Алматы полициясы масаң күйде екі жаяу жүргіншіні қағып кеткен жүргізушіні құрықтауға көмек көрсеткен Тахмина Шахимардонованы марапаттады.Марапаттау салтанаты Алматы қаласы ішкі істер департаментінде жеке құрамның қатысуымен өтті.
20-маусымда масаң күйдегі жүргізуші Жансүгүров және Жұмабаев көшелерінің қиылысында екіқабат әйел мен оның 3-жасар ұлын қағып кеткен еді. Оқыс жағдайдан кейін жүргізуші автомобилімен оқиға орнынан ізін суытпақшы болады. Сол маңайдан өз автомобилімен өтіп бара жатқан Тахмина болғанды өз көзімен көреді. Өжет бойжеткен құқық бұзушыны өз машинасымен қуып жетіп, тоқтауға мәжбүрлейді. Сөйтсек, жүргізуші Алматы облысының Ұйғыр ауданы бойынша салық басқармасының басшысы Бақыт Құрмашев екен.
Ержүрек бойжеткенге басшылық, Ардагерлер кеңесі, бүкіл Алматы полициясы гарнизонының атынан Алғыс хат, гүл шоқтары және бағалы сыйлық тапсырылды.
«Тахмина Шахимардонованың табанды және батыл әрекеттерінің нәтижесінде жол апатына кінәлі жүргізуші дер кезінде құрықталды. Осы орайда, біз Тахминаның рөлін ерекше атап өткіміз келеді. Жаяу жүргіншілерді қағып кеткенді көрген бойжеткен батылдық танытып, кінәліні өз автомашинасымен қуып жетіп, оның жолына тосқауыл қойып, оқиға орнынан ізін суытуға мүмкіндік бермеген. Одан кейін ол «102» қызметіне телефон шалып, болған жәйді жеткізген. Азаматтық белсенділік пен саналылықтың осындай фактілері баршаға үлгі болуға тиіс. Олар түрлі қылмыстар мен құқық бұзушылықтарға бітіспестік көзқарастың жарқын мысалы ісетті. Тергеудің алғашқы сағаттарында жүргізушінің көлік құралын масаң күйде жүргізгені анықталды, ендеше, ол жол қозғалысының басқа қатысушыларына елеулі қауіп төндірген», – деді құттықтау сөзінде Алматы қаласы ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ізбасар Бектұров.
Өз кезегіндеғ, Тахмина Шахимардонова сол сәтте басқа біреуді қауіпті жағдайда қалдырып, басқа біреудің қайғысына көз жұмуға жол бермейтін жалпы адамгершілік және моральдық принциптерді басшылыққа алғанын атап өтті. Марапат иесі ондай қоғамға жат, құқыққа қарсы әрекет орын алған жағдайда кез келген парасатты адам дәл солай қимылдайтынына сенімділік білдірді.
— Мен өз әрекеттеріме осындай шынайы баға беріп, марапат көрсетіп отырған Алматы қаласының полициясына алғысымды білдіремін. Бұл мені бұдан да жоғары жетістіктерге жетуге ынталандырады. Сондай-ақ мен осындай қиын жағдайға ұшыраған адамдарға жанашырлық білдіріп, қолдау көрсеткен көпшілікке алғыс айтамын. Мен зардап шегушілермен тығыз байланыстамын. Әйел мен баланың жағдайы жақсы, олар жазылып келеді, – дейді Тахмина Шахимардонова.