Міне, 3 жылдан бері 70 қарапайым алматылық азаматтар кезекті көпқабатты үй салуға ұмтылыс жасап отырған қала билігінің қысымына төтеп беруде. Алматыдағы «Орбита» мөлтек ауданының бір топ тұрғыны 2012 жылдан бері өздері отыз жыл пайдаланып келген 400 орынға арналған автотұрақтың 70 сотық жерін әкімдіктен, прокуратурадан және жеке құрылыс компаниясынан көзінің қарашығындай қорғап, безек қағуда. Бұл оқиға, әсіресе, 2012 жылы автомобилистерді автотұрақтан шығарып тастауға талпыныс болған кезде үлкен дауға ұласты. Қазір Алматы әкімінің өзгеруіне байланысты адамдар текетірестің жаңа кезеңіне дайындалуда. Бірақ олар өз тұғырынан қайтпайтын сыңайлы.
Тұрақ үшін күрескерлер редакцияға қаланың жаңа басшысы Бауыржан Байбектің атына жазылған ашық хатты жолдапты — хаттың мәтінінде Алматының әрбір байырғы тұрғынының жүрегін тебірентер жолдар бар. Осы үндеуден кейбір үзінділер келтіруді жөн көрдік:
«Алматының байырғы тұрғыны ретінде, Ақсай, Айнабұлақ, Қазақфильм, Орбита, Самал мөлтек аудандары пайда бола бастаған кезең Сіздің есіңізде болар. Мәселен, Орбита мөлтек ауданы салына бастағанда 40 000 тұрғынға келесі нормативтер қолданылған болатын: 5 мектеп, 4 балабақша, 4 бөбектер бақшасы, 1 ересектер емханасы, 1 балалар емханасы, 1 әйелдер консультациясы, 1 тіс емханасы, 1 кинотеатр, 2 шаштараз, 2 тұрмыс қызметі, 1 дәріхана, 1 универсам, 4 гастроном, 1 шаруашылық тауарлары дүкені, 1 кітап дүкені, 1 парфюмериялық-галантереялық дүкен, 1 жиһаз дүкені, 1 көкөніс базары, 2 жинақ кассасы, 2 балалар клубы, полицияның тірек бекеті, 2 почта бөлімшесі, трамвай жолы, автобустардың жаңа бағдарлары, 4 гараж кооперативтері, 6 жабық автотұрақ, әр аулада футбол, волейбол алаңшалары, балаларға арналған әткеншектер мен сырғанау төбешіктері. Яғни, қала құрылысы жоспарлы жүргізіліп, онымен қатар инфрақұрылым да қалыптастырылатын еді.
Ал қазір ше? Кинотеатрда ет сатылады, балалар бақшасының ғимаратында Бостандық ауданының соты жайғасқан, екіншісі — колледждің иелігінде, тұрғын үйлердің бірінші қабаттары ұзын-соңы бітпейтін дүкендерге, сұлулық салондарына, кафелер мен мейрамханаларға айналған, көкөніс базары заттар сататын базар (көкөніс сатуға 80 шаршы метр қалдырған), автотұрақтар көзден ғайып болды – олардың орнына көпқабатты тұрғын үйлер салынған. Енді ата-аналар балаларын басқа аудандардың бала бақшаларына апарады, балалар алаңқайларын түрлі автомобильдер басып алған, екі қатар автобустар да осы жерде тізіліп тұрады, өйткені жолдың шетінде тұрғындар мен банк-мейрамханаларға келушілердің машиналары жайғасқан, ағаштар оталып, гүлзарлар тапталуда. Бірінші Президент паркінде мәдени-көпшілік шаралар өткізу кезінде бұл маңайда көлік кептелісі аяқ бастырмайды».
Алматының жаңа әкіміне барлық бұл мәселелер таныс деген күдік бар, өйткені қала әкімшілігінің Instagram әлеуметтік желісінде шағымдарға арналған жеке парақшасы бар, оған түскен шағымдар бойынша шұғыл шаралар қолданылып жатады.
Автомобилистердің бастамашы тобының өкілі Рамиль Ахмедшиннің айтуынша, оларды әкімге хат жазуға үрей итермелеп отыр, 70 сотық жер үшін тартыстағы уақытша тыныштық — келе жатқан дауылдың хабаршысы іспетті.
«2012 жылы кезекті құрылыс жүргізуші «Темірлан» ЖШС, жерді жалға алғандығы жөніндегі мемлекеттік актіні көрсетіп, қала «игілігіне» Үлкен Алматы өзенінің сол жағалауына 30 жылдан бері тұрған 400 орындық жабық автотұрақтың орнына кезекті көпқабатты тұрғын үй салуды шешті», — дейді наразылық білдірген адамдар. — «Ал осы автомобильдер мен жаңадан салынатын үй тұрғындары машиналарының қайда қойылатындығын біреу ойлады ма екен? Машиналарға толы аулаларға ма? Әлде ғайып болған балалар алаңқайларына ма? Әлде жалпы пайдаланудағы жолға жапсарлап үшінші қатарға қоя ма? Мүмкін, Әл-Фараби даңғылының бойына тізбектеп қояр?»
Үш жыл ішінде бұл сұрақтар ондаған рет мемлекеттік құрылымдарға — аудандық және қалалық әкімдіктер, сәулет басқармасы, Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясына қойылды. Алайда шенеуніктер оларға мандытып жауап берген жоқ.
Бизнесмендер мен тұрғындар арасындағы қақтығыс өткен қыста шыңырау шегіне жетті: ол кезде тұрғындар сотта әкімдіктен жеңіліс тапқан болатын, сөйтіп, ерегес мүлдем жаңа — қылмыстық деңгейге көшті.
Рамиль Ахмедшиннің айтуынша, құрылыс жүргізуші оның және бастамашы топтың басқа мүшелерінің үстінен қаржы полициясына арыз жазған. Онда арызданушылар 71 адамның өз бетімен жер учаскесін басып алып, оны өз бетімен күзетке алып, тұрақ орындарын заңсыз жалға беріп, ол үшін ақы алып, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысады деп көрсетілген. Іс тұрғындардың қарсы арызымен аяқталып, одан кейін ың-шыңсыз қысқартылы.
2014 жылдың басында күрескерлер Бостандық ауданының әкімі Раушан Асановамен кездесуге қол жеткізген-ді.
Қақтығыс тәмәмдалғандай болды: аудан билігі құрылыс жүргізушінің көзін істі бейбіт жолмен бітіруге жеткізген-ді — сөйтіп, барлық автокөлік иелеріне бір-бір тұрақ орнын беріп, содан кейін көпқабатты үй салу жөніндегі жоспарды жүзеге асыруды қолға алу келісілген-ді.
— Біраз уақыттан кейін мен «Темірлан» ЖШС-нің атқарушы директоры Еркебұлан Айтқожинмен екеуара сөйлескен едім, ол автотұрақ туралы келісімді бастамашы топтың неғұрлым белсенді бес мүшесімен ғана жасауды ұсынды, өйткені фирманың барлық автокөлік иелерімен тұрақ туралы келісуге мүмкіндігі жоқ екен, — дейді жағдайды түсіндірген Рамиль Ахмедшин. — Мен жалға алушының ұсынысын жалпы жиналыста көпшілікке жеткіздім, сол жерде жалпы шешім қабылдадық — не барлығына орын беріледі, не ешкімге берілмейді.Қазір бізде барлығы тыныш, бірақ менің білуімше, компания құрылыс жөніндегі өз жоспарларын мемлекеттік органдармен келісуді жалғастыруда. Олар электр жарығын өткізуге рұқсат алып, телефон желілерін жүргізуді де шешіп қойған сыңайлы. Яғни, не бүгін, не ертең бізді тұрақтан шығаруға ұмтылыс жалғасын таппақ. Ал біз бұл мәселенің әділ реттелуін қалаймыз. Осы орайда, жас және креативті әкім Бауыржан Байбек осы жағдай бойынша әділ шешім қабылдауға қабілетті деген сенімдеміз.
Тағы бір ерекше назар аударар жәйт, даулы учаске сел қауіпі жоғары аймақта орналасқан, бұл турасында үш жыл бұрын БАҚ-та бірнеше дүркін жазылған болатын. Егер ұзынқұлақ бұл жағымсыз дәйекті әлеуетті сатып алушыларға міндетті түрде жеткізетінін ескерсек, көпқабатты тұрғын үй салудың реті бар ма?
Орысшадан аударған Қайрат Матреков