Еуразиялық экономикалық одақ құрылғаннан кейінгі сәттен бір жыл өткенде сарапшылар жаңа интеграциялық бірлестік жұмысының алғашқы қорытындыларын шығаруда. Ал осы кезде қиындықтардан басы қатқан ондаған елдер одаққа кіруге кезекке тұруда. Онсыз да елеулі әлсіреген Ресей мен Қазақстан экономикалары өздерінен де әлжуаз ойыншыларға демеу бола ала ма?
ЕАЭО-ға өтуге бірінші кезекте барлық Кавказ республикалары, Түркменістан, Монғолия, Өзбекстан мүдделі. Бірақ бүгінгі күні алыстағы Оңтүстік Азиядағы мемлекет олардың алдын орап кетті. Астанада жақын күндері Еуразиялық экономикалық одақ пен Вьетнам социалистік республикасы арасында еркін сауда сауда жүргізу туралы келісімге қол қою жоспарланып отыр. Еуразиялық экономикалық одақтың анық байқалатын кеңею үрдісіне байланысты, әр елдің — ЕАЭО-ға қатысушылардың сарапшылары интеграцияға байланысты қандай үміттерінің ақталғанын, қайсысын жедел арада „өткізу„ қажеттігін анықтауда.
Михаил Арзуманян, Армения Республикасы Ұлттық қауіпсіздік кеңесі аппаратының ұлттық қауіпсіздік стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі басқармасының бөлім бастығы:
— ЕАЭО көптеген елдердің қызығушылығын тудыратын беделді сауда-экономикалық бірлікке айналып келеді. Түрлі елдермен сауда-экономикалық байланыстарды жоспарлы түрде дамыту, олармен қызметтесу туралы келісімге отыру ортақ нарықтың кеңеюіне мүмкіндік береді. Қызметтесудің жағрафиялық ауқымын Оңтүстік-Шығыс Азия мен Парсы шығанағын ЕАЭО елдерімен байланыстыратын аймақтық ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру арқылы кеңейтуге болады. Атап айтқанда, әлбетте, БРИКС елдерімен өзара тиімді қызметтесу орнатудың әлеуеті бар, Қытаймен ынтымақтастықтың да маңызы зор. Мұндай әрекеттесу тек ортақ нарықты кеңейтуге, инвестиция тартуға мүмкіндіктер беріп қана қоймай, сонымен қатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қатысуға, сол арқылы экономикалық аймақтың логистикалық мүмкіндіктерін әртараптандыруға жол ашады.
Бұдан тыс, энергетикалық қорлары жұтаң Армения ортақ энергетикалық нарық құруға өте мүдделі.
— Қызметтің басымды бағыты — ортақ энергетикалық нарық құру. ЕАЭО елдерінде экономикалық одақтың осы саладағы халықаралық бәсекелестік қабілетін арттыру үшін энергетикалық алып қор және соған сәйкес өндірістік әлеует бар. ЕАЭО ортақ энергетикалық нарығын қалыптастыру тұжырымдамасын жүзеге асыру және осы нарықтың тиімді жұмыс істеуіне қол жеткізу ЕАЭО-ның жаһандық энергетикалық нарықтағы негізгі ойыншы ретіндегі орнын нығайта түседі.
Қырғыз сарапшылары шағын мемлекеттерге ЕАЭО-мен интеграциялану өмірлік қажеттілік деп есептейді. Бүгінгі таңда шағын экономикаларға жеке күн көру мүмкін емес.
Дмитрий Орлов, «Шығыс – Батыс стратегиясы» сараптамалық орталығының бас директоры, Қырғызстан:
— КСРО күйрегеннен кейін Қырғызстан басқа республикаларға қарағанда, неғұрлым жолы болмаған мемлекет. Ол 1998 жылы ТМД елдерінің арасында бірінші болып, көпе-көрнеу тонаушы жоба – ДСҰ-ға тартылды. Оған дейін республикада болған барлық өндіріс толығымен жойылған-ды. Мыңдаған адамдар тіршілікке қажетті табыс көзінен айырылды. Шындап келгенде, елдің өз нарығын қорғау мүмкіндігін тартып алды.
ДСҰ-ға кіргеннен кейін Қырғызстан сауда балансының сальдосы бір-ақ рет — 2001 жылы ғана жағымды болды
— Салыстыру үшін, өткен жылы ҚР сауда айналымы 7 млрд 612 млн 300 мың долларды құрады, оның 5 млрдтан астамы — импорт. Соған қарамастан Қырғызстандағы «еркін нарықтың» кейбір идеологтары әлі күнге дейін ДСҰ-ға ену — республика үшін жақсылық болды дегенді бой бермей, дәлелдеуді жалғастыруда. Қырғызстанның таңдауы соншалықты көп емес: не маргиналдық, яғни, шектеулілік, не интеграция. Бүгінде шектеулілік, өкінішке қарай, табысты жүзеге асуда. Өзіміздің саяси және экономикалық әлсіздігіміздің салдарынан біз оған төтеп бере алмай отырмыз. Қырғызстанға неғұрлым мықты, табысты көрші мемлекеттердің көмегі өте қажет.
Ресей, Қазақстан және Беларусь туралы көп нәрсе айтуға болады, бірақ халықтың әл-ауқатын алатын болсақ, оларда Қырғызстанға қарағанда, дәулетті адамдар көбірек.
— Қазір кейбіреулер Ресей мен Қазақстанға Қырғызстанды асырау не үшін қажет деп сұрауда. Қырғызстанды асыраудың қажеті жоқ! Оған көмек — кадрларды оқыту және технологиялар қажет. Қалғанын Қырғызстанның өзі жасайды. ЕАЭО елдері бізге өзіміз «әлемдік экономика» деп түсінетін ұғымнан ерекшеленетін нәрсе ұсынуы керек. Мұндай жағдайда ЕАЭО-ның жұмыс істеуі мәнге ие болады. Мұндай жағдайда Қырғызстан белгілі шығындар мен жайсыздықтарға шыдауға келіседі. Өйткені өзіміз қатысатын жүйенің бұған дейінгісіне қарағанда, әлдеқайда адал екенін білетін боламыз.
2014 жылдың соңында ЕАЭО-мен еркін сауда аймағын құруға 40-тан астам елдің ұмтылып отырғаны белгілі болғанда, кейбір сарапшылар бірден, егер жағдай осылай жалғасатын болса, ЕАЭО Еуроодақтың өзін ығыстыратын болады деп мәлімдеді.
Дегенмен қазақстандық сарапшылар сол Еуроодақтың тәжірибесіне сүйене отырып, оған ерекше құлшыныс танытып отырған жоқ.
Болат Сұлтанов, Халықаралық және аймақтық қызметтесуді зерттеу институтының директоры:
— Қазір көп нәрсені күтудің қажеті жоқ, өйткені біз өз елдеріміздің экономикасын бейімдеп қана жатырмыз. Егер біз Еуропалық одақты алатын болсақ, онда естеріңізге түсіріңіздер: ол 1951 жыл — көмір мен болаттың Еуропалық бірлестігі, 1957 жыл — ортақ нарық, тек 80-жылдардың соңы мен — 90-жылдардың басында Маастрихт келісіміне қол жеткізіп, Еуропалық одаққа бірікті. Мен, шындап келсек,
Еуропалық одақты кеңейту — қате деп есептеймін.
— Жақында Валери Жискар д’ Эстенді (Францияның экс-президенті — ред.) оқыдым — ол таза еуропалық, ол үнемі осы одаққа жүгінеді, 6 ел болғанда да 9 болғанда да. Ол кезде онда неғұрлым басқарылмалы үдеріс болған еді. Қазір геосаяси ұғыныс тұрғысынан саясат экономикадан басым болып тұр.
Ал саясат экономикаға зорлық қылса, ол жақсылыққа апармайды, өйткені экономика – кекшіл дүние.
Экономика ерте ме кеш пе, бәрібір саясаттан жасаған зорлығы үшін кек алады.
Бүгінгі таңда Еуразиялық экономикалық одаққа Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Қырғызстан Республикасы мүше.