Ресей мен Батыстың экономикалық текетіресі көп нәрсеге көзімізді ашты. Біз кенет ресейліктер сияқты ауыл шаруашылығын көтеруге мүмкіндігіміз бар екенін түсіндік. Бірақ оны алдымен осылай құрту қажет пе еді? Енді сәті түскен мүмкіндікті пайдалана аламыз ба?
Бүгін Қазақ КСР-інен қалған мұраны осылай құрту үшін біраз тер төгу керек еді деген әңгімелер жиі айтылуда. Өйткені қуатты экономикалық әлеует өз бетімен мұндай күйреуге ұшырамас еді.
Өздеріңіз ойлап қараңызшы. Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақ КСР-і еліміздегі ең қуатты тыл өңірі болатын. Жау оккупациялаған аумақтан біздің республикаға 150 ірі зауыттар мен фабрикалар эвакуацияланды. А соғыстан кейін тағы да біраз өндірістік кәсіпорындар салынды. Міне, осының барлығы Ұлы және Құдыретті мемлекетіміз күйрегеннен кейінгі қысқа мерзімде көзден ғайып болды. Қазіргі қолда барды саусақпен санауға болады.
Ауыл шаруашылығы да осындай күйге ұшырады. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, мал шаруашылығы да, диқаншылық та тез арада құлдырап кетті. Егер 1990 жылы республикадағы жалпы мал басының саны 50 миллион басқа сәл жетпесе, бүгін ҚР Статистика жөніндегі агенттігінің мәліметтері бойынша ол 24 миллионға да жетпейді. Көптеген мамандар, тіпті, осы цифрдің шынайылығына күмән келтіреді. Атап айтарлығы, асыл тұқымды мал басы мүлдем жойылды десе де болады.
1991 жылдан бастап ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші мемлекет қолдауынан айырылды, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен ұқсату өндірісі және өнімді сату саласы арасындағы байланыстар ажырады. Ауыл тоқырап, күйреуге ұшырады. Кезінде «миллионер» атанған ұжымшарлар мен кеңшарлар әп-сәтте жоқ болып, халық қалаға қарай ағыла бастады. Ауылда қалған аз ғана шаруалар батыстан келген жаңа, сәнді сөзге сәйкес «фермер» атанды. Бірақ одан қазы-қарта көбейе қойған жоқ. Керісінше, олардың саны күрт азайып, бағасы шарықтап кетті.
Кеңес кезеңін басынан өткергендердің есінде болар, сексенінші жылдарда әр күзде студенттер мен мектеп оқушыларын ауыл шаруашылық жұмыстарына тартатын. Өйткені өсірілген мол өнімді жинауға кеңшарлар мен ұжымшарлардың шамасы жетпейтін. Ол кезде көкөніс алқаптары мен алма бақтары қалаларға жақындай түскен еді. Қазір олардың орнын жаңа кезеңдегі өмірге басқаларға қарағанда, тез бейімделіп, өз орнын тез таба білген түрлі пысықайлардың хан сарайындай үйлері басқан.
Дегенмен, сары уайымға салынғанымыз жетер. Тоқсаныншы жылдары қазақтың сайын даласына шетелдік арзан және төмен сапалы көкөніс, жеміс-жидек және ет-сүт өнімдерінің легі қаптап кетті. Төмен сапалы дейтініміз, жақсы зат ешуақытта арзан болмайды. Ал шетелдік азық-түлік көлік шығындарына, кедендік баж салығына және басқа шығындарға қарамастан, арзан болып, жергілікті өнімдерді нарықтан ығыстыра бастады.
Ал бүгін келіп, бұрын болмаған аурулардың пайда болғанына, онкологияның «жасарып» кеткеніне, неліктен әрбір екінші адамның ағза тітіркенуінен зардап шегетініне таң қаламыз. Бізді мақсаткерлікпен уландырып жатыр деп айта алмаймын, бірақ болар іс болды.
Сөйтіп, бүкіл ТМД аумағындағы өндірістік және ауылшарушылықтық әлеует екпінді құлдырауға ұшырады. Десек те, аграрлық саладағы қолда бар мүмкіндіктерімізді дұрыс пайдаланғанымызда, біз ауыл шаруашылығы өнімімен тек бұрынға КСРО-ны ғана емес, сондай-ақ әлемнің көптеген елдерін қамтамасыз етуші едік. Оның орнына, біз аяқ астынан ауыл шаруашылығын жүргізе алмайтын болып, бүкіл аграрлық өнімдерді шетелдерден сатып ала бастадық.
Егер бір кезеңде кеңестік ұжымшарлар мен кеңшарлар Никита Сергеич Хрущевтың түрлі эксперименттерге деген желөкпесінен зардап шексе, тоқсаныншы жылдар мен ғасырымыздың басында біздің шаруаларымыз ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру мақсатында біздің өңірге түрлі халықаралық бағдарламалардың шеңберінде келген шетелдік ақылгөйлердің кеңестерінен көз аша алмайтын күйге ұшырады. Ауыл шаруашылығы мамандарынң пікірі бойынша, біздің ауыл шаруашылығының пайдасы жоқ, түрлі эксперименттер мен сынақтарға ұшырауы – жоғары кабинеттерде отыратын шолақ етек шенеуніктеріміздің шетелдік кеңесшілердің кеңесіне еріп, өз жерінде күнделікті тер төгіп жүрген жергілікті мамандардарға сенімсіздік білдіруінің салдары. Олар өзіміздің мамандардың сөзіне құлақ аспайды, ал шетелдік ақылгөйлердің кеңесін сүрініп-қабынып, көз ілеспес жылдамдықпен жүзеге асырады. Бірақ олардың сынақтары ешқандай нәтиже бермеді. Осы орайда, сол ақылгөйлерге не үшін қажетпіз: өнімді өткізу нарығы ретінде ме, әлде бәсекелес ретінде ме?
Бүгінгі қалыптасқан геосаяси жағдайда кейбір отандық сарапшылар «түстен кейін маңыраған қой» сияқты көрші елде орын алған ахуалға қарап, елімізге төнген қауіпті енді ғана көргендей. Сөйтіп, олар бізді керек кезінде санкциялар қосу арқылы «орнымызға қою» үшін әдейі импортық тауарларға, атап айтарлығы, барлық жағынан, бейімдегенін қазір ғана түсінгендей. Басқаша айтқанда, біз азық-түліктік қауіпсіздігіміздің тамырына балта шаптық.
Жақында жоғары мінберден «біз қазір бұрнағы кезеңдегідей, ауыл шаруашылығы өнімдері молшылығының көзі болу мүмкіндігіне ие болдық», деген тарихи сөздер айтылды. Алайда еліміздің әлі құртып бітпеген ауыл шаруашылығын қалпына келтіру үшін уақыт және қаражат керек. Дүкен сөрелеріндегі шетелдік тауарларды отандық азық-түлікпен алмастыру біраз уақытты талап етеді. Ал малшыларымыз бен диқандарымызға көмек бүгін қажет. Керісінше болған жағдайда, барлық индустриалдық-инновациалық бағдарламалардың жүзеге асуы күмәнды болмақ.
Бүгінгі таңда ондаған жылдар бойы мақсатты түрде құртылып келген ауыл шаруашылығында қордаланып, шешімін таппаған қиындықтар бастан асады. Осы орайда, атап айтарлығы, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне көрсетілетін мемлекет қолдауының қазіргі деңгейі айтар ауызға ұят. Оны еуропалық орташа деңгеймен салыстыруға мүлдем келмейді. Көп ретте бөлінген қаржы ауылға жетпестен көзден ғайып болады. Сондықтан олардың жаңа техника сатып алуына, өндірістің жаңа технологиялары мен шаруашылық жүргізудің жаңа әдістерін игеруіне қаржы жоқ шығар. Міне, осыдан «біздің ауылдың өнімі бәселекелестікке неге қабілетсіз, неге өткен жылдарда импорт үлесі үнемі артып, экспорт үлесі құлдырап кетті», деген сұрақтарға жауап шығады. Десекте, қазіргі кезеңде экспорт туралы айтудың өзі артық. Алдымен импортты алмастырсақ та, тақиямызға тар келмес.
— Біздің ауданда ауылдардың 16 пайызы жойылып кетті, – дейді «Нұржұманагросервис» шаруа қожалығының басшысы Нұржұман Ұтаев. – 20 пайызға жуығы жартылай бұзылған қалпында, өлместің қамында күн көріп жатыр. Атап айтарлығы, ауылдағы жер диқаншылықпен де, мал шаруашылығымен де айналысқанға толық жарамды. Жастар қалаға кетуде, сол жақта күзетші болып жұмыс істейді, базарда сауда жасайды, кейде қылмыстық жолға түседі. Әйтеуір ауылға қайтпаудың амалын жасайды. Өйткені мұнда күнкөріс көзі — жұмыс жоқ. Ауыл шаруашылығы бизнесі тәуекелі мол, тиімділігі төмен кеәсіп. Сондықтан мемлекет қолдауынсыз өте күрделі.
Нұржұман Ұтаевтың пікірі бойынша, мемлекет қолдауының болмауынан бөлек басқа «тосқауыл да» жоқ емес.
— Біз қазір қалт-құлт күн көріп отырмыз, ДСҰ-ға кіргеннен кейін импорт бізге мүлдем бас көтертпейді, – дейді ол. – Егер импортты елеулі түрде шектемесе, бізге шетелдік жеткізушілермен бәсекеге түсу қиындай түседі, өйткені оларды өз мемлекеттері экспортқа дотация бөлу арқылы қолдап отыр. Ондай дүние «үш ұйықтасақ та, біздің түсімізге кірмейді».
Қазір Қазақстанға тек ауыл шаруашылығын қалпына келтіру мүмкіндігі ғана беріліп отырған жоқ, сонымен қатар оның деңгейін халық жетістіктерді шынайы мақтан тұтқан кезеңді қалпына келтіру жүктеліп отыр. Бірақ аграрлық секторды жандандыру оны жылдар бойы құлдыратқан шенеуніктерге тапсыру мүмкіндігі қынжылтады. Олай болған жағдайда, біз сәті түскен мүмкіндікті пайдалана аламыз ба?
Ешқандай мүмкіндік жоқ
Жоқ, ештеңе шықпайды
Әрине, бірақ ол үшін тер төгу қажет!
Әлбетте — иә!