Бірнеше күннен бері әлеуметтік желілерде «ҚазМұнайГаз» ҰК» Акционерлік қоғамы өзінің еншілес кәсіпорындарын алдағы бес жылда мұнай баррелінің бағасы 30 АҚШ доллары болғанда доллар бағамының 360 теңгеге тең болатынына бағдарлап жатқаны туралы ақпарат «шарлап» жүр.
Ұлттық компания басшылығының еншілес және бірлесіп бақылайтын ұйымдарға жолдаған хатында былай делінген:
«…«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы Акционерлік қоғамының барлық еншілес және бағынышты ұйымдары негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша келесі мүмкіндіктерді ескере отырып, бизнес-жоспардың балама нұсқасының жобасын ұсыну қажет.
Келесі бағдарларды ұсынамыз: «2016-2020 жылдардағы мұнайдың әлемдік бағасы — жылына орташа есеппен бареліне $30». «Теңгенің 2016-2020 жылдардағы АҚШ долларына шаққандағы бағамы — Т360»
Атап айтарлығы, «ҚазМұнайГаз» басшылығы ««Самұрық-Қазына» Ұлттық Әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы еншілес кәсіпорындарының даму жоспарларын дайындау, келісу, бекіту, түзету, орындау және оларға моиторинг жасау ережелеріне» сілтеме жасайды, оларға сәйкес «…қордың барлық еншілес ұйымдарына 2016-2020 жылдардағы дамудың балама жоспарын дайындау және ұсыну қажет».
Сарапшылар не дейді
Меруерт Махмұтова, «Қоғамдық мәселелерді талдау орталығы» қорының директоры:
— ҚазМұнайГаз хатындағы әңгіме болып отырған 360 теңге бағамы және мұнай баррелінің 30 доллар болуы — бұл болжамның нұсқалары, ешқандай құпиялылық жоқ. Оның үстіне, қазірдің өзінде доллар теңгеге шаққанда 330 теңгеге жетті. Ең пессимистік болжаулар бойынша, мұнай бағасы 2016 жылға қарай барреліне 20 долларға дейін төмендеуі мүмкін. Екінші фактор — мұнай бағасымен бірге құлдырап жатқан ресейлік рубль бағамы. Сондықтан
экономиканың сығылып, бюджет табысы құлдыраған шақта, девальвацияның бюджет табысын толықтыратын нұсқалардың бірі болатынына
дайын болу керек.
Олжас Құдайбергенов, макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры:
— 2016 жыл экономикалық дағдарыстың түбі болады, содан кейін 2017 жылдан бастап қалпына келу басталады. Жағымсыз сценарий құлдыраудың 2017 жылға да созылатынына меңзейді, — деп жазды Фейсбук желісіндегі өзінің парақшасында Олжас Құдайбергенов. — Мұнай бағасының 40 доллардан төмен құлдырауына дейін теңге бағамы бойынша күтілім 350-360 теңге шамасында болған.
Қазір рубль 70-ке дейін құлады, ал баррель 30 доллар болғанда, 80-ге дейін құлауы мүмкін. Халық үрейленсе, 100-ге дейін секіруі де мүмкін, бірақ биыл Ресейдің Орталық банкі өте жіті қимылдауда (төрайымның орынбасары Тулиннің арқасында), сондықтан секіру болу мүмкіндігі соншалықты жоғары емес. Тіпті,
курс 1 доллар=80 рубль болғанда да теңге бағамы бойынша күтілім 400 теңгеге қарай ойысады
Бір қызығы, баррель бағасы 30 доллар болғанда девальвация шикізат секторына да көмектесе алмайды, өйткені импорт пен валюталық қарыз шамамен, валюталық табысқа тең болады. Қаржы жүйесіндегі жағдай да нашарлайды. Тіпті, бұрын бұрын девальвацияны талап еткен қаржы жүйелерінде де — қазір барлығы орын алған девальвация салдарынан қарыз портфелінің нашарлауын күтіп отыр, ал енді оған тағы екі қиындық қосылады: енді шикізат компаниялары өтімділік көзі бола алмайды, оған қоса нашар несиелер өсімі күшейе түседі.
Орысшадан аударған Қайрат Матреков