Ресей Қазақстанға қатысты Қырым сценарийін жүзеге асырғысы келетінін біледі ме екен? Әрине, біледі, бірақ сабырлық танытып, үндемей отыр. Есесіне, Ресей НАТО-ның бұрынғы кеңес шекарасына бұқпантайлап жақындағанын, Еуроодақ арқылы өз қатарына бұрынғы кеңес республикаларын тартып жатқанын үнсіз қалдырмауда.
28-қарашада Мәскеуде BBC, РИА “Новости” және МИА «Россия сегодня» журналистерінің қатысуымен “Медиа будущего” форумы болып өтті. Форум бағдарламасы журналистика саласындағы техникалық жаңалықтарға арналса да, әңгіме ауаны еріксіз күн тәртібіндегі көкейтесті мәселелерге ауысып кетіп отырды. Мәселен, спикерлердің бірінің „Дмитрий Киселев — өзіндік ұстанымы бар журналист„ деген сөзіне біреулер ішек-сілесі қатқанша күлсе, басқалары — ду қол шапалақтады. Форум спикерлерінің бірі, „Россия сегодня„ Халықаралық ақпараттық агенттігі халықаралық журналистика және зерттеу орталығының жетекшісі – Вероника Крашенинниковамен болған сұқбатымызды ақпараттық соғыс мәселесін талқылаудан бастауды жөн көрдік. Анығын айтсақ, техникалық прогресс журналистердің қолына жаңа қару бергені секілді, журналистердің өздері де көп ретте ақпараттық соғыс стратегтерінің қолындағы қаруға айналуда.
Форумда Вероника Крашенниникова талдамлы журналистикаға сұраныстың артып келе жатқаны туралы айтып, өзі жетекшілік ететін Орталықтың бірнеше жұмысын мысал ретінде келтірген болатын: талдамалық шолу «Украина, Грузия, Молдавия: Еуроодақ арқылы НАТО-ға апаратын жол» және “Украинаға қарсы диверсия: поляк ізі”.
Осы жұмыстардың геосаяси сипаттамасын ескере отырып, Қазақстан қайткенде де Крашенниникова жүргізген зерттеулердің ауқымында болды деген болжам жасауға боладыда негіз бар.
— Сіздің талдауларыңыздан Қазақстанды көру бізге қызық болар еді, бірақ біз онда жоқ екенбіз. Біз қызығушылық тудырмадық па?
— Жалпы, біз ТМД-дағы жағдайды бақылап отырамыз. Грузия болды, Украина, ал Қазақстан… Сіздерде бәрі тыныш.
— Бірақ бізде төтесінен қойылған сұрақ бар — Қазақстанға Қырым сценарийін қолдану мүмкін бе?
— Жалпы, бұл мәселе неліктен туындап отыр?
— Осындай тұжырымдама жасаған американдық сарапшылардың мақалалары бар. Лента.ру агенттігі экс-журналистерінің «Усть-Каменогорская республика» мақаласы да елді біраз дүрліктірді…
— Міне, сұрағыңыздың жауабы – мұндай ақпаратты не батыстың сарапшылары, не болмаса, сол баяғы Азар береді. Мұның жалған ақпарат екені бесенеден белгілі. Шынымды айтсам, сіздерде мұндай сценарийдің болу мүмкіндігін сізден алғаш рет естіп отырмын. Иә, Литва шекарасының маңында сол елге баса-көктеп кіруге дайын тұрған ресейлік танктер, Еуропарламент депутаттарынан осы мекеме дәліздерінде поляктар мен Балтық жағалауы елдері өкілдерінің бір-бірімен олардың қайсысын Ресей бірінші басып алатындығы жөнінде дауласып жүргені туралы естігенмін. Ал біз өзіміздің кімді басып алғымыз келетіні туралы білмейді екенбіз. Міне, сізден енді біліп отырмын…
Бүгінгі ресейлік журналистиканың феномені — ол насихаттың, әсерлі журналистиканың және фактілермен батыл жұмыс істеудің, кейде, тіпті, оларды көпе-көрінеу бұрмалаудың қоспасы. Жақында өткен қазақстандық Медиа-Құрылтайда қолдарын жайған біздің сарапшылар бір нәрсемен амалсыз келісті: біздің ақпараттық кеңістікті Ресей еш қандай соғыссыз билеп-төстеп алған, бірақ біз оларға еш нәрсені қарсы қоя алмай отырмыз. Ал Вероника Крашенниникова ресейлік журналистика мәртебесінің нығайғанын айтады — оған сенім арта түскен:
— Біздің журналистік жұмысымызды оқырмандар мен көрермендер қалай бағалайды? Қоғамдық пікір қорының 2014 жылғы наурыздағы мәліметтері бойынша халық журналистер беретін ақпараттың 60 пайызы ақиқатқа сәйкес келеді деп есептейді екен. Респонденттердің 23 пайызы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтса, қалған 17 пайызы нақты баға беруге қиналды. Атап айтарлығы, 45 жастан жоғары азаматтар, басқаларына қарағанда, журналистерге аз да болса, көбірек сенімділік танытады. Журналистер жұмысының сапасына халық неғұрлым жоғары баға бере бастапты. Егер 2002 жылы ресейліктердің тек 61 пайызы журналистер өз жұмысын жақсы атқарады деп бағаласа, бүгін бұл көрсеткіш 72 пайызға жеткен.
Медиа-Құрылтайда Арманжан Байтасов бір нәрсені дәл айтқан еді, қазақстандықтардың көпшілігі Украинадағы соғысқа Киселевтің көзімен қарайды — бұл сұмдықтың көкесі емес пе. Осы орайда, атап айтарлығы, сол статистика келесіні көрсетіп отыр — адамдар автордың жеке ұстанымы тұрғысындағы журналистиканы көбірек бағалай бастаған:
— Соңғы жылда талдамалық бағдарламаларға деген назардың артқаны анық байқалады, олардың арасында Дмитрий Киселев жүргізетін “Вести недели” көш бастап тұр, оны соңғы 2-3 айда ресейліктердің 56 пайызы бір рет болса да көрген, ал 2013-жылғы сәуірде бұл көрсеткіш 51пайызға тең болған еді, – дейді Вероника Крашенинникова. – Рейтингте оның артында сенбідегі «Вести» және «Воскресное время» бағдарламалары орналасқан, атап айтарлығы, соңғы жылда осы қорытынды бағдарламалардың аудиториялары және оларға деген қызығушылық артып отыр. Десек те, барлығынан көп өскені Киселевтің бағдарламасы – ол 10 пайызға артқан…
Крашенниникованың осы бағдарламаға берген сипаттамасы да қызығушылық тудырады:
— Оны барлығы біледі, менің ойымша, сюжеттер не туралы болса да, олар өзінің тереңдігімен және ауқымдылығымен ерекшелінеді. Тіпті, тақырыптан бейхабар адам әрбір жаңа сюжеттен көптеген жаңа ақпарат алады. Ал ең бастысы – автордың айқын және нақты ұстанымы. Автор екі жақтың да „сыбағасын„ беріп, теңгермешілдікті ұстанбайды, ол өзінің көзқарасы бар адам.
Өзінің байқампаздығы мен жалпы статистиканы тұжырымдаған Халықаралық журналистика орталығының жетекшісі журналистиканың, кем дегенде, ресейлік журналистиканың, негізгі тренді туралы былай дейді:
— БАҚ-қа сенімділік артуда, саяси ақапараттарға, авторлардың терең және азаматтық ұстанымына қызығушылық күрт көтерілуде. Жалпы, талдамалық журналистикаға сұраныс артып отыр.
— Телевизия мен газеттерге қатысты ой толғау оңай, ал Интернетте нақты көрсеткіш — трафик бар. Сіз талдау мақалаларына келетін трафикті жаңалықтар легіне берілгенімен қалай бағалайсыз?
— Әлбетте, әйгілі, дабыра жаңалықтар үлкен қызығушылық тудырып, олар көп қараулар жинайды. Алайда назар аударыңыз — көкейтесті мәселелер бойынша дайындалған біздің талдау мақалаларымыз ондаған мың қараулар жинайды, бұл Рунет үшін өте жақсы көрсеткіш. Өмір күрделі және күрделі болған, ал бүгін ол күрделене түсті. Егер заттың ішкі және сыртқы мәні бірдей болса, ешқандай ғылымның қажеті болмайды.
Талдау журналистикасының табысын сарапшы осылай түсіндіреді. Десек те, ол — осы мамандықтың ең күрделі және ауқымды жұмысты талап ететін жанрларының бірі, мақалалар ұзақ дайындалады, оларға жоғары талаптар қойылады және олар сирек жарық көреді. Ал ең бастысы — бұл жерде журналистің өзі, оның өмірлік ұстанымы ерекше маңыз атқарады – Киселев табысының құпиясы, міне, осында.
— Шынында да, ақпаратты қазіргі нақты өмірге, тарихи кезеңге лайықтауға тура келеді, міне, осы жерде журналистің жауапкершілігі, біздің біліктілігіміз туралы сұрақ туындайды, өйткені миллиондық аудитория ақпаратты біз, біздің ақыл-ойымыз арқылы қабылдайды. Журналист мамандығы бізді үнемі оқуға, білімімізді дамытуға міндеттейді. Талдамалы журналистика мәселені немесе үрдісті ақпараттандыруды немесе фактілерді констатациялауды ой елегінен өткізу барысында ғылыми бастаманың болуын бағамдайды…
Соңғысы: интернет-аудитория өсіп келеді — өткен жылы ол Ресейде 9 пайызға артты. Өңірлік телевизия да өсіп келеді, ал газеттер, өкінішке қарай, құлдырап барады. Ендеше, Киселевтың аудиториясы өсе береді, сондай-ақ Ресейдің немесе НАТО-ның кімді және қашан басып алғысы келетінін Интернет арқылы білгісі келетіндердің де саны да арта береді. Яғни, онсыз да Интернетте қайнап жатқан ақпараттық соғыс одан әрі шиеленісе түседі.