Азық-түлік бағаларының көтерілуі шүбәсіз. Біз, мәселен, долларға ешқандай байланысы жоқ, отандық өсімдік майлары мен қызанақтардың неліктен қазақстандықтардың көпшілігі үшін қол жетімді болмайтыны туралы екі сараптамалық пікір келтіріп отырмыз.
— Бізді доллар бағамының өсуі тек валютамен қарыз алушылар мен импорттаушыларға қиындық тудырады, ал басқа салалар бойынша жағдай қалыпты болады деп сендіреді. Бұл шындыққа қаншалықты жанасады? — деген сұрақты біз бизнес-консультант Ерлан Ибрагимге жолдадық.
— Бұл шындыққа жанаспайды, мұндай әңгімені қоғамдағы жағдайды ушықтырып жібермес үшін айтады. Қымбат доллар, әлбетте, азық-түлік бағасының өсуіне әсер етеді. Егер азық-түлік бағасын өсірмеуге мемлекет араласпаса, баға өсе береді. Бұл тек уақыт шешетін мәселе болып қалады.
— Бидайды, етті, сол баяғы тауық етін біз өзіміз өндіреміз ғой, оған доллар бағамының қандай қатысы бар?
— Нарықтар ашық, бағалар түзеледі. Егер Қазақстан ішінде азық-түлік бағасы Ресейдегіден арзан болса, онда тағамдарды тасымалдау басталады. Ресейліктер біздің азық-түлікті жаппай сатып ала бастайды, өткен жылдың соңында ресейлік автомобильдер сондай жағдайға тап болған-ды.
Біріншіден, біздің нарықтардағы барлық тауарлардың бағасы қалай да доллар бағамына байланған. Екіншіден, Қазақстанда шығарылатын тауарлардың барлығында долларлық құрастырушы бар.
Мәселен, фермер бір нәрсе өсірді делік. Ол тыңайтқыштарды, техниканы долларға сатып алады. Ол, тіпті, бағаны қазір өсірмесе де, сәл кейінірек солай жасайды. Бұл уақыттың қаншалықты ұзақ болатыны, мемлекеттің қашанға дейін бұған рұқсат бермеуіне байланысты. Мен үлкен бизнеске кеңес беремін, кеше үлкен гипермаркеттердің бірінің әкімшілігімен әңгімелестім. Олар қазіргі кезде бағаны көтермейміз дейді, өйткені қаншаға көтеру керек екені түсініксіз. Мәселен, мен жеке өндірушімін делік, егер менің тауарымның құрамында долларлық құрастырушы болмаса, мен оны бұрынғы бағасы бойынша сатамын. Бірақ келешекте мен оны сатудан түскен қаржыға осы тауардың 10 данасын емес, 9, әйтпесе 8 данасын ғана сатып аламын.
— Жергілікті шаштараздың жұмысында долларлық қандай құрастырушы бар, қазір оның өзі де қызметінің бағасын өсіріп жатыр емес пе?
— Мұндай қызметтердің бағасы бірден емес, 3-4 ай кешігіп қымбаттайды. Атап айтарлығы, бұл сектордағы баға құрылымы коммуналдық қызметтер бағасына тәуелді. Барлық бағалар өсіп жатқанда айына 100 мың теңге табатын шаштараздың азық-түліктердің және өндірістік тауарлардың себеті болады, енді бағаның жапай өсуіне байланысты оның жылдық себетінде демалысқа уақыт қалмайды. Ал демалыс болу үшін оған табысты көбейту керек, сонда ол не істейді? Әлбетте, қызметінің бағасын арттырады. Бұл жерде мәселе жеке шаштаразда емес, біздің елімізде өзіміз шығаратын аз ғана тауар түрлерінің құрамында бәрібір импорттық құрастырушы бар. Баға құрылымдануына тағы бір қызық жәйт әсер еткен:
Алматының мемлекеттік кірістер департаменті оңтүстік астананың кәсіпкерлеріне қызметкерлердің еңбекақыларын идекстеу туралы өкім берген. Жалпы, бұл мемлекеттің жеке бизнестің ісіне көпе-көрінеу араласуы.
Маған белгілісі, салықшылардың уәжі — компаниядағы еңбекақы деңгейі орташа салалық еңбекақыдан төмен екен, сондықтан индексация қажет. Бірақ ең қызығы, индексацияны жасаған сәтте орташа көрсеткіш те көтеріледі, кәсіпкерлердің көрсеткіштері қайтадан сәйкессіздікке тап болады.
— Доллардың қазіргі құны кезінде баға өсімі қандай деңгейде болатынын болжай аласыз ба?
— Бағам өсуінің және баға өсуінің көрсеткіштері бір-біріне мінсіз сәйкес келмейді, баға өсуі баяу сипатта болады. Сөйтіп бұл екі көрсеткіш бір-бірін сүйреп отырады. Барлығы коммуналдық қызмет бағасының қаншалықты өсетініне, сондай-ақ тауардың өзіндік құнында импорттық құрастырушының пайызы қанша болатынына тәуелді болады. Дәл осы көрсеткіштер Қазақстанда өндірілетін тауардың өзіндік құнының елеулі бөлігін құрайды. Мен кеңес беретін компания өнімді Ресейден импорттайды, яғни ол рубльге байланған. Егер теңгеге шақандағы рубль бағамы 5-ке 1 болса, олар өз бағасын түзейтін болады, түзету, шамамен, 20 пайызға тең болады.
Бұл қатардағы тұтынушылар айтатын бағаны «сыдыру» емес. Шын мәнінде, бұл бизнес соның арқасында күн көретін және персоналға еңбекақы төлейтін баға болу керек.
Мен күнін әрең көріп отырған көптеген компанияларды білемін, ал кейбіреулері қызметкерлерін таратып, жабылып қалды. Сондай нақты оқиғалардың бірі — компания өз штатын қысқартуға, қойманы жабуға және қызметкерлердің бір бөлігін жұмыстан шығаруға мәжбүр болды. Яғни, қазіргі жағдай жұмыссыздықтың тікелей өсуімен байланысты.
Ал қаржы сарапшысы Айдархан Құсайыновтың бағалар өсуінің себебіне көзқарасы біршама бөлек, бірақ ол да азық-түлік бағаларының өсуін болжап отыр.
— Әлеуметтік желілерде Данияр Ақышевті теңгені бір долларға шаққанда 250 теңге болатын деңгейде тұрақтандыру үшін тағайындады деген көріпкелдік әңгімелер айтылған-ды.
— Менің білуімше, мұндай пікірді Петр Своик айтқан еді, ал қалғандары оны іліп әкетті. Мен Петр Владимировичті құрметтеймін, бірақ бұл оның Ұлттық банктің жаңа төрағасының алдында дәл осындай мақсат тұр деген оның жеке пікірі.
— Психологиялық меже болып табылатын, бір долларға 300 теңге қайтадан елді дүрліктірді, десек те сарапшылар қымбат доллар валютамен қарыз алатындарға және өнімін импорттаушылар үшін ғана тиімсіз деп сендіреді. Ендеше, өзіміз өндіретін өсімдік майының, қанттың, ұнның бағалары неге өсіп отыр? Біздің елімізде азық-түлік бағалары доллар бағамына тәуелді ме?
— Барлығы доллардың бағамына тіреліп тұр, оның ішінде, кейбір сарапшыларда соған байланып қалғандай, десек те ағымдағы қиындықтардың мүлдем басқа сипаты бар. Тамыз девальвациясына дейін не болып еді? Ол кезеңде, рубль арзан болғанда, баға қысымы бәсекелестер тарапынан болған еді. Оны өсімдік майының мысалында қарастырып көрейік. Қазақстан мен Ресей арасында валюталық теңсіздік болған сәтте, әлбетте, ресейлік өнімдер қатты арзандап кетті. Яғни, баға рубльде қалды, бірақ қазақстандық нарықта май бағасы елеулі арзандады.
Импорттаушылар бағаны екі есе арзандатқан жоқ, көбірек кіріс алу үшін тек 10 пайызға ғана төмендетті. Отандық май өндірушілер де нарықтың бір бөлігін бәсекелестерге беріп, табыстан айырылмас үшін өз бағаларын төмендетуге мәжбүр болды.
Тағы да атап айтайын, өнімнің түпкілікті бағасын оның импорттық құрастырушылары емес, бәсекелестің бағасы анықтайды. Осындай жағдай ресейлік машиналармен де болған, өткен жылы қазақстандықтар оларды жаппай сатып алған болатын. Ал енді біздің өндірушілердің девальвациядан кейінгі әрекеттеріне назар аударайық. Мәселен, өткен жылғы тамызда олар өздерінің өсімдік майын шартты түрде 200 теңгеден сатты делік. Одан кейін жыл бойы бәсекелестер тарапынан қысым болғандықтан 180 теңгеден сатты делік. Арзандату елеулі болса да, мен біздің тұтынушылар тарапынан үлкен қуанышты байқамадым. Қайрат Келімбетов бекерден бекер 2015 жылғы 7 айда Қазақстандағы инфляция деңгейі, тарихи рекорд болған 1,8 пайызды құрады деген жоқ шығар. Инфляция төменгі тарихи шекті мөлшерді көрсеткен кезде тауарлардың елеулі бөлігі арзандайды.
— Ал осы ресми статистикаға сенуге бола ма?
— Әрине, болады, өйткені басқасы жоқ қой. Девальвация орын алғаннан кейін, импорттық тауарлар қымбаттап кетті. Біздің өндірушілер тауарларының бағасы да артты, бірақ импорттық құрастырушылар есебінен емес, баға қысымынан құтылатын мүмкіндік туды, сөйтіп олар шығынсыз жұмыс істей бастады, немесе бір жылғы жұмыстан шеккен шығынның орнын толтыратын кіріс көре бастады. Мен арзан импорт тарапынан көрсетілген бір жылдық қысым кезінде баға қалыпты болған жоқ деген сенімдемін.
— Мен — қатардағы тұтынушымын, өсімдік майы бағасының екі есе өскенін көріп отырмын.
— Сіз бір айда қанша литр май тұтынасыз?
— Екі айда бір литр.
— Яғни, сіз екі айда 150 теңге артық жұмсайсыз. Біреу бір айда бір литр тұтынса, ол бір айда 150 теңге артық жұмсайды.
— Бірақ майдан бөлек, қант және ұн бар емес пе…
— Егер біз осы азық-түлік бағаларын қоссақ, айырмашылық бір айда 3-5 мың теңге болады, бірақ сіздер 20-25 мың теңге төлейтін коммуналдық қызмет ақысы 4-5 есе қымбат тұрады, ал ол қымбаттаған жоқ. Сондықтан біз сүт, май, жарма туралы әңгіме қозғап, «аттандаймыз», бірақ әңгіме қандай сома туралы болып жатқанын түсіну керек қой.
— Біз бағасы екі есе өскен азық-түлікті сатып ала аламыз, бірақ елімізде тұрғындардың көпшілігін құрайтын аз қамтамасыз етілген санаттағы адамдар да бар ғой! Олар үшін 4-5 мың теңгенің өзі аз ақша емес.
— Келісемін. Олар, өкінішке қарай, көп ретте нанды талшық етіп, бір литр майды 4 айға жеткізуге тырысады және киім-кешекті бутиктерден сатып алмайды. Біз алаңдаушылық білдіріп отырған адамдар гипермаркеттерге емес, көтерме-сауда базарларына барып, азық-түлікті сол жерден сатып алады. Яғни, тұрғындарға сондай бір бас көтере алмайтындай соққы жасалған жоқ. Әрине, тұрмыс тауқыметі ауырлай түсті, бірақ соншама байбалам салып, трагедия жасаудың да реті жоқ. Мәселен, қымбаттаған кез-келген шетелдік дәрінің, арзан, бағасы артпаған ұқсас түрі бар.
Тұрғындар, әсіресе, әлеуметтік желілерді пайдаланушылар құндылықтарды дұрыс қабылдамай отыр. Мәселен, Land Cruiser-100 автомобилі өндіруші-зауыт ресми тұсаукесерін өткізбей жатып, қазақтардың ұлттық машинасына айналды. Ал біздің студенттер айфонның соңғы моделін ұстап жүр.
Жағдайды түсініп, салауатты қабылдаған жөн — иә, біреудің қалтасы айфонды немесе Land Cruiserді көтермейді. Кейбір студенттің қалтасы Camry автомашинасының соңғы моделін тізгендеуді көтермейтін болар. Бірақ бұл қалыпты дүние! Ал егер біз тұрғындардың аз қамтамасыз етілген тобы туралы сөз қозғасақ, олардың ахуалы соншалықты нашарлаған жоқ.
— Ал ары қарай не болмақ?
— Біріншіден, жағдай тынышталады. Екіншіден, үрейге берілудің реті жоқ, өйткені дәл осы үрей базардағы қызанақ сатушыны доллар бағамына жалтақтап, қызанақ бағасын көтеруге итермелейді. Оқырмандар жағдайды соншалықты үрейлендірмес үшін, бензин бағасына қатысты оқиғаны еске түсірейікші.
2014 жылғы қазанда бензин 128 теңге тұрды, одан кейін ол 99 теңгеге дейін арзандады, өйткені арзан ресейлік бензин болды. Одан кейін үкімет бағасын босатып, ол 125 теңге тұратын болды. Яғни, биыл бензин бағасы былтырғыдан арзан! Бірақ баға 125 теңгеге дейін көтерілгенде қаншама шу болып еді!
Тағы бір рет қайталап айтамын: иә, жағдай адам қуантарлық емес, бірақ ешқандай апат болған жоқ. Табыс деңгейі неғұрлым жоғары адамдар, негізінен екі астананың тұрғындары, басқаларына қарағанда, девальвация мен инфляцияны неғұрлым өткір сезінген болар, бірақ еліміздің негізгі халқы астаналарда емес, ауылды жерлерде тұрады, астаналықтар табысының орташа деңгейі олар үшін қол жетпес арман. Ал экономиканың сауығу нышандарын олар бәрінен бұрын сезетін болады.