Екібастұзда тәртіп сақшылары Социалистік Еңбек Ері, Павлодар облысы мен Екібастұз қаласының құрметті азаматы Станислав Куржейді өлтірген қаскүнемдерді қылмыстың «ізін суытпай» құрықтады, — деп хабарлайды Павлодар облысы ішкі істер департаментінің (ІІД) баспасөз қызметі.
«Кеше Станислав Павлович 90-жылдық мерейтойын атап өтіпті. Соңғы қонақтар кешкі сағат 22-лер шамасында қайтқан көрінеді. Ал таңертең сағат 9.30-да келген күтуші әйел еңбек ерінің мәйітін тапқан», — дейді ІІД-і Баспасөз қызметінің жетекшісі Баян Мағзұмова.
Екібастұз қаласының 90-жастағы тұрғынын өлтіру фактісі бойынша оқиға орнына арнайы жедел тергеу тобы жетіп, қылмыс орнын мұқият зерттеп қарияның пышақ жарақатынан мерт болғанын анықтады. Аталмыш факті бойынша бүгін, 13-маусымда кісі өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Алдын-ала тексеру барысында үйдің ауласынан қаза болған кеншінің баласына тиесілі Honda автомашинасының ұрланғаны анықталып, Павлодар облысы бойынша «Құрық» іздестіру операциясы жарияланды және ішкі істер бөлімшелеріне тиісті бағдарлар таратылды.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде «Екібастұз-Павлодар» автожолындағы көліктерді тексеру кезінде ұрланған автомашина мен осы қылмысты жасады деген күдікпен Екібастұз қаласының 24 жастағы үш тұрғыны құрықталды.
«Жауап алу барысында күдіктілердің бірі қылмыс жасағанын мойындап, одан айғақ заттар — қарияның сағаты мен ақша тәркіленді. Енді тәртіп сақшылары қалған екі күдіктінің қылмысқа қатысын тексеріп жатыр», — деді әңгімесін аяқтаған баспасөз қызметінің жетекшісі.