Қазкоммерцбанк туралы жалған ақпарат таратқан мақалаларға тапсырыс беруші қазақстандық бизнесмен Тайыр Қалдыбаев болып шықты.
Бұл туралы баспасөз мәслихатында осы іс бойынша күдікті болған қазақстандық журналистер Махамбет Әуезов пен Рафаэль Балғин мәлімдеді. Балғин, тіпті, бірнеше апта тергеу абақтысында отырып, тек кеше ғана бостандыққа шығыпты.
Оның айтуынша, «Республика» сайтының басшылығына шығып, оларға тапсырыспен мақала жариялауды ұсынуды өзінің досы Махамбет Әуезов өтініпті.
— Мен «Республика» сайтының басшылығымен, атап айтқанда, қазір шетелде тұрып жатқан Ирина Петрушовамен байланысқа шығып, оған бірнеше тапсырысты мақалалар жариялап, пайда табуды ұсындым, — дейді ағынан жарылған Рафаэль Балғин. — Мені мақалалардың мазмұны және ақпарат көзінің сенімділігі толғандырған емес. Тапсырыс беруші қомақты қаржы төледі, сондықтан біз сенімді ақпарат жинауды және шынайлықты қамтамасыз етуді ойлаған жоқпыз. Бұл таза коммерциялық жоба болған еді. Петрушова менен келісімнің сипатын білетін, сондықтан ол өз міндетін атқарып, мақалаларды жариялап отырды, тек кейде авторлық түзетулер енгіді. Егер тапсырыс беруші мақалаларды басқа басылымдарға жариялауды өтінсе, оған қосымша ақы төленіп отырды. Мен тапсырыстың бағасын Махамбет Әуезовке жеткізіп отырдым, ол тапсырыс берушіден ақша алатын, ал мен оны редакцияға жеткіздім.
Балғиннің сөзін Махамбет Әуезовтің өзі де растады. Сонымен қатар ол қазір тергеу мерзіміне тергеу абақтысына тоғытылған тапсырыс берушінің атын атады.
— Ол белгісіз, бірақ өте дәулетті адам. Менің білуімше, Тайыр Калдыбаевтың бизнесі жылжымайтын мүлікпен және кен орындарымен байланысты. Ол бұрын Қазкоммерцбанктің басшылығымен келіспей қалыпты, сондықтан оның әрекетін жеке реніш деуге болады, — дейді жағдайды түсіндірген Махамбет Әуезов.
Оның айтуынша, бұл іске қатысы бар журналистердің ішінде қазіргі кезде Гузяль Байдалинова тергеу абақтысында отыр, жақын арада журналист Юлия Козловаға қатысты тұлтартпау шарасы өзгертілмекші. Осыған байланысты баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылар өздерінің әрекеттерін түсіндіріп, банк басшылығынан кешірім сұрап, текетірес ортасында қалған журналистерді қудалауды тоқтатуды өтіну туралы шешім қабылдапты.
— Мен барлық, әсіресе, әлі бостандыққа шықпаған журналистердің атынан өтініш білдірейін деп едім. Біз банктен кешірім өтініп, осы қаржы институтын өздері бағдарға алып отырған Батыс стандарттарын басшылыққа алып, гуманизм танытуды, олиграхтар текетіресінің құрбаны болған журналистерді, әсіресе, әйелдерді босатып, отбасына, балаларына жіберуді өтінеміз. Ал біз өз кезегімізде, жарияланған материалдардың дәлелдемелері жоқ екенін және біз оны ешқашан талап етпегенімізді мойындауымыз керек, — деді сөзін қорытындылаған Әуезов.
Орысшадан аударған Қайрат Матреков