Қазір елімізде шамамен 300 мың бала балалар үйіне түсудің алдында тұр екен. Баласынан бас тартатындар мен жағдайы жаман отбасылармен жұмыс істейтін, балалардың өз үйіне бақытты болуын қамтитын жүйе жоқ. Оның орнына мемлекет бұл мәселенің салдарымен ғана күресіп келеді: балалар үйін қаржыландырады. Шындығында бұл мәселені шешудің өзге жолдары бар.
Алдымыздан мынадай деректер шығады: мемлекет балаларды балар үйінде асыру үшін қыруар қаражат бөледі, бірақ толық емес, көпбалалы, тағдыры қиын отбасыларға мүлдем көмектеспейді.
Балалар үйінде бір баланы асырауға бюджеттен 180 000 теңге бөлінеді.
Патронаттық қамқорлықтағы балаларға небәрі 30 000 – 40 000 теңге бөлінеді.
Туған-туысқандарының қолына берілген балалар үшін 18 000 теңге бөлінеді.
Қоғам өкілдерінің айтуынша, мәселеге деген мұндай мемлекеттік көзқарас – мәселенің мәнін түсінбеуден туындаған. Бала асырап алуға үгіттейтін жарнамалар жақсы әрине, бірақ ең алдымен отбасын сақтап қалуға, адамдарды отбасын бұзбауға ынталандыратын тетіктер болса – өз ата-анасына керексіз балалар да болмас еді.
Ресми статистика бойынша, 30 000 бала ата-анасы тірі болса да жетімек атанудың алдына жүр. Бұл жағдайы төмен отбасында өсіп келе жатқан балалар. Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі балалардың саны 140 мыңнан асады. Бұл балалардан да ата-анасы бас тартуы әбден мүмкін. Тағы 130 мың бала көпбалалы отбасыларда тұрады. Нәтижесінде тәуекелі жоғары деген қауіпті топта 300 000 бала бар. Бұл балалар балалар үйінің табалдырығынан аттағалы тұр. Кішкене қиындық, не дағдарыс туа қалса, ол балалардан ата-аналары бас тартуы мүмкін.
— Әрине, қалай дегенде де, бала үшін өзінің үйінен артық жер жоқ, – дейді «Отбасы Академиясы» Дамыту орталығының жетекшісі Шолпан Байболова. – Әлемдегі өркениетті елдердің барлығы басқа жүйемен өмір сүруде, оларда баланың балалар үйінде тұруы – балаға қарсы жасалған ауыр қастандық деп қаралады. Қазақстан халықаралық конвенцияға қосылса да, Неке мен отбасы туралы кодекске қол қойса да, интернаттық тәрбиеге емес, отбасылық тәрбиеге басымдық берсе де, бұл жайтқа ешкім назар аударып отырған жоқ.
— Бірақ ата-аналар да әртүрлі болады ғой. Ол балалардың көпшілігінің ата-анасы да балалар үйінен шыққандар, тұрмыстарын да тәуір деуге келмейді…
– Бізде балалардың өз әке-шешесіне керексіз болып қалуының алдын алатын жүйе жоқ, – деп түсіндіреді Шолпан. – Ата-аналардың өздері сенімсіз адамдар дегенмен келіспеймін. Балалар үйіне тек маскүнемдер мен нашақорлардың балалары ғана келеді деуге болмайды. Ерлі-зайыптылар неге ажырасып, бала неге интернатқа тап болды? Шындығында әртүрлі жағдайлар болады. Балалар үйіне тек маскүнемдер мен нашақорлардың балалары ғана түспейді. Тіпті солай болған күннің өзінде де баланың кінәсі қанша? Ол неге балалар үйінде тұруы керек? Ондай балаға қамқорлық жасаудың басқа жолдары да бар. Патронат пен асыраушылардың қамқорлығы бар. Тіпті асырап алған ата-анасымен 10 балаға дейін тұратын отбасылық үйлер де бар. Балалар ондай үйлерде өздерін өте жақсы сезінеді. Қалай дегенде де кез-келген балаға ерекше, өзінше, бөлек қамқорлық керек. Ата-ананың мейірімін ешқандай интернат, ешқандай балалар үйі алмастыра алмайды. Ал отбасында өзіне деген мейірімді сезінген бала жақсы дамиды. Балалар үйінде ондай мейірім тапшы.
— Бұл жағдайдан қалай шығуға болады?
— Біздің «Бала отбасында тұруы керек» атты қозғалысымыз осы мәселенің шешімдерін қарастыруда. Алдын алу жүйесін дамытуымыз керек. Өмірлік жол мен жағдайы қиын отбасыларға бағытталған арнайы әлеуметтік жүйе керек. Арнайы әлеуметтік-психологиялық қызметтер ондай отбасыларға көмек көрсетуі тиіс. Көп жағдайда ондай отбасыларды оңалтып, баланы қайтадан үйіне қайтаруға болады, бұл ең бірінші мақсат болуы тиіс. Егер өз ата-анасына қайтару мүмкін болмаса асырап алатын отбасылар жағын қарастыру керек. Бұл өте қарапайым тетік, әлеуметтік саясаты жақсы дамыған елдердің барлығында осындай жүйе жұмыс істейді. Ондай нәрсе бізде енгізілсе, артық болмас еді.
2014 жылдың маусым айындағы жағдайға сәйкес, Қазақстанда тіркелген жетім балалар:
Балалар үйлерінде – 11 000
Патронатта – 2000
Туысқандарының қамқорлығында – 22 000.
Кей балалардың әке-шешесі тірі, бірақ қарайласа алмайды. Мысалы, түрмеде отыр. Ондай балалар асырап алуға берілмейді, тек уақытша қамқорлыққа беріледі, әрі оларды ешкім қаржыландырмайды. Мемлекет ондай балалар мен оның туысқандарына көмек бермейді. Сондықтан туысқандары үшін ондай баланы асырағаннан гөрі балалар үйіне тапсыра салған тиімдірек. Сарапшылардың пікірінше, мемлекет мұндай алдын алу жүйесімен айналыспайынша, қараусыз қалған балалар саны азаймайды.