Еліміздің жетекші банкі басшысының күндіз баспасөз алаңында мемлекет басшысы көсіліп, ал кешкісін Ұлттық банктің жаңа төрағасы алғашқы брифингін өткізіп жатқан күні олармен қосарласа журналистерге сұқбат беруі ақпарат кеңістігіндегі көзсіз ерлікке пара пар.
Өткен бейсенбі, 19-қараша күні дауыл шақырған батыл дауылпаздай ақпараттық кеңістікте шарықтауға тәуекел еткен Үміт Шаяхметова, шамамен, осындай күйге тап болды. Алайда өзіміз күткендей, ол ақпараттық кеңістікте Нұрсұлтан Назарбаев пен Данияр Ақышевтың көлеңкесінде қалып қойды. Соның салдарынан оның ертеңгі күнге сеніммен қарап, батыл қимылға шақырған мәлімдемелерін тек іскер басылымдар мен қаржы шолушылары ғана естіді.
Ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша Шаяхметова ханым қайтадан ешбір сескенбестен еліміздің бас банкирінің іс-қимылының бағдарламасын тұжырымдауды өз мойнына алды, ал оны Ұлттық банк төрағасы тікелей бағынатын Қазақстан президенті қысқаша белгілеп қойған-ды. Естеріңізге салсақ, Ақышев мырзаны тағайындауға келісім беруді сұрап, парламент сенатына жолдаған үндеуінде мемлекет басшысы бүгін еліміздің орталық банкінің алдында тұрған кезек күттірмейтін мақсаттарды анық айқындап берген болатын – халықтың өзіне және ұлттық валютаға деген сенімін қалпына келтіру, теңге өтімділігінің тапшылығы мен экономиканы несиелеу көлемінің төмендеуі мәселелерін шешу. Ал жақында өткен кездесуде Ұлттық банк төрағасының есіне экономиканы долларсыздандыруды жалғастыру, халыққа теңге бағамымен ешқандай төтенше жағдайдың болып жатпағандығын түсіндіру қажеттігін есіне салып, инфляция деңгейін қадағалап отыруды тапсырды.
«Қазақстанның халық банкі» басшысының пайымдауынша, Ақышев мырза қаржы нарығын ауқымды ырықтандыруға бағыт алуы керек, өйткені алдымызда жекешелендірудің екінші толқыны тұр. Шаяхметова ханымның бас дәлелі — Ұлттық банк бақылайтын Қазақстанның қор биржасы (KASE), БЗЖҚ, «Мемлекеттік несие бюросы» АҚ-сы және басқа «еншілестер» табыс әкелмейді. Алайда, шын мәнінде, өткен жылы KASE өзінің таза кірісін 65 пайызға арттырып, рекордтық 583,5 млн. теңгеге жеткізді. Ал БЗЖҚ-ның, айтпақшы ол Ұлттық банктің «еншілесі» емес, өйткені үкіметтің иелігінде, өткен жылдың қорытындысы бойынша бөлінбеген табысы қомақты 13 млрд. 757,5 млн. теңгені құрады. «Мемлекеттік несие бюросы» АҚ-сына келетін болсақ, ол операциялық қызметке тек ағымдағы жылғы қазанда ғана кірісті!
Таңқаларлығы, қаржы нарығына тым батыл өзгерістер ұсынып отырған «Халық банкінің» басшысы осылайша нарықты кемінде алдағы 2-3 жыл бойы тұрақты реттеп отыруға болады деп үміттенеді екен. Одан бөлек, Үміт Шаяхметова Ұлттық банкті БЗЖҚ-ның ақшасын басқаруда ашық болуға шақырады. Алайда жақында Ұлттық банктің бұрынғы баспасөз хатшысы, белгілі сарапшы Расул Рысмамбетовтың мақаласынан белгілі болғандай, оның банкі қазан айының басында БЗЖҚ-дан зейнетақы қорланымдарын қарызға алу бойынша 303,6 млрд. теңгемен екінші орынға шығып, көш бастап тұрған Қазкоммерцбанктен (312 млрд. теңге) аз ғана артта қалыпты.
Ашықтыққа келетін болсақ, Ұлттық банк қыркүйек айында валюталық биржа нарығындағы ойыншылар тізімін жариялап, олардың сауда көлемін көрсеткенде, осы тізімде көш бастаған «Қазақстанның халық банкі» бұл жөнінде арнайы баспасөз хабарламасын жариялаған болатын. Ол кезде «Халық банкі» Ұлттық банктен мәліметтерді ашуда бірізді болуды, оларды ағымдағы жылғы 17-тамыздан, яғни девальвация қарсаңынан жалпы сауда көлемінен бөлек нарық қатысушыларына шаққанда таза сатып алу және сату көлемдерін көрсетіп жариялауды талап еткен болатын. Нәтижесінде, реттеушінің осындай прогрессивтік бастамасы түкке тұрғысыз болып қалды.
Ал Шаяхметова ханымның зейнетақы қорланымдарының табыстылығы бойынша БЗЖҚ-ны «Халық банкінің» шын мәнінде инвестициялық банкі болып табылатын «Halyk Finance» еншілес компаниясының ұқсас көрсеткішімен салыстыруы қаржы шолушыларын мүлдем көңілдендіріп жіберді. Өйткені БЗЖҚ-ның инвестициялық стратегиясы консервативті, яғни сақтанымпаздығы өте жоғары, сондықтан жоғары табыстылыққа ұмтылу, яғни тәуекелге бару олардың алдында тұрған мақсат емес, өйткені оның басты мақсаты — зейнетақы қорын сақтау. Бүкіл әлемдегі зейнетақы қорлары осылай жұмыс істейді. Ал инвестициялық банкингтің алдында мүлдем басқа міндеттер тұр, олар қомақты табыстар табу жолдарын іздеп, жоғары тәуекелдерге барады. Сондықтан оның табысы да қомақты, мәселен, «Halyk Finance»-нің табыстылығы 30 пайыздан жоғары болса, БЗЖҚ-ның мұндай көрсеткіші небәрі 9,08 пайыздан асып-жығылады.
Айтпақшы, Шаяхметова ханым БЗЖҚ-ның салымшысы ретінде өзінің зейнетақылық қорланымдары бойынша табыстылықтың төмен болуы жөнінде наразылық білдірсе, оның есіне «Қазақстанның Халық банкі» еншілес зейнетақы қорының табыстылығы бұдан неғұрлым төмен болғанын салуға болады. Мәселен, 2014 жылғы 1-қаңтарда бұл қордың инвестициялық портфель бойынша 12 айдағы табыстылығы бар-жоғы жылдық 1,27 болса, консервативтік портфель бойынша 4,42 пайыға тең болды. Сондықтан қазір салымшы ретінде өз банкінің ЗЖҚ-сы көрсеткен табыстылықпен салыстырғанда, әлбетте, ол ұтып отыр. Бұдан тыс, «банкирша» зейнетақы қорланымдарының табыстылығын инфляция деңгейімен салыстырып, наразылық білдіргенде, ол өзінің пайымдауында қателікке бой алдырады. Ұлттық банк басқаратын «БЗЖҚ-ның» зейнетақы активтері бойынша 9,08 пайыз табыстылығы ағымдағы жылдың 1-қаңтарынан 30-қыркүйегіне дейінгі аралықта қалыптасқан, яғни 9 айда. Ал Шаяхметова ханым жүгінген 9,4 пайыз көлеміндегі инфляция жылдық болып табылады, яғни 12 айда қалыптасқан.
Орысшадан аударған Қайрат Матреков