Хандардың белгілі портреттері «жаңадан жасалған қара дүрсін» ғана, деп мәлімдеді тарихшы Ирина Ерофеева. Ғалымның жарық көріп отырған еңбегінде алғаш рет қазақ хандарының шынайы портреттері ғана емес, сонымен қатар бірегей тарихи құжаттар да жарияланған.
Екі томдық «Қазақтың басқарушы элитасы хаттарының 1675-1821ж.ж. мұрасы» христоматиясы — қазақстандық ғалым Ирина Ерофееваның 17 жылдық еңбегінің қорытындысы. Ол қазақ хандары мен сұлтандарының Ресей империясы мен шығыс мемлекеттері монархтары мен атқамінерлеріне жазған хаттарының 811 аудармасынан және тұпнұсқадағы хаттар мәтінінің 250 факсимилесінен тұрады. Бір жарым ғасырды алатын кезең Тауке-хан дәуірінен басталып, Орта жүздің ханы Уәлимен аяқталады.
Бұдан бөлек, христоматияда ағылшын саяхатшы-суретшісі Джон Каслдың (1736 ж.) орындауындағы Әбілқайыр ханның портреті жарияланған. Бұл дала элитасы өкілінің бейнесін шынайы көрсететін сирек кездесетін жәйт. Ирина Викторовна айтқандай, қазақ хандарының бізге белгілі заманауи портреттері, оның ішінде, ескі теңгелердегісі де — хандардың шынайы бейнесімен ұқсастығы жоқ «қара дүрсін» ғана.
Сонымен қатар, ғылыми еңбекте Мәскеу, Санкт-Петербор, Киев және Париж мұражайлары мен ғылыми қоғамдарының жинақтары мен сирек басылымдарынан алынған жүзден астам ескі иллюстрациялар, ескі және жаңа карталар, фотосуреттер жарияланған. Қосымша ретінде автордың Қазақ хандығының қалалары, дала элитасының сыртқы ажырату белгілері, төрелердің таңбалары туралы зерттеулері берілген. Осы жерде Шыңғыс ұрпақтары және олардың адресаттары туралы өмірбаяндық анықтамалар, хаттардың аудармаларына түсініктемелер мен терминологиялық сөздік берілген.
Кітаптың тұсаукесерінде Ирина Ерофеева былай деді: «Қазақстанның Жаңа уақытқа дейінгі Өткен жолын біз көрші елдердегі жазба көздерінен білеміз және солар бойынша зерттейміз. Олар қытайлық хроникалар, парсының діни жазбалары, араб ағартушыларының жазбалары, орыс шежірелері, Оралдан асқан алғашқы орыс саяхатшыларының еңбектері және патша әкімшілігінің шекара құжаттамасы.
Сырт көзге бізде жазбаша тарих болмағандай көрінеді, ал мәтінсіз тарих — еті жоқ бесбармақ іспетті».
Бірақ өзінің зерттеулері барысында автор қазақ хандары мен сұлтандарының мұрағаттық хаттарына, жоқ дегенде, осындай хаттар туралы мәліметтер көрсетілген дереккөздеріне жүгінеді. Енді Ирина Ерофееваның еңбегінің арқасында тарихи тұлғалар өз хаттарында қайта тіріліп, күнделікті тіршіліктен дипломатия мен мемлекеттік стратегияны жүзеге асырудағы өздерінің адами, шынайы көшбасшылық қасиеттерін аша түсуде.
Дереккөз: Денис Щербаковтың блогы
Аударған Қайрат Матреков