Қостанай облысы Аманкелді аудандық сотына ҚР ҚК 325 бабының 3 бөлімі бойынша жалған құжат пайдаланды деп айыпталған азаматқа қатысты қылмыстық іс келіп түсті, деп хабарлайды munara.kz.
Облыстық соттың баспасөз өкілі мәлімдегендей, аталмыш аудандағы мектепте жұмыс істеген азамат жоғары жалақы алу мақсатында 2005 жылдың 5 маусымында Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтынан жалған диплом сатып алған. Осы құжаттың арқасында ол 2013 жылдың шілде айына дейін жоғары жалақы алып келген. «Мұғалімнің» жымысқы әрекеті аудандағы бір ауылға әкім ретінде сайлауға түспекші болғанда әшкереленді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы тексерісі барысында жалған дипломды ұстаздың сырын ашып берді.
Енді, әкім болам деп жүріп айыпталушыға айналған азамат бұл қылығы үшін 100-ден 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, не еңбекақысының көлемінде немесе 1 айдан 5 айға дейінгі кезеңдегі өзге де кіріс табысынан айыппұл төлейтін болады, болмаса 180-нен 240 сағат аралығында қоғамдық жұмысқа, не 1 жылға түзету жұмыстарына тартылуы немесе 6 айға қамауға алынуы мүмкін.