Камшат Сатиева
«Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, елімізде алда әлеуметтік дефолт орын алып, жұмыссыздар қатары айтарлықтай көбейіп, дефляцияға, яғни тауарлардың жаппай арзандауына жол берілуі мүмкін. Мұны кешегі Ұлттық банктің теңгенің долларға шаққандағы дәлізін кеңейтуге қатысты мәлімдемесі бойынша біздің пікір сұрастырған мамандар айтып отыр.
Ұлттық банк теңгенің долларға шаққандағы дәлізін 198 теңге дейін кеңейткені белгілі. Егер бұған дейін теңгенің долларға шаққандағы бағамы 170-180 теңге аралығында болса, енді ол 170-198 теңгеге өзгерді. Ұлттық банк төрағасы осы негізде берген түсініктемесінде елдің экономикалық ахуалы тұрақты, алдағы уақытта доллар қымбаттамайды деген позитивті мәлімдеме жасаған.
Алайда саясаттанушы Уәлихан Төлешов Ұлттық банктің бұл мәлімдемесінің арғы жағынан әлеуметтік дефолт пен дефляцияның басы қылтияды деп санайды.
Уәлихан Төлешов, саясаттанушы:
— Ұлттық банктің валюта дәлізін кеңейтуі доллардың қымбаттайтындығынан хабар береді. Өз кезегінде бұл ел экономикасының ауыр жағдайда екенін, даму өсімі аз болатынын аңғартады. Себебі
бізде сауда-саттық балансы нашарлаған, өйткені Қазақстан тауар аз өндіріп, аз сатады.
Ал экономикамыздың ақша айналымы көбіне доллардан тұрады. Сыртқы сауда-саттық басым бөлігі доллармен есептеліп, елге түсетін табыс та АҚШ ақшасымен келеді. Ғаламдық экономикадағы жағдайлар, әсіресе қос бүйірдегі көрші мемлекеттердегі ахуал жағдайды одан сайын ушықтырып, дефляцияның, әлеуметтік дефолттың қаупін ұлғайтып отыр. Онсыз да жыл басынан бері жасырын түрде жұмыс орындары қысқарып келген. Енді осы жағымсыз процесс одан әрмен күшеюі ықтимал. Өйткені бюджетті үнемдеу ісі әлі жыл аяғына дейін жалғасады деп есептеймін. Бастысы, бұл шикізатты экспорттайтындарды қолдауға бағытталған шара. Халықаралық нарықтағы шикізат тауарлардың бағасы жаппай құлап жатқанда бұл осы секторды игеріп жатқан инвесторлар кетіп қалмасы үшін жасалып жатыр.
Сондай-ақ саясаттанушы девальвация алдыңғысындай бірден орын алмайтынын, доллар ақырындап құнына құн қоса беретінін айтады.
Бір апта бұрын Ресейдің «Ведомости» газетінде Сергей Голунов деген ғалым да Қазақстанда девальвация болуы ықтимал екенін жорамалдап еді. Оның пайымдауынша,
Қазақстан енді ресейлік тауарлар импортын қолдан шектеп көп отыра алмайды. Сондықтан олар ұлттық валютасын девальвациялауға мәжбүр болуы мүмкін деп жазған.
Мұны халықаралық экономика сарапшысы Алғатбек Қыдырбекұлы да растайды.
Алғатбек Қыдырбекұлы, халықаралық экономика сарапшысы:
— Біздің тауарлар Ресейге барғанда, рубльге шаққанда арзанға кетіп жатыр. Сондықтан арадағы келісімшарттарды өзгертіп, оны қайта жасап шығу керек. «Сасқан үйрек артымен жүзеді» демекші, бастапқыда, кеден ашылғанда кәсіпкерлердің көбісі оны қайта жабу керек деп шуласты. Бірақ бұл мүмкін емес нәрсе-тін. Алайда үкіметаралық кездесулер қайта-қайта ұйымдастырылып, кейбір ресейлік тауарлардың импортына шектеу қоя алдық. Онда да уақытша. Ол уақыт біткен соң не болады? Әрине, тағы да шығын. Сондықтан бізге теңгені девальвациялаудан басқа бұл арада амал қалмай тұрған секілді. Осы жағынан алғанда, доллар бағамын өз еркіне жібергенін мен толықтай құптаймын.