„ҚазМұнайГаз Өнімдері„ компаниясы жеткізуге уәде берген импорттық бензин Қазақстанға жеткізілмейтін сыңайлы. Оны сатып алу жөніндегі тендер өткізілмеді. Ол аз болса, кейбір сарапшылар бұл туралы барлық мәліметтерді шындыққа жанаспайтын ақпарат ретінде бағалауда – Қазақстанға бензин сату жөніндегі шынайы келіссөздер болған емес.
10-қазанда мемлекеттік сатып алулар сайтында «ҚазМұнайГаз Өнімдері» компаниясынан бензин сатып алуға тендер жарияланған болатын. Дәл осы күні Энергетика министрлігі Қазақстандағы бензин тапшылығын Әзірбайжанмен жасалатын келісімнің көмегімен ішінара шешуді көздеп отырғанын мәлімдеді. Алайда әзірбайжандық Socar мемлекеттік мұнай-газ компаниясы біздің порталға берген түсініктемесінде Қазақстанмен жасалған келісімді жоққа шығарды. Ол аз болса, ҚМГ-дағы біздің дереккөзіміз 24-қазанда мемлекеттік сатып алулар сайтындағы «ҚазМұнайГаз Өнімдері» компаниясының тендері сатып алулар нәтижесіне әсер ететін ереженің бұзылуының анықталуына байланысты күшін жойғанын жеткізді.
Бірақ бұл жауапты лауазымды қызметкерлерге Әзірбайжаннан міне-міне сатып алынатын бензин туралы әңгіме айтуын жалғастыруға кедергі келтірмеді:
– Келісім бізде бар, компания қалай болғанда да мойнына алған міндеттемені орындайды деп күтеміз, – деген «ҚазМұнайГаз – өңдеу және маркетинг» АҚ бас директорының маркетинг жөніндегі орынбасары Ерлан Қойбағаров 1-қарашадағы Әзірбайжаннан бензин жеткізу мәселесіне арналған арналған брифинг барысында өз ұстанмына осылай сенімділік білдірген еді.
Ерлан Қойбағаров бензинді делдал — «Самұрық-Қазына» порталындағы тендерді ұтқан, бензинді Әзірбайжаннан өзі сатып алатын трейдингтік компанияның жеткізетінін хабарлады. Коммерциялық құпияға сілтеме жасаған бас директордың маркетинг жөніндегі орынбасары келісімнің сомасы, серіктестің есімі сияқты детальдарын жариялаудан бас тартты. Атап айтарлығы, олардың тендерге ешқандай қатысы жоқ. Яғни, бұл «ҚазМұнайГаз Өнімдері» отпен ойнап отыр деген сөз.
Бұл сұраққа жауаптың екі нұсқасы бар. Біріншісі, ол турасында біздің ҚМГ-ға жақын құрылымдардағы дереккөзіміз хабарлағандай, келесідей болуы мүмкін: теориялық тұрғыдан алғанда бензин жеткізуші компания оффшорлық компания болуы мүмкін. Оған қазақстандықтардың қатысты болуы да ғажап емес. Бұл компанияға бензинді Әзірбайжаннан сатып алу міндетті емес — ол оны өзінің қорларынан бөлуі мүмкін. Ал Әзірбайжаннан сатып алынатын бензин туралы әңгіме отандық мұнай монополисінің басқа өте тиімді келісімін тасада қалдыру үшін жасалған айла. Өйткені ҚМГ-дағылар «ең бастысы – елімізде бензин бар болады ғой!» – дейді.
Басқа нұсқасы – барлық осы күмәнді ақпарат уақыт ұту үшін таратылып отыр.
– Кез келген тендер айқын болу керек, әйтпесе, қаржының қайда және қанша мөлшерде салынғанын, кімнің және қай кезеңде ұтқанын қалай бағалауға болады? Мұның барлығы қалың көпшілікке белгілі болуға тиіс. Ал бізден барлығы соншалықты жасырылғандықтан, еш нәрсені түсінбейсің, – дейді әзірбайжан бензинін жеткізу бойынша түсінік берген ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Экономика институтының бас ғылыми қызметшісі Олег Егоров. – Ал Әзірбайжанға келетін болсақ, оның барлығы Ресейден немесе Қытайдан әкелінетін бензиннің кезекті легі жеткенше уақыт ұтуға арналған жалған ақпарат, деп ойлаймын.
Мемлекеттік сатып алулар ережелеріне сәйкес тендерлер неғұрлым ашық және айқын болуға тиіс, және олар бүркемелеудің «коммерциялық құпия» деген ұғымына жатпауы керек. Заң байқауларды өткізу тәртібін нақты белгілеген, бірақ Әзірбайжаннан бензин сатып алу келісімі неліктен екені белгісіз, «жабық процедура» түрінде өтті. Сөйтіп, келісім шарттары және жеңімпаз есімі коммерциялық құпия болыпты.
Олег Егоровтың пікірі бойынша, оқиға төмендегі желіспен өрбуі мүмкін болған: Энергетика министрлігі әзірбайжандық мемлекеттік компанияға шағын көлемде бензин бөліп, қол ұшын беруді өтінген. Компания келіседі, бірақ жоғары ұйымдар, мәселен, министрлер кабинеті, келіссөздерді тоқтатып, шетелдерге мұнай өнімдерін экспорттауға тыйым салған. Сондықтан келісімге қол қойылмаған.
Нәтижесінде 2,12 млрд теңге сомасындағы АИ-92 бензинін жеткізуге тапсырыс күшін жойған. Уәде етілген шетелдік бензин елімізге жеткізіле ме, жоқ па, әзірше, бұл ашық мәселе.