Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Нұрсұлтан Назарбаев «қазақстандықтар балаларының айраны мен күлшесінің ақысын өздері төлеуі керек», деп мәлімдеді. Сөйтіп, келесі оқу жылынан бастап, бастауыш сынып оқушылары тегін түске астан айырылуы мүмкін.
Бүгінгі таңда бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз ету туралы норма қолданыстағы заңнамада жоқ, алайда еліміздің 5 өңірі әкімдерінің бастамасы бойынша бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақтандыру ұйымдастырылған: Астана (бастауыш сынып оқушыларының 100 пайызы), Атырау облысы (100 пайыз), Алматы қаласы (95,3 пайыз), Ақтөбе облысы (98,8 пайыз), Батыс-Қазақстан облысы (99,2 пайыз). Білім және ғылым министрлігінің мәліметтері бойынша, қазіргі таңда республика бойынша 700 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тағаммен қамтамасыз етілген.
Оқушыларды тамақтандыруды алып тастау туралы қауесет 2015 жылғы қаңтарда пайда болды – мұғалімдерге ауызша ескерткен, бірақ жазбаша хабарлама бермеген. 365info сауалына білім министрлігі жергілікті бюджеттердің қысқаруына байланысты, шынында, оқушылардың мектепте тегін тамақтануын алып тастау мәселесі көтерілуі мүмкін екені туралы хабарлады.
Бұл мәселедегі соңғы нүктені 11-ақпанда мемлекет басшысы қойды:
— Балалардың мектептегі тағамы бойынша. Не, (ата-ана – ред.) өз баласын (тағам – ред.) қамтамасыз ете алмай ма? Біздің барлығымыз оқыдық, ұсақ-түйек алуға тиын беретін, соған үзілісте күлше мен айран алатынбыз, солай күн көрдік. Мемлекет өз мойнына білім беруді, мұғалімдерді, мектеп оқулықтарын алды, бірақ бұған ата-аналар шығындануы керек. Сондықтан мәселеге байыппен қарайық. Бірден барлығын кесіп тастамай, саралап қараған жөн, – деді Н.Назарбаев үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде.
Алматы білім басқармасының мәліметтері бойынша, 2015 жылғы ақпандағы ахуал бойынша. тегін тағаммен 99 462 оқушы қамтылған, оның ішінде: 92 065-сі жергілікті бюджет есебінен, жалпы сомасы 5 млрд 200 млн теңгеге тамақтанатын 1-4 сынып оқушылары. Сонымен, әр балаға ыстық тағамға 300 теңге және дәмхана өніміне 195 теңге бөлінеді. Мұның сыртында, әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбастарындағы 9601 бала ыстық тағаммен қамтамасыз етілген.
Бұдан бөлек, Қазақстан президенті мемлекет білім беру саласында басталған бағдарламаларды жалғастыратынын атап өтті, — деп хабарлайды ҚазТАГ.
— Білім беру саласында «Балапан» бағдарламасын, орта білім жүйесін қаржыландыруды жан басына шағып қаржыландыруға көшіруді, кезең-кезеңмен 12 жылдық мектеп білімі моделіне көшуді жалғастыру керек – бізге бұдан ауытқуға болмайды. Құрама штаттар президентінің өзі, мектеп білімі – мемлекеттің басты басымдығы деп мәлімдеді, ал біз оны жеке адамдардың қолына бермекпіз. Естеріңізге алыңыздаршы, 90-жылдары Кеңестер Одағы ыдыраған кезде біз балалар бақшасын жеке адамдарға бердік, ал одан кейін үлкен қиындықтармен оларды кері сатып алдық, – деді ол.
Оның айтуынша, қазақстандықтар балаларын тек мемлекеттік балалар бақшаларына емес, сонымен қатар тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында құрылғандарына да бере алады.
— Адам өз баласын асырауға төлеуі керек. Ал бізде қалай: коммуналдық төлемдердің бір бөлігін әкімшілік, келесі бөлігін мемлекет өз мойнына алса, қалғанын адамдардың өздері төлейді. Мемлекет қанша береді – 15 мыңнан ба? Әр балаға 10 мыңнан береді (…). Адамдар барлығын толық төлеуі керек, – деді ол.
Атап айтарлығы, Назарбаев мемлекет аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларын асырауға қолдау көрсетуі керек, деп атап өтті.