Сонымен, қырғыз автомобильдері Қырғызстан ЕАЭО-ға қосылысымен одақ тауары деген мәртебеге ие бола ма жоқ па? Бұл сұрақ иелігінде «қырғыз тіркеуіндегі» автомобильдері бар барлық қазақстандықтарды толғандырады. Алайда әзірше, оған біржақты жауап жоқ.
Дмитрий Некрасов
– Бірден айтып қояйын: Қырғыз Республикасына қатысты мәселелер талқылауда жатқан келісімдерді қозғайды, сондықтан оларға біржақты жауап беру әлі ерте. Сонымен қатар, негізгі мәселелерді қалыптастыруға болады, – деп хабарлады 365info порталына кедендік заңдылық және құқық қолдану тәжірибесі департаментінің директоры Дмитрий Некрасов.
– Сонда бұл Қырғызстаннан әкелінетін машинаны сертификатсыз, кедендік бажды және салықтарды төлемей, ЕАЭО-ның кез келген елінде тіркеуге қоюға болмайды деген сөз бе? Алғашқы кезеңде қырғыз автомобильдері үшін мүлдем бөлек ережелер қолданыла ма?
– Қырғыз Республикасынан әкелінген автомашинаны, егер ондай автомобильдер ЕАЭО-да белгіленген барлық техникалық нормативтер мен талаптарға сәйкес болса, сондай-ақ, егер оларға қатысты төлемдер ЕАЭО-да қолданылатын ставкаларға сәйкес төленсе, ЕАЭО-ға мүше кез келген мемлекетте тіркеуге қоюға болады.
–ЕАЭО-ға жақында ғана Армения Республикасы қосылды. Бұл мәселенің армян автомобильдеріне қатысты қалай шешілгенін айтыңызшы? Армениядан жеткізілген автомобильге техникалық төлқұжатты қалай алуға болады?
– Арменияның ЕАЭО-ға қосылуы туралы Келісімге сәйкес, егер кедендік баж Бірыңғай тарифтерден ерекшеленетін ставкалар бойынша төленсе, автомобильдер шетелдік болып саналады. Мұндай автомобильдерді тек айырмашылық төленгеннен кейін, немесе 2024 жылы тіркеуге қойып, көлік құралының төлқұжатын алуға болады. Өздеріңіз көріп отырғандай, Армениядан әкелінген автомобильдер де осындай жағдайға ұрынған.
– Одаққа кірген жаңа мүше-мемлекеттер үшін автомобильдер әкелуде және оларды кедендік рәсімдеуде қазір ЕАЭО шеңберінде қандай негізгі ережелер жұмыс істейді? Кедендік аумақ ішінде автомобильдерді бір елден бір елге, мәселен, Армениядан Казақстанға басқару тетігі оң жақта орналасқан және экологиялық санаты Еуро-4-тен төмендерін әкелуге бола ма?
– Бірыңғай кедендік аумаққа автомобильді кіргізу және кедендік рәсімдеуден өткізу үшін оны декларациялау, тарифтік емес және техникалық реттеуді сақтау (керек болса, олар туралы құжаттарды немесе ақпаратты ұсыну қажет), тиісті төлемдерді өтеу қажет. Бірыңғай кедендік аумақта тауар айналымының жалпы ережелеріне сәйкес, ортақ ереже бойынша әкелінген, немесе осы аумақта өндірілген тауарлар еркін айналымда болады. Армения Республикасы үшін Кедендік одақтың «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті міндетті талаптарды қолданудың 2020 жылға дейінгі өтпелі кезеңін белгілеген, ал экологиялық санат және «оң жақтағы басқару тетігі» солардың қатарына жатады. Егер автомобиль міндетті талаптарға сәйкес болмаса, оны есепке алмайды және көлік құралының төлқұжатын бермейді. Ондай автомобильдер тек Армения Республикасының аумағында еркін айналымда болады.