Имам Төлепберген Жақиев Қазақстанда көп әйел алуға рұқсат беру керек дейді. Оның пікірінше, бұл бүгінгі тоқалдың, яғни, заңсыз әйелдің құқығын қорғауға қажетті шара. «Аманқұл Ата» мешітінің бас діндәрі шенеуніктер өз дүние-мүлігін ашынасымен (заманауи тоқалдардың қазіргі қоғамдағы мәртебесі осылай аталады) бөліскісі келмегендіктен, елімізде көп әйел алу туралы заң қабылданбай отыр, деп есептейді. Оның пікірінше, мұндай жағдай екінші және үшінші әйелдерге ғана емес, сондай-ақ осындай қатынастар нәтижесінде дүниеге келген балаларға да жағымсыз әсер етеді.
— Бұл мәселені елемеу, осы әйелдердің тағдырына енжарлық таныту, деген сөз, – дейді имам. – Егер біз адамзаттың нәзік бөлігінің құқығын қорғау туралы әңгіме бастасақ, онда ешкімге артықшылық бермей, көп әйел алуды заңдастыруымыз керек. Мұндай некеден туған балалар ешкімнен именбей, әкелерінің атын мақтанышпен атауға және мұрагерлікке құқықты болу керек. Бұл, бүгін өзіміз көріп жүрген жағдайдан, яғни, жалғызбасты әйелдің белгісіз әкелерден тапқан бірнеше баласын жалғыз өзі асырап жатқанға қарағанда, әлдеқайда дұрыс болатынына келісетін шығарсыз. Бұл, менің ойымша, қоғамның азғындауы. Біздің шенеуніктер өте жиі ауыстыратын ашыналарымен өздеріне тиесілі дүние-мүлікті бөлгісі келмейді. Иә, өз ашынасына көмектесетін, оларды үлде мен бүлдеге орап қоятын ірі шенеуніктер бар, олар соншалықты көп емес. Алайда мәртебесі төмен шенеуніктер де бар ғой, ол жерде жағдай мүлдем басқа.
— Егер біреудің екінші әйелі, яғни, тоқалы сізге азаматтық күйеуі 10 жылдан кейін өзін тастағысы келетінін, ортақ балаларды ер жеткізуге көмектескісі келмейтінін айтып келсе, көмектесесіз бе?
— Әрине, қол ұшымды беремін. Мұндай жағдайда біз ерлерді ар-ұятқа, Құдай, отбасы алдындағы жауапкершілігін ұмытпауға шақырамыз. Егер ер-азамат отбасын құрса, мейлі ол жалғыз, мейлі екі әйелі болсын. Ол әділ болу керек. Бірақ біз қандай да бір әкімшілік шара қолданып, оларды мәжбүрлей алмаймыз. Бұл өкіметтің дәргейі.
— Заң тұрғысынан алғанда, екінші әйел, яғни, тоқал – некеден тыс қарым-қатынас. Ислам некеден тыс қарым-қатынастарға қалай қарайды?
— Ислам оларды қолдамайды. Міне, сондықтан біз жыныстық серіктес болғанша, заңды әйелі болсын деп есептейміз. Ал ерлердің жауапкершіліксіздігіне келетін болсақ, исламда мұндай мінез-құлықты кінәраттайтын мысалдар жетіп-артылады. Қазір, өкінішке қарай, адамдар дүниеқұмар болып, құдайдан қорқудан қалып, рухани азғындауға ұшырап барады. Егер адам еш нәрседен қорықпаса, ол заңды белінен басуға бейім болады және басады.