Қазақстанның Коммунистік халықтық партиясы Мәжіліс депутаттығына үміткерлердің партиялық тізімін бекітті – партия атынан 22 үміткер додаға түспек.
Халықтық коммунистер Нұрсұлтан Назарбаевтың басшы лауазымдарға жастарды тарту жөніндегі үндеуіне де құлақ аспады. Партия серкесі Владислав Косарев ақсақал (79 жаста) болғанына қарамастан депутаттық мандаттан дәмелі болып отыр. Әрине, еліміздің Конституциясында «Мәжіліс депутаттығына қарт адамдар түспесесін» деп жазылмаған. Бірақ Мәжілісті қарттар үйіне айналдырудың қаншалықты қажеті бар?
Әлде әлемдік пролетариат көсемінің ізбасарлары кеңес дәуіріндегі бас хатшылардың ізімен жүрмекші ме — Брежневті, Андроповты, Черненконы соңғы сапарға қызметтік кабинеттерден шығарып салмап па едік.
Белгілі саясаттанушы Ерлан Сайыровтың пікірі бойынша, Владислав Косаревтың депутаттық мандат үшін додаға түсуі коммунистік идеяның ескіріп бара жатқанын көрсетеді.
– 80 жасқа келген Владислав Косаревтың депутат болу үшін күреске түсуі — коммунистік идеяның ескіріп бара жатқанының дәлелі. Жалпы, бұл Қазақстан қоғамына емес, коммунистік партияға тән дүние. Өйткені жыл өткен сайын коммунистік идея өзексізденіп бара жатыр. Қазір аталған идеяны жастар түгілі, орта буын да қолдамайды, – дейді Ерлан Сайыров.
Сондай-ақ ҚКХП ұсынған 22 кандидаттың ішінде V шақырылымдағы Парламент Мəжілісінің депутаты болған 6 азаматтың аты-жөні жүр. Мәселен, В. Косарев, Ж. Ахметбеков, А. Қоңыров, Т. Өмірзақов, Б. Сорокин, Г. Баймаханованың қайтадан депутат болуға ниеті бар екен. Тек Төлеш Кенжин экс-депутат деген атты арқалап, жылы орнымен қош айтысты. Демек, Қазақстан коммунистік халықтық партиясы жаңа Парламентке ескі құраммен баруға бел байлап отыр.
– Бұл тағы да коммунисттік идеяның елімізде қолдау таппай отырғанының дәлелі. Партия басшылары қанша жерден жаңа адамдарды өз қатарларына тартқысы келсе де, олардың қолынан келер шара жоқ. Өйткені, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар коммунистік партияның атынан сайлауға түсуге құлық танытпай отыр. Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде әсіресолшыл бағыт ұстанатын топ бар. Қазіргі таңда осы әсіре топтың әлеуметтік базасы күн өткен сайын азайып, әлсіреп бара жатыр, – дейді ойын түйіндеген Ерлан Сайыров.
Партия ұсынған 22 азаматтың тек 6-7 ғана көпшілікке танымал азаматтар болып шықты, қалғандары беймәлім жандар. Коммунистер арасындағы ең танымал үміткер ҚХКП Орталық комитетінің хатшысы Тұрғын Сыздық — ол 2015 жылы өткен кезектен тыс президент сайлауында партия атынан дауысқа түскен болатын.
Бұл жолы Тұрғын Сыздықовтың жолы болатын сияқты. Алайда, оның депутат болу, болмауынан қандай пайда бар?
Қазір Тұрғын Сыздықовты елдегі өзекті мәселелер емес, батыс мәдениеті мен фастфудын танымал ету көбірек толғандыратын сияқты.