстандағы АҚШ елшілігінің баспасөз-атташесі Чарльз Мартин де бұл жобадағы АҚШ миссиясы «әлемдік қауіпсіздік» деңгейін көтерумен және Қазақстанды «АҚШ-тың одақтасы және досы», сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруын таратпау үдерісінің көшбасшысы ретінде қолдаумен шектелетінін атап өтті.
— Бұл жерде күзетілетін барлық материалдар, барлық патогендер, олардың барлығы осында, Қазақстан аумағында және олардың көпшілігі осы институттың аумағында.
Қазақстанға АҚШ-тан немесе басқа елдерден ешнәрсе әкелініп жатқан жоқ.
Біздің атқарып жатқан жалғыз ісіміз — осы ғимаратты салуға көмектесу, — деп сендірді Чарльз Мартин.
Тағы бір сарапшы — АҚШ Қорғаныс министрлігінің өкілі Сергей Лужанский — осындай зертханалардың бүкіл АҚШ-тың аумағында жұмыс істеп жатқандығы туралы әңгімеледі. Олар әскери нысандарда да, азаматтық нысандарда да бар. Атап айтсақ, дәл осындай зертхана Пенсильвания университетінде де жұмыс істеп жатыр. Басқа әлемде осындай сипаттағы нысандар өте аз, Алматыдағы референц-зертхана Орталық Азиядағы осындай алғашқы және жалғыз нысан болмақ.
ОРЗ қазақстандық ғалымдарға инфекциялық сипаттағы ең күрделі қауіптерге диагноз қоюға және олардың алдын алуға мүмкіндік береді. Оның үстіне, еліміздің санитарлық бас дәрігерінің айтуынша, қазіргі кезде жаңа инфекциялар пайда болып, ескілері қайта оралуда, сондықтан біз осыған дайын болуымыз керек.
«Елімізге сібір тырысқағы (сибирская язва), яғни топалаң әкелінуі мүмкін, бруцеллез тарауының қауіпі бар. Қазір біз диагноз қою әдістерін жетілдіріп, аймақтағы әріптестерімізді оқытып жатырмыз», — деді Жандарбек Бекшин.