Саясаттанушы Расул Жұмалы Еуразиялық экономикалық одақ оған қатысушылардың үмітін ақтамайды деп есептейді. Оның пікірі бойынша, ешкімнің шекесі қызбайды, оның ішінде, Ресейдің де.
Жаңадан дүниеге келген Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты сарапшылардың болжамы түңілушілікке толы. Іскерлік басылымдар экономикалық тұрғыдан ЕАЭО қатысушы-елдерге тиімді емес деген тұжырымдама жасауда. Сол Ресейдің өзі мұндай серіктестікті «көтере алмайды», оның үстіне, ЕАЭО-ға жаңа мүшелер – Армения мен Қырғызстан қосылғаннан кейін. Өйткені интеграция РФ тарапынан серіктес-елдерге қаржылай көмек көрсетуді және басқа жеңілдіктер жасауды талап етеді, деп есептейді ресейлік сарапшылар. Казақстандық саясаттанушылар да жаңа одақтың тәуекелдерін есептеуде, оның ішінде, теріскейдегі көршіміздің де.
Расул Жұмалы, саясаттанушы:
— Қазір Ресей, шын мәнінде, қиын жағдайда. Путин өзінің соңғы одақтастарына сүйеніп, осы жүктің біразын солардың мойнына артуға тырысуда. Ол қалайда өзінің жағдайын жақсартуға және аз да болса өз әлеуетін күшейтуге мүдделі. Өйткені, бүгін ресейлік экономика құлдырауға ұшырап, дефолттың, рубль құнсыздануының, бюджет тапшылығының қарсаңында тұр. Егер абсалюттік цифрларды алсақ, әлемдік еңбек бөлісудегі ресейлік экономиканың үлесі, шамамен 2,5-3 пайызды құраса, Қазақстан мен Беларусьтің қосарланған үлесі 0,3-0,4%, яғни, осы үштіктің біріккен үлесі ары кеткенде, 3 пайызға тең. Ал Еуроодақтың үлесі 25 пайыз болса, АҚШ-тың үлесі де сол 25 пайызды құрайды. Яғни, 3 пайыз 50 пайызға қарсы. Қазіргі қалыптасқан жағымсыз сыртқы конъюнктура энергия тасымалдаушылар бағасы екі есе дерлік төмендеген жағдайда, шикізатқа бағдарланған ресейлік экономикадағы дәл осындай үрдістер экономикалық тұрғыдан Ресей үшін көңіл жұбатарлық емес. Ол үшін бұл интеграция кеудемсоқтықты жұбатудың ең соңғы мүмкіндігі. Алайда оның Ресейдің және оның одақтастарының жағдайын түзетуге ешқандай қатысы жоқ. Керісінше, менің ойымша, экономикалық және әлеуметтік ахуалдың нашарлау үрдісі анық байқалады.
Еуразиялық экономикалық одақ союз – Кедендік одақтың қисынды жалғасы, міне, дәл осы жағдай сарапшыларды күмілжітіп отыр. Американдық Foreign Policy журналы жариялаған зерттеулер бойынша, қазақстандық экономика Кедендік одаққа қатысудан тек зардап шеккен.
— Егер біз Кедендік Одақтың бес жылдық тәжірибесіне көз жүгіртсек, нақты тәжірибе мен оның Қазақстанға әсерінен тек негативті көреміз. Қанша тырыссам да, алғашында бізге уәде еткен ешқандай, тіпті, мардымсыз жақсылық таба алмадым. Бізге 2010 жылы берілген уәделердің барлығы тек орындалмай қойған жоқ, олар дәл керісінше жүзеге асырылды. Сауданы қараңызшы. Бізде оның жалпы көлемі қысқарды, жақында оны мемлекет басшылары да мойындады, оның ішінде, Қазақстан басшысы да. Бізде үштіктің ішіндегі сауда сапасы өте күшті девальвацияға ұшырады. Егер бұрын бізде КО елдерімен саудада импорт пен экспорт арасында тепе-теңдік болса, 5 жылдан кейін біздің Ресей мен Беларуське экспортымыз, осы елдерден тасымалданатын импортқа қарағанда, 2 есе қысқарған.
Бәсекелестік нәтижесінде бағалардың төмендеуі уәде етілген болатын, ал шын мәнінде, ең алдымен, Ресей тарапынан орын алған, арамза бәсеке салдарынан, біздің орта және шағын бизнес саласындағы біраз кәсіпорындарымыз жойылып кетті. Ірі бизнестегі кейбір компанияларымыз ресейлік бәсекелестердің еншілес кәсіпорындарына айналды. Біздің кәсіпорындарымызға ресейлік нарыққа кіруге тең мүмкіндік берілмеген, ал біз оларға өз есігімізді айқара аштық. Дүние жүзілік сауда ұйымына бірге кіреміз делінген еді, бірақ Ресейдің өзі кіріп, Қазақстан мен Беларусьті іс біткенде хабардар етті. Яғни, шешілмеген мәселелер бастан асады. Бұл бағаның өсуіне, біздің нарықтың ресейлік нарықтың тәуелді болуына, бүкіл әлемнен өте жоғары ресейлік кедендік баж салығымен оқшаулануымызға әкеліп қана қоймай, соның салдарынан біздің тауар өндірушілерді ғана емес, сондай-ақ тұтынушыларымызды да Ресейдің ауызына қаратып қойды. Автомашиналар нарығын алыңызшы, шетелдік автомашиналар осы жоғары кедендік баж салығы салдарынан қымбаттағандықтан көптеген азаматтар ескірген ресейлік автомашиналарды сатып алуға мәжбүр. Сөйтіп, біз өз азаматтарымызды тек қымбат машиналарды сатып алуға ғана емес, сондай-ақ өзіміздікін емес, басқа елдің экономикасын қаржыландыруға мәжбүрлеп отырмыз. Азаматтарымызды таңдау құқығынан айырдық. Атап айтарлығы, бұл тек автомашиналарға ғана емес, сондай-ақ азық-түлікке, киімге, техникаға және тағы басқаларына қатысты.
Сонымен қатар, экономикалық одақ саяси альянсқа айналады деген күдік күшейе түсуде. Саясаттың артында экономика тұратынын кезінде Владимир Ленин айтып кеткен еді. Марксизм-ленинизмді оқығандар оны жақсы біледі, ал ЕАЭО-ға қатысушы-елдердің барлық бүгінгі көшбасшылары кезінде оның майын ішкен.
— Бізге бұл интеграция тек экономикалық мәселелермен шектеледі деген болатын. Ал қазір біз ресейлік өкілдердің саяси интеграция мәселелерін көтеруге асығып жатқанын көріп отырмыз: оған бірыңғай парламент, бірыңғай ақпараттық кеңістік, бірыңғай мәдени кеңістік, бірыңғай қорғаныс кеңістік құру мәселері кіреді, ол аз болғандай, ресейліктер, тіпті, қазақ мектептері үшін тарих пәнінің оқулықтарын жазбақшы. Егер Ресейдің Қазақстаннан 10-15 есе үлкен екенін ескерсек, интеграция емес, біздің жұтылуымыздың үлкен қауіпі бар. Еш қатысымыз болмаса да біз Ресейге қарсы санкция «кереметтерін», халықаралық қысым «кереметтерін» өз мойнымызға, өз азаматтарымыздың мойнына іліп қойдық. Осылардың салдарынан, 2015 жылы Қазақстанды қаржы жүйесінің, валюта жүйесінің, экономиканың, әлеуметік ахуалдың қиындықтары мен саяси және ішкі саяси қауіптер күтіп тұр.
Саясаттанушылар мен экономистердің болжамы қаншалықты орын алатынын қазақстандықтар жақын арада біледі. Естеріңізге салсақ, 2015 жылғы 1-қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық олдақты (ЕАЭО) құру туралы келісім күшіне енді. Оның құрамына Ресей, Қазақстан, Беларусь енді, жақын арада одаққа Армения мен Қырғызстан кірмекші. Еуразиялық миссияның штаб-пәтері Мәскеуде, қаржылай реттеушісі — Алматыда, ал ЕАЭО соты — Минскіде орналасқан. 2015 жылы Еуразиялық экономикалық одақта төрағалық енту құқығы Беларусьтің еншісіне тиді.