Алаяқтық амалы мүлдем қарапайым: пысықай жігіт түрлі үш автожалдау салонынан жалға автомобильдер алып,… оларды үлкен сомадағы ақшаға кепілзат ретінде қалдырып кеткен. Сөзі дәлелді болу үшін ол несие берушілерге автомашинамен бірге олардың фирмаға рәсімделген техникалық төлқұжаттарын және қолхат беріпті.
Алматыда тез таралып жатқан алаяқтықтың жаңа түрі автомобильдерді жалға беру салондарының иелеріне көптеген келеңсіздіктер тудыруда. Адамдардың сенімін пайдаланған қаскүнемдер жалға алынған темір тұлпарды оп-оңай сатып жібереді екен.
Осындай алаяқтардың құрығына ілінген сатып алушылардың аңғалдығы соншалықты, олар тіпті, көліктің компанияға тіркелгеніне (техникалық төлқұжаттағы белгі) де мән бермеген, ал ақшаны олар күмән тудыратын қолхаттар алып бере салған. Алайда мұндай аңқаулықтың соңы жедел және қатал түрдегі орны толмас өкінішке ұласқан.
— Біздің жалға беру салонына осындай алаяқтарға үнемі ұрынуға тура келеді, – дейді жағдайды түсіндірген 7AVENUE қымбат автомобильдерді жалға беру салонындағылар. – Мәселен, біз өзіміздің бір Lexus-460 автомашинасын алаяқтардың арбауына ұрынғандардан үш рет қайтарып алдық.
Осындай кәсіппен нәпақа тауып жүргендердің ерекше бір арбау, сендіру қасиетіне ие екенінде күмән жоқ. Әйтпесе, автомобильдерді жалға беретін үш агенттіктен жалға алынған үш бірдей автомашинаны бір адамға кепілзат ретінде беріп, орнына 27 мың 900 долларды қолды еткен алаяқтың әрекетін қалай түсіндіруге болады.
— Соңғы рет біздің автомашина осындай жағдайға наурыздың соңында душар болды, – дейді 7AVENUE салонының әкімгері. – Lexus-ті жалға алған клиент кенет телефон қоңырауына жауап беруді қойды. Біз бірден өзіміздің техникалық құралдардың көмегімен көліктің тұрған жерін анықтап қана қоймай, сонымен қатар оны оқшаулап тастадық. Оқшауланған автомобиль оталмайды, ал оған ие болған адам автомобиль істен шықты деп ойлайды.
Белгіленген жерге келген біз, өз мүлігімізді бірден тауып алдық. Шетелдік темір тұлпардың жаңа „иесі„ бұзылды деп ойлаған көлігін жөндемекші болып жатыр екен. Аяқ астынан автомашинаны қайтаруды талап еткен адамның пайда болуы оны есінен тандырғандай болды. Алайда барлығы тез анықталды.
— Біз оған барлық құжаттарды, машинаны жалға беру туралы келісімді ұсынып, қауіпсіздік жүйесінің қалай жұмыс істейтінін көрсеттік, нәтижесінде, ол алаяққа алданғанын түсінді, – дейді агенттіктегілер. – Амалы тауыслған ол бізге қарымта ретінде жалға алушы қолмен жазған қолхатты ұсынды.
Жалға беру агенттігіндегілер зардап шегушілердің полицияға шағымданғандығынан бейхабар. Өз автомобильдерін қайтарып алған олар, бұл зардап шегушілердің жеке құқығы деп есептейді. Дегенмен жалға беру агенттіктері қажет болса, зардап шегушілердің немесе құқық қорғау органдарының алғашқы талабы бойынша машинаны автосалоннан кімнің жалға алғаны туралы ақпаратты беруге дайын.
— Бұл жерде назарды келесі мәселеге аударған жөн, – дейді жалға беру агенттігіндегілер. – Машина сатып алу немесе автомобильді кепілзат ретінде қабылдап, қандай да бір несие беру ерекше мұқият болуды талап етеді. Сатушының немесе кепілзатка несие алушы адамның құжаттарын тексеріп, көлікке ауыртпалықтар, салынған тыйымның бар-жоғын анықтау қажет. Ал ең дұрысы, арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, автомашинаны өз атыңызға рәсімдеген жөн. Керісінше болған жағдайда, алаяқтардың құрбанына айналуыңыз ғажап емес.