Қазақстанда бағаны доллармен көрсетуге тыйым салынған — теңгемен жұмыс істеу керек. Алайда кеден бұл ережені пысқырмайды – кедендік мөлшерлемелер бұрынғыдай еуромен алынуда.
Бағаны валютамен көрсету, ал есеп айырысуды келісім жасалатын күнгі теңге бағамымен жасау — ежелгі және ыңғайлы дәстүр. Ол экономикалық тұрақсыздық кезіндегі валюталық тәуекелдерді көрсетеді. Алайда уақыт өзгереді. Ұлттық банкте бағаны валютаға байлауға болмайды дейді. Енді тауар бағасын доллармен немесе теңгемен қойғандар оны теңгемен жазып көрсетуде.
Дегенмен халық барлық баға көрсеткіштерін өзгертіп жатса, мемлекеттік органдар отандық валютаға сенім артуға асығар емес.
«Әлбетте, экономиканың долларлану ауқымын қысқартуға бағытталған мұндай бастама көпшілік тарапынан мақұлданып, қолдауға ие болуда, бірақ мемлекет бұл үрдісті өзінен бастаса, дұрыс болар еді, – деп жазады қазақстандықтар экономикалық форумдарда, – мәселен, кедендік мөлшерлемелерді еуродан босатса».
Көрсетілетін қызметтерге кедендік бағалардың еуромен қойылатыны жаңалық емес. Бұл мәселе ҚР үкіметінің 2011 жылғы 21-қаңтардағы №24 «Кеден органдары алатын кедендік алымдардың мөлшерлемелерін бекіту туралы» қаулысымен реттеледі. Осы құжатқа сәйкес, тауарларды мағлұмдау үшін кедендік алымдар негізгі парақ үшін 60 еуроны құраса, әр қосымша парақ үшін 25 еуродан қосылады. Атап айтарлығы, кеден қызметі үшін есеп айырысу соңғы уақытқа дейін тек теңгемен жүзеге асырылатын және барлық тараптарға қолайлы болатын. Наразылық білдірушілер
теңге девальвацияға ұшырап, кедендік қызмет құнының бағасы екі есе шарықтаған кезде пайда болды
– Егер 2014 жылғы ақпанда жүкті 200 шақырымнан алыс қашықтыққа ілеспе күзету 26 976 теңге тұрса, қазір, 2016 жылғы ақпанда ол 52 202,24 теңгеге көтерілген, ал баға бұрынғы деңгейде қалған – 128 еуро.
Атап айтарлығы, кеденшілер қызметінде валюталық құрама жоқ, ендеше, мемлекет мөлшерлемені неге шет ел валютасымен есептейді? – дейді таңданыс танытқан кедендік брокерлер
Қазақстанда кедендік мөлшерлемелерді анықтау кезінде оларды еуроға байлаудан бас тарту жоспарланып отыр ма? Бұл сұрақ бірден үш мемлекеттік ведомстволарды тығырыққа тіреді.
Мемлекеттік кірістер комитетіндегілер, олардың құзыретіне жатпайтынын хабарлап, Ұлттық экономика министрлігіне жолдады. Ол жақтығылар, өз кезегінде, Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің шешіміне сәйкес ЕАЭО-ның Бірыңғай кедендік тарифтің не еуродағы, не АҚШ долларындағы пайызбен есептелетініне қарамастан, Қазақстанда кедендік салықтар кедендік құнның пайызымен көрсетілетінін хабарлады.
– Ал кедендік мөлшерлемелермен Қаржы министрлігі айналысады, – деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіндегілер.
Қаржы министрлігі, өз кезегінде, бағаны еуромен көрсету ыңғайлы тәжірибе деп түсіндірді:
– Егер кедендік мөлшерлемелер теңгемен көрсетілсе, онда тариф сағат сайын өзгеретін болады, бұл ыңғайсыз…
— Сіз теңгенің нарықта қалай құбылып жатқанын көріп отырсыз ғой, – деп мәлімдеді «365infoға» Қаржы министрлігінің өкілі. – Сондықтан оны еуромен белгіледік.
– Алайда, екінші жағынан, бұл бизнесмендерге ыңғайсыз ғой, олар оны қайта есептеуге мәжбүр.
– Мүмкін, мөлшерлемелер бүкіл Еуразиялық одақ аумағында қолданылатын бірыңғай кедендік ережелер бойынша шетел валютасымен көрсетілетін шығар. Ал мемлекетаралық келісімдер біздің отандық заңдардан жоғары тұрады. Десек те, бұл мәселе Ұлттық экономика министрлігінің немесе Еуразиялық экономикалық комиссияның құзыретіне жатады, соларға хабараласыңыздар.
Бұған біздің қосарымыз, Drom.ru ресейлік танымал форумында «Кедендік баж неге еуромен белгіленген?» тақырыбы 2011 жылдан бүгінгі күнге дейін талқылануда. Бірақ реселіктер бұл сұраққа әлі күнге дейін ақылға қонымды жауап алған жоқ…
Орысшадан аударған Қайрат Матреков