Татьяна Шевцова-Валованың ісі бойынша сот үрдісі бір айға кейінге шегерілді, деп хабарлады Алматыдағы Алатау аудандық сотының судьясы Талғат Мақұлов.
Алматының Алатау аудандық сотында күні кеше Facebook әлеуметтік желісінде ұлтаралық араздықты қоздыру ісі бойынша сот отырысы болып өтті. Сот барысында айыпталушы Шевцова-Валова өз кінәсін мойындаған жоқ. Айыпталушының адвокаты берген өтініш бойынша енді компьютерлік-техникалық сараптама тағайындалды. Сол сараптама қорытындысы бойынша, әлеуметтік желідегі арандатушылық және ұлтқа тіл тигізетін жазбалардың қай компьютерден жазылғаны анықталуы тиіс.
— Заң бойынша сараптама жүргізуге бір айлық мерзім беріледі. Бірақ осы іс бойынша сараптама одан ертерек дайын болуы мүмкін. Өйткені бізде де белгілі мерзім бар, істі тым ұзаққа созып отыра алмаймыз. Іс сараптамадан оралғаннан кейін бірден келесі сот үрдісінің өтетін мерзімін жариялаймыз, – деді судья Талғат Мақұлов.
Естеріңізге сала кетсек, Татьяна Шевцова-Валоваға ҚР ескі Қылмыстық кодексі бойынша 164 бабы бойынша, Facebook әлеуметтік желісінде ұлтаралық араздықты қоздырды деген айып тағылуда. Қылмыстық істің қаралуына 11 азаматтан келіп түскен шағым себеп болған еді. Шағымданушылардың арасында танымал қазақстандық блогерлер Шолпан Әли мен Жанна Ильичева бар. Шағымданушылардың айтуынша, Шевцова-Валова өзінің парақшасында ұлтаралық араздықты қоздыратын жазбалар жариялаған. Сонымен қатар, арызданушылар Шевцова-Валованың ендігі өшіріп үлгерген барлық жазбаларын суретке түсіріп, оларды сотқа ұсынып отыр.
Сот үрдісі қаңтардың 12-сі күні басталған. Алғашқы сот айыпталушының адвокаты келмей қалуына байланысты өтпей қалған еді. Келесі сотта іс бойынша куәгер ретінде танылған барлық 11 шағымданушының жауаптары алынды. Айыпталушының өтініші бойынша судья сот үрдісін суретке, бейнетаспаға түсіруге және аудиожазба жүргізуге тиым салған. Егер Шевцова-Валованың кінәсі дәлелденсе, ол 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.