Қырғыз құқық қорғаушысы Нұрбек Тоқтақынов Қырғызстанның Кедендік одаққа кіруге ұмтылысына қарсы сотқа шағымданды. Біздің қырғыз әріптестеріміздің пікірі бойынша, осы шағымға байланысты барлық шығынды АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті өз мойнына алған көрінеді.
Соңғы жиырма жылда екі революцияны басынан өткерген Қырғызстан әлі күнге дейін шет елден қаржыландырылатын үкіметтік емес ұйымдар қызметінің алаңы болып қалуда. Мұндай ұйымдар мүдделерінің саласы – көп ретте саясат, ал әрекеттерінің әдісі ауқымды және тапқырлыққа толы.
«Прецедент» серіктестер тобының жетекшісі Нұрбек Тоқтақынов Бішкек сотына шағымданды:
— Үкімет өзінің әрекетсіздігімен азаматтардың республикалық деңгейдегі шешімді қоғамдық талқылауға салу құқығын жүзеге асыруына кедергі келтірді, – деген Тоқтақыновтың сөзін қырғыздық Vesti.kg басылымы келтіреді, – Осыған байланысты, мен Бішкектің ауданаралық сотына шағымданған едім, бірақ ондағылар арызымды қабылдамады. Айтқан уәждері, мен өз мүделерімнің қалай қамтылғанын негіздемеген екенмін. Шын мәнінде, құжатта бәрі көрсетілген болатын.
Шағымның қаржылық астары қызығушық тудырады. Тоқтақынов ресми түрде ақшаны, соншалықты көп болмаса да, қайдан алғанын айтпайды. Бірақ бұрынырақ сол баяғы «Вести.kg» хабарлағандай, американдық «Фридом Хаус» донорлық ұйымы үкімет бастамаларын сынауға бағытталған кампанияларды қаржыландыруға гранттар таратуға дайын екендігін жариялаған болатын. Ал Нұрбек Тоқтақынов жетекшілік ететін «Прецедент» серіктестік тобы Бішкек сотында Өнеркәсіп және энергетика министрлігінің жаңа тариф саясатына қарсы шағымы бойынша жеңіске жеткен болатын. Алайда Министрлік шешімге наразылық білдірді. Қазір ол қайтадан қаралып жатыр.
Ал Кедендік одаққа кіру бойынша Жол картасына қол қоюға қарсы берілген шағым «Фридом Хаус» талаптарына толық сәйкес келеді. Осы мәселе бойынша берілген шағымды қарау жөніндегі алғашқы сот мәжілісі осы жылғы 23-желтоқсанға белгіленген.
Құқық қорғаушының өзі айтқандай, үлкен саясат шеңберінде оның дауысы естіле қоймас, дегенмен ол өз құқығын толық пайдаланбақ.
Осы мәслеле бойынша өз ойын білдірген біздің қырғызстандық әріптесіміз Қамчыбек Алымбеков былай дейді:
— Соңғы кезде Қырғызстанда үкіметтік емес және құқық қорғау ұйымдарын қаржыландыру бірнеше есе күшейіп кетті. Оны келесі жәйттен байқауға болады, осындай ұйымға мүше отандастарымыз шетелге жиі шығып, ол жақта елімізде наразылық қозғалыстарын ұйымдастыру бойынша „ақыл„ жинауда. Мәселен, сондай бір қайраткер, аты-жөні Дмитрий Кабак, жақында ғана Варшавада болып, ЕҚЫҰ-ның „адами өлшем„ мәселесіне арналған мәжілісіне қатысып қайтты. Оның қандай өлшем екені соншалықты түсінікті емес. ЕҚЫҰ-ның тілінде ол кез келген мемлекетте азаматтардың құқықтары мен бостандықтарындағы ілгерілеушілікті, олардың тұрмыс деңгейінің артуын білдіреді екен. Қысқасы, батыстағылардың жиі айтатын және айтуға жақсы көретін сөздерінің толық жиынтығы.
— Бұл қырғызстандықтардың өміріне қалай әсер етуде?
— Кабак мырза осындай шараларға қатысқандығы туралы әлеуметтік желілерде үнемі есеп беріп отырады, суреттерді орналастырады. Менің білуімше, ол бұған дейінОдессаға барып келген, өзінің әлеуметтік желілердегі парақшасында тамаша табиғат көріністерінен бөлек, Коломойскийдің қаржылай және идеялық басшылығымен соғысып жатқан украин батальондары жауынгерлерімен бірге түскен суреттерін орналастырған болатын. Өзінің мойындауы бойынша, ол, тіпті, «Правый сектордың» бас офисінде де болыпты.
— Жақында өздерінің келуін сіздің еліңізде фильм түсірумен түсіндірген бір топ украин журналистері мен құқық қорғаушыларының Қырғызстанға келгені туралы әңгімелегеніңіз есімде.
— Біздің ҮЕҰ-шыларда соңғы айларда Украинаға барғанды жиілетіп жіберді. Атап айтарлығы, олар Донбассқа емес, Киевке, Львовқа, Одессаға барып, ол жақта түрлі семинарлар мен тренингтерге қатысып жүр. Ол жақтан қайтып келген соң, алған білімін осы жақтағы өмірге енгізуге тырысып бағуда.
— Қандай жолмен?
— Мәселен, Қырғызстан аумағында ресейлік телеарналардың хабарын таратуға тыйым салуға және олардың интернет-сайттарын жабуға шақырады. Украинадағы жағдай, АҚШ және Еуроодақ саясаттары жөніндегі здерінің көзқарасымен келіспейтін қырғыз журналистерінің жұмысына кедергі келтіреді. Өздерінің, дәлірек айтсақ, шетелдік қожайындарының мүдделеріне сәйкес келмейтін барлық оқиғалардан Кремль агентерінің тіміскісін және басқаны көреді, қысқасы, өздеріне бөлінген гранттарды ақтауға жан таласуда. Нақты айтсақ, мұнымен „Құқық қорғаушылар одағы„ деп аталатын ұйым айналысатын. Жақында ол Қырғызстанның Кедендік одаққа кіру мүмкіндігіне наразылық білдіру ретінде өзін өзі тарататыны туралы жариялады.
— Наразылық білдірудің қызық түрі екен…
— Келісемін. Бірақ олар тек орын алған жағдайдан лайықты шыға білді. Шын мәнінде, мәселе қаржыландырудың тоқтатылуында. Адамдар өздеріне бөлінген ақшаны ақтады. Ал қаржы біткен соң, қош айтысты.
— Кейбір ҮЕҰ-ларды қаржыландыруды тоқтатудың сыры неде?
— Адамдардың қарабайыр арсыздығы мен сұғанатығында. Олардың кейбіреулері шетелдік демеушілер есебінен күн көруге үйренгені соншалықты, өз қалтасын қожайындарының қалтасымен шатастыра бастады. Ол жақта отырғандар ақымақ емес қой. Ірі көлемдегі қаржы түскен кезде үкіметтік емес ұйымдардағы „қайраткерлер„ өздерінің мемлекеттік қызметтегі оппоненттері сияқты қаржыны қолды қылу жағын ойластыра бастайды. Сөйтіп, жалған ведмостілер, қаржылық есептер толтырып, оларда өткізілмеген шараларды көрсетіп, ақшаны есептен шығарады және тағы басқаларын жасайды. Яғни «біздің» адам ҮЕҰ-да да «біздің» адам болып қалады. Шынтуайтқа келгенде, олардың моральдық қасиеттері өздері көрсеткісі келгендей, соншалықты жоғары емес болып шығуда. Ізгі мақсаттарды, игі істерді жамылып, дабыра ұрандарды көтерген олар өздерінің қара бастарының қамын күйттегендер жандар.