Есенгүл Кәпқызы
Соңғы жылдары Қазақстандағы қазақ еместер мен орыстілді қазақтар мемлекеттік тілді үйренбеу себебі ретінде – тілді үйретудің әдістемесін атайтын болып жүр. Сөйтіп, қазақ тілін үйренбеудің тағы бір сылтауын тапқан сынды.
Алайда саясаттанушы Дос Көшім әлеуметтік лингвистика заңы бойынша, тілді үйренуге құлшынған адамның тілдік ортада өмір сүрмей-ақ төрт жылда үйреніп алатындығын айтады. Әдістеме нашар болғандықтан, тілді үйрене алмай жүрмін дегеннің сылтау ғана екенін басқа саясаттанушылар да айтады. Шын мәнінде, мәселе тіл үйрету әдістемесіне тіреліп тұр ма? Біз осы мәселеге жауап іздеп көрген едік.
8 жастағы Андрей 2-сыныпта оқиды. Қазақ тілі пән ретінде үйретіле бастағанына екі жыл өтсе де, аманнан өзге тіл сындыра алмапты. Андрейдің анасы Оксана қазіргі мектеп бағдарламасының өте ауыр екендігін және тіл үйрету әдістемесінің қиындығын алға тартады:
– Қазір ағылшын тілін үйрету үшін арнайы репетитор жалдап отырмыз. Өйткені, баяғыдай әдістеме жоқ. Оқулықтарда бірізділік, белгілі жүйе қалыптаспаған. Бір мектепте екі түрлі баспаның оқулығымен оқытады. Міне, «Алматы кітап» баспасынан екінші сыныптарға арналған қазақ тілі оқулығы. Қарап отырсаңыз, оқулық ала-құла, бір тақырыпты тереңдетіп үйрету деген жоқ. Мысалы, бір жерде сандарды, санауды үйретіп тұрса, келесі бетте мүлдем басқа тақырып. Әрі орыс мәтіндері қатар берілмегендіктен, біз ештеңе түсінбейміз. Балам өзгесін былай қойып, тапсырманың не деп тұрғанын да бейхабар. Әрине, кітаптың соңында сөздіктер берілген, бірақ онда оқулықтағы сөздердің тең жарымы жоқ. Бірінші сыныптан бастап, қазақша үйреніп жатса да, аманнан өзге сөз білмейді. Ал ағылшынша аздап тіл сындырып қалды. Репетитор оған 1975 жылдың оқулығын әкеліп берді. Қазіргілерімен салыстырғанда, сол кездегі оқулықтар үйренуге жеңіл. Бүгін көптеген қазақтардың өздері қазақша білмейді. Әлі күнге дейін техникалық, ғылыми лексика қалыптаспаған. Сол себепті 2025 жылы Қазақстан қоғамы жаппай қазақ тіліне көшеді дегенге өз басым сенбеймін. Олай болған күнде, ол — бұл елдегі өзге ұлттардың құқығын аяққа таптау болып табылады.
Журналистика мамандығын таңдаған Сүлеймен Демирель университетінің ІІІ курс студенті Александр Корнилов қазақ тілін меңгеруге бәрінен бұрын өзінің тіл үйренуге деген құлшынысы әсер еткенін айтады:
– Он жыл орыс сыныбында оқыдым. 11-сыныпқа көшер жылы қазақ сыныбына ауыстым. Жетінші сыныптан қазақша сөйлеп жүргендіктен, тілді үйрену мен үшін қиындық тудырмады. Мен бұл әрекетке өзгелердің қолынан келетін істің менің де қолымнан да келетінін дәлелдеу үшін бардым. ҰБТ-ны қазақша тапсырдым. Менің қазақ тілін үйренуіме қоршаған ортам көбірек әсер етті десем болады. Қазақ тілінен сабақ беретін ұстаздарым да жақсы болды. Алайда тіл үйрету әдістемесі күшті еді дей алмаймын. Тілдік ортаға енгенде, сол тілді білуге мәжбүр болады екенсің.
Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Көкөзек ауылы орта мектебінің қазақ тілі мұғалімі Нұржан Құмар 1997 және 2006 жылдар аралығында мектепте орыс сыныптарына қазақ тілінен сабақ беріпті.
– 1989 жылға дейін бұл мектеп тек орыс тілінде оқытатын. Қазақ балалары орыс мектебінде білім алды. Ауыл қазақтілді болғанымен, мектеп орысша. Бұл балалардың біліміне кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Тілді жақсы меңгермегендіктен, олар алға суырылып шыға алмады. 1989 жылдан ол аралас мектепке айналды. Мен 1997 жылы оқуды бітіріп келіп, осындағы орыс сыныптарына қазақ тілін үйрете бастадым. Балалар 7-сыныпта оқығанымен, қазақша өте нашар сөйлейтін. Күніне 20-30 сөзді жаттауға беріп жүріп, 2-2,5 айда оларды өзара диалог құра алатын деңгейге жеткіздім. 11-сыныпты бітіріп, қазақ тілінен тест тапсырғанда, барлығы бірдей 21 баллдан жоғары баға алды. Бір оқушым Өскемен қаласында қазақ тілі олимпиадасына екі рет қатысып, жеңімпаз атанды. Қазір мектепте орыс сыныптары жоқ, оқу толығымен қазақ тіліне ауысқан. Арасында қазақ сыныптарында оқитын бірлі-жарым өзге ұлт өкілдері бар. Мәселен, 9-сыныпта Анастасия деген қыз оқиды. Өте алғыр бала, сөйлеу мәнерінде ешқандай акцент жоқ. Менің ойымша, қазақ тілін үйретудің бірыңғай әдіснамасы жоқ. Мен кезінде «Рауан» баспасының, кейін «Алматы кітаптың» оқулықтарын пайдаландым. Оқулықтар өте күрделі, басынан аяғына дейін қиын мәтіндерден құрылған, тапсырмалары оқушылардың жас ерекшелігіне сәйкес емес. Менің жеке әдістемем мен амал-тәсілдерім болды. Соның арқасында, балаларым қазақша жақсы үйренді. Демек, көп нәрсе мұғалімге, оның өз ісіне деген көзқарасына, балалармен жұмыс істей білу қабілетіне байланысты. Егер осы дүниелер бір бірімен үйлесіп жатса, тіл үйрену ешқандай қиындық тудырмайды. Мен балалармен ешуақытта орысша сөйлеспейтінмін. Бұл тілді үйренуге жақсы әсер етеді. Біздің көптеген мұғалімдер екі тілді қосарлап оқытады. Бұл дұрыс емес. Сондай-ақ, тілді үйренуге қоршаған ортаның да ықпалы зор. Мен балаларға үйде де қазақша сөйлеуге тырысыңдар дейтінмін, – дейді Нұржан Құмар.
Сүлеймен Демирел атындағы университеті Филология және педагогика факультетінің оқытушысы, PhD докторы Айсұлу Нұржанова да тілді үйренуге деген талпыныс пен мұғалімнің талабы жоғары болса, ешқандай қиындық болмайды деген пікірде:
– Жалпы, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін оқытудың екі түрлі әдістемесі бар — қазақ тілін шет тілі ретінде оқыту және Қазақстандағы өзге ұлт өкілдеріне немесе өзге тілде білім алатын қазақ балаларына екінші тіл ретінде оқыту. Яғни, екі түрлі әдістеме бар. Мысалы, біздің университетте Түркиядан келген түрік балалары оқиды. Оларға бәрін басынан бастап үйретеміз. Жыл өткен сайын қазақ тілін үйренгісі келетін шетелдіктердің саны артып келеді. Бірақ, соған қарамастан, қазақ тілін шет тілі ретінде үйрету әдістемесі бізде бір ізге түспеген, дамымаған. Ал өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету мәселесі бұрыннан қолға алынған және бұл жолда тамаша оқулықтар жазған айтулы ғалымдарымыз да бар. Айталық, Қарлығаш Қадашева, Алдашева, Сүлейменова, Фаузия Оразбаева. Біз солардың оқулықтарын басшылыққа аламыз. Бірақ, ол оқулықтардың да өзіндік кемшіліктері бар — көп ретте екі тілді қатар алып отырады. Бұл оқулықтарда қазақ тілін орыс тілі арқылы үйрету әдістемесі ұсынылады. Бұл дұрыс емес. Тілді үйретудің бір жолы – өзге тілді араластырмай, тек соқытылатын тілде сөйлеу арқылы үйрету. Мен түрік студенттеріне сабақ берем. Біз тілді үйретуді 5 деңгейге бөліп үйретеміз. Алдымызға келген студент бір тоқсанда қарапайым деңгейді меңгеріп, екі жылда орта деңгейде оқып, жазып және сөйлей алады. Дегенмен, тіл үйренудің негізгі критериі – әдістеме емес, үйренушінің талабы мен үйретушінің жеке әдіс-тәсілі дер едім.
Әзімбай Ғали, саясаттанушы:
– Жалпы, қазіргі қазақ тілінің жағдайы мүлдем ерекше. Тілді үйренуге деген бетбұрыс өте күшті. Менің заманымда, орыс сыныптарында білім алатын қазақтардың саны 50 пайыздан асып жығылатын болса, қазір 13 пайыздан сәл ғана асады екен. Болашақта оқушылардың барлығы қазақша оқитын болады. Демек, өзге ұлт өкілдері де қазақша оқуға ден қоя бастады. Мен өз басым Медбикелер ісі институтында сабақ беремін. Орыс тобында оқитын ұйғыр балалар да, қазақ тобында оқитын ұйғыр балалар да бар. Олардың қазақша сөйлеу деңгейіне қарап, өзге ұлт өкілі екенін біле алмайсың. Тек фамилиясынан ажыратып жатамын. Менің 7-сыныпта оқитын немерем орысша білмейді. Астанада туып, өсті, сол Астананың мектебіне барады. Бұрын қазақ мектебінде оқитындар үзілісте орысша сөйлейді деп жазғырушы едік, қазіргі қазақ мектебінің балалары орысша білмейді. Бұл ненің белгісі. Біздің қоғам қазақтануға бет алып барады. Сен қала, қалама – қазақша білмесең, ешкім емессің дегенді түсінетін кезең келді. Мотивация күшейді. Өзге ұлт өкілдері арасында тілдік бәсекелестік пайда болды. Өйткені, қазақ тілін меңгерсең, сен одан бір саты жоғары тұрасың. Сондықтан, тілді үйретудің әдістемесін сылтауратып, оны кейінге шегере берудің қажеті жоқ. Үйренуге талпыну керек, талпынған адам үйреніп алады. Сол тілдік ортаға ену керек. Сонда ғана оны үйрену мүмкіндігі арта түспек.