Қазақстанда билік тізгінін қолға алған шенеуніктерге тән мода болған бір үрдіс бар. Ол қандай қажеттіліктен туатынын білмейміз, әйтеуір, олардың әрқайсысы мемлекеттік тілдің көсегесін көгертемін деп ұрандайды. Алайда, уақыт өте сол уәделерін өзге түгілі өздері де ұмытып кетеді.
Айталық, 2003 жылы Мемлекеттік хатшы болған кезде Иманғали Тасмағамбетов мемлекеттік тілді дамытудың алдағы жылдардағы жоспарын талқылаған мемлекеттік жиын өткізген еді. Сол кезде қазақ ақпарат құралдары бөркін аспанға атып, қатты қуанысқан-ды. Тіпті, жұрт ертеңнен бастап, мемлекеттік тілде сөйлей кететіндей болып жарыса жазғанбыз. Алайда, содан бері де он жыл өте шығыпты. Баяғы жартас, сол жартас. Тек лауазымды тұлғалардың жылына бір рет осы тақырыпқа соғып, мемлекеттік тілдің болашағына бас ауыртып жатқандарын баяндап қоятыны болмаса. Сол 2003 жылғы 30-қыркүйекте өткен жиында Иманғали Тасмағамбетов келесі мемлекеттік жиындардың бәрін қазақша өткізу туралы ұсыныс айтып, мемлекеттік қызметкерлерді мемлекеттік тілді білуге мәжбүрлеу мәселесі талқыға салынған еді. Қызығы, дәл сондай жиын 1997 жылы да өткізілген екен. Сонымен, қош делік… Бұдан кейінгі мемлекеттік тілге арналған жиын 2005 жылы сол кездегі Мемлекеттік хатшы Оралбай Әбдікәрімовтің жетекшілігімен өтті. Бірақ ол да көп жиынның бірі ретінде қалды. Премьер-министр болған кезінде Даниал Ахметов те, Кәрім Мәсімов те мемлекеттік тілді дамытуға ерекше көңіл бөліп, бірнеше жиын өткізгені мәлім. Тіпті, 2007 жылдың «Қазақ тілі жылы» деп жарияланғаны да есімізде. Қазір үй қамауында отырған бұрынғы Премьер Серік Ахметов те қазақ тілінің мемлекеттік тіл екенін есіне алып, жиындарды қазақша өткізетіндігін айтып, бір масаттандырған-ды. Ал, биылғы, 2014 жылы бізді қуантқан тағы бір жоғары лауазымды шенеунік – Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Ол жыл ортасында есте қаларлық мәлімдеме жасады:
— Стратегиялық жоспар бойынша, 2015 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлердің қазақ тілінен тест — ҚАЗТЕСТ – тапсыруы жоспарлануда.
Алайда бұл мәлімдеменің қаншалықты шынайы екені, Парламент пен Үкіметтің оны қаншалықты қолдайтыны беймәлім.
Дегенмен біз «мемлекеттік тілден тест тапсыруға біздің шенеуніктер қаншалықты дайын?» деген сауалға жауап іздеуді жөн көрдік.
Осыдан бірнеше жыл бұрын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған, жез таңдай әнші, қоғам қайраткері Бекболат Тілеуханның бір сұхбатында «мемлекеттік қызметкерлердің 90 пайызы мемлекеттік тілде сөйлемейді» дегені бар еді. Мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейі әзірге ешқандай сарапқа салынбай келеді. Алайда мемлекеттік жиындардың орыс тілінде өткізілетінін ескерсек, бұл турасындағы статистиканың бізді қуанта қоймаймасы анық.
– Меніңше, біздің шенеуніктер ҚазТЕСТ тапсыруға мүлдем дайын емес. Өйткені, мемлекеттік тілде, яғни, өзінің ана тіліндегі сұраққа жауап бере алатын шенеуніктер өте аз. Егер, 2015 жылы мемлекеттік шенеуніктерден шынымен осыны талап ететін болса, шенділердің біразы креслосымен қош айтысады деп ойлаймын. Өз басым АҚШ-та, Вашингтон қаласында төрт жыл тұрдым. Сонда байқағаным, ағылшын тілін білмесең, ешқандай жұмысқа алмайды. Тіпті, еден жууға да, үй сыпыруға да ешкімді қабылдамайды. Біздің тәуелсіздік алғанымызға 23 жыл болды. Сондықтан, біздің тілімізді білмейтін, халқымызды сыйламайтын адамдардың шенеунік болуға құқығы жоқ. Міне, осындай қатаң қағида ұстанбасақ, олар тілді үйренуге мойынсұнбайды. Мұны заңмен бекітудің қажеті жоқ. Ол жазылмаған қағида болуға тиіс. Мен ағылшын тілін сондай принциппен үйрендім. Бір жарым жыл еш жерден жұмыс таппадым, сөйтіп, жатпай-тұрмай тіл үйрендім. Бір жарым жылдан кейін, маған Өзбекстанның елшілігінде жұмыс істеген досым телефон соғып, бір жұмыс бар екендігін айтты.
— Алайда, – деді ол, – ағылшын тілімен қоса қазақ тілінен де емтихан тапсырасың.
– Неге қазақ тілі? – деймін таңданып.
— Өйткені, бұл – Америка, — деді ол.
Сөйтіп үш тілде жазбаша емтихан тапсырып, университетте сабақ беруге қабылдандым. Яғни, біз өз тәуелсіздігімізді сыйласақ, мемлекеттік тілді білуге және сыйлауға тиіспіз. Егер өз тілімізді сыйламасақ, біз ешкім емеспіз!
– Мемлекеттік қызметкерлерді мемлекеттік тілден тест тапсыруға міндеттеу — өте дұрыс шара. Өйткені, еліміздегі іс-қағаздарды мемлекеттік тілге көшіру бойынша жасалған қадамдар осы уақытқа дейін нәтиже бермеді. Нақтырақ айтқанда, кезең-кезеңімен қазақ тіліне көшу туралы бағдарлама қабылданған болатын. Соған сәйкес, күнгейден бастап, теріскейімізге дейін 2010 жылы іс қағаздарын жүргізу толығымен мемлекеттік тілге көшірілу керек еді. Байқасаңыз, «еді…» деудің астарында ащы күрсініс жатыр. Өйткені, содан бері 4 жыл өтсе де, ешнәрсе өзгерген жоқ. Өзгермек түгілі, керісінше, бұрын мемлекеттік мекемелерде қазақ тілінде дайындалып келген құжаттардың 60-70 пайызы қайтадан ресми тілде ресімделетін болды. Мысалы, тұрғындарының 80 пайыздан астамы қазақтар болып табылатын Ақтөбе облысы 2006 жылы қазақ тіліне көшуге тиіс болатын. Бірақ жергілікті билік басындағы нигилистер бұл істі әлі тежеп келеді. Үкімет мүшелері мен әкім-қаралар Елбасы алға қойған ең маңызды, ең басты стратегиялық мақсатты орындай алмады.
– Меніңше, біздің билік бұндай талапты әзірге қоя алмайтын сынды. Бұл тек бастама немесе ұсыныс ретінде қалып қойды-ау деймін. Менің пікірімше, біздің шенеуніктердің жартысына жуығы ҚазТЕСТ тапсыруға дайын емес. Қалай дегенменде, осы талапты қолға алатын болса, бұл шенеуніктерді мемлекеттік тілде сөйлеуге мәжбүрлейтін алғашқы қадам болар еді. Мәселен, солтүстік облыстарда мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді білу деңгейін тексеру үрдісі басталғалы бірнеше жылдың жүзі болып қалды. Заң оларды мәжбүрлемесе де, олар өз қызметкерлерін мемлекеттік тілде сөйлеуге осылай психологиялық тұрғыдан дайындап келеді. Менің ойымша, ешкімді үркітудің және 2015 жылдан бұл талапты енгізудің қажеті жоқ. Алайда, шенеуніктердің санасына болашақта мұны айналып өте алмайтынын сіңіру үшін, әр мекеме қызметкерлерін өз бетінше тестілеуден өткізе бергені дұрыс. Бұл олардың тілді үйренуге деген құлшынысына жағымды әсер етеді.
– Халқының 97 пайызы қазақтардан тұратын Сыр өңірінде мемлекеттік құжаттар айналымы 100 пайыз қазақша. Бұл ресми жауап. Десек те бұл билік басында орыс тілі мүлде қолданылмайды дегенді білдірмейді. Ал, мемлекеттік тілден тест тапсыруға шенділерді мәжбүрлейді деген талап Сыр өңіріндегілер үшін соншалықты үрейлі дүние емес. Бұған біздің билікте жүрген бірен-сараң адамнан басқа шенділер дайын деп ойлаймын.
P.S. Бұл бастаманың да алдыңғыларының аяғын құшып, аяқсыз қалмайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Өйткені, билікте бұған қатысты нақты жоспар да, тұжырым да, бағдарлама да жоқ. Бұл жекелеген шенеуніктер тарапынан айтылған ұсыныс. Өйткені, осы уақытқа дейін біз шенеуніктерді мемлекеттік тілді білуге мәжбүрлей алған жоқпыз. Сондықтан олардың ҚазТЕСТ тапсыруға дайын болмауы да заңды. Осы уақытқа дейін қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен тілдер туралы заңда нақты механизмдер мен оны жүзеге асырудың тетіктері жоқ. Тек 2025 жылы Қазақстан халқының 95 пайызы қазақша сөйлейді деген жоспар бар. Бірақ осы мақсатты жүзеге асырудың шарттары мен жолдары дайындалмаған.