Қостанай облысының Жітіқара аудандық сотында 1960 жылы туған күдіктіге қатысты қылмыстық іс қаралуда. Оған туған анасын өлтірді деген айып тағылып отыр.
Облыстық сот өкілінің мәлімдеуінше, айыпталушы ұзақ уақыт бойы ішімдікті қойып кеткен. Дәл сол қылмыс болатын күні облыс орталығына еңбекақысын алуға барып, үйіне мас болып оралған. Баласының оғаш қылығын көптен бері көрмеген анасы амалсыз дауыс көтереді. Әрі ешбір ақшасыз келген ұлынан еңбекақысын қайда жұмсағанын түсіндіруін талап етеді. Ал, өз анасының ұрысқанын шам көрген еңгезердей жігіт оны тепкінің астына алады. Өз баласының ауыр соқыларынан анасы сол жерде көз жұмады. Түн ортасында оқиға болған жерге шақырту бойынша жеткен тәртіп сақшылары күдіктінің ізіне түсіп, ішімдік ішіп отырған жерінен тұтқындайды.
Қазір анасын өлтіргені үшін қамауға алынған күдікті өз кінәсін толық мойындап отыр. Енді ол 5-10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.