Ресми мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда көпшіліктің еңбекақысы мен табысы артып, кедейшілік деңгейі төмендеуде. Атап айтқанда, статистика жөніндегі агенттіктің мәліметтері бойынша, Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс шамасы 2014 жылғы маусымда алдыңғы мамыр айымен салыстырғанда 7,3 пайызға артқан. Егер дүкен мен базарларға бармай, тек ресми есептермен «тамақтансақ», онда Қазақстан шынымен ең озық 30 мемлекеттің қатарына кіруге дайын, көркейіп келе жатқан мемлекет екен деп қаласың.
Дегенмен өмір деңгейінің артқаны туралы айтуға бола ма? Формалды тұрғыдан — иә, болады. Мәселен, ел халқының табысы ең төменгі күнкөріс шамасынан аз бөлігінің үлестік салмағы 2008 жылы 12,1 пайызды құраса, өткен жылы ол 2,9 пайызға дейін қысқарды. Бұл көрсеткіштің биыл ол тағы да төмендейтінін болжасақ, жақын уақытта ол мүлдем жойылады, деуге болады.
Алайда эконика мен халық тұрмысы деңгейінің өсуін әсерлеп сипаттау шынайы жағдайға жанаспайды.
Өйткені өзіміз мақтанышпен жар салған тұрмыс деңгейінің өсуі ең төменгі көнкүріс шамасы көрсеткішін айқындайтын нормативтердің өте төменгі, тек жансақтауды қамтамасыз ететін деңгейде болуы есебінен жүзеге асып отыр.
2013 жылы Қазақстандағы орташа күнкөріс шамасы айына 17789 теңгеге, яғни шамамен 117 долларға бағаланған. Үстіміздегі жылғы маусымда ол өткен жылдың маусымымен салыстырғанда, 9,4 пайызға артып, 20176 теңгені құрады. Алайда ақпандағы девальвация күнкөріс шамасын 110 долларға дейін төмендетті. Сөйтіп, ол бүгін толқып жатқан көрші Қырғызстандағы осындай көрсеткіштен сәл ғана артық, бірақ Қазақстандағы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім он еседен артық.
Естеріңізге салсақ, күнкөріс шамасы дегеніміз – құрамына азық-түліктен басқа тауарлар мен қызметтер кіретін ең төменгі тұтыну себетінің құнына тең бір адамға қажетті ақшалай табыстың шекті мөлшері болып табылады.
Алайда тұтыну себетінің құнын есептеу және оның құрылымын қалыптастыру әдісі Батыс елдерінің қолданысындағы әдістен мүлдем бөлек. Мәселен, АҚШ-тағы тұтыну себеті үш жүзге жуық атаудан тұрады, онда ең үлкен пайыз азық-түлік тағамдарына берілген, бірақ бензинге, темекіге, алкогольге және үйден тыс тамақтануға жұмсалатын шығындар да қарастырылған. Францияның тұтыну себетіне 500 -ден астам атаулар енгізілген. Атап айтқанда, онда шарапқа жұмсалатын, мейрамханалар мен сұлулық салондарына бару шығындары да қарастырылған. Әрине, барлығы ең шекті мөлшермен алынған (айталық, айына бір рет киноға бару).
Отандық тұтыну себетінің азық-түлік бөлігі – тағамдардың миллиграммдап өлшеніп, жазылған мардымсыз жиынтығы. Сарапшылардың бағалауынша, ол ең шекті мөлшермен алынған, тұтыну нормасы, тіпті,… соғыс кезіндегі неміс тұтқындарының нормасынан аз. Азық-түлікке жатпайтын бөлігінде нақтылық мүлдем жоқ: оны адамдардың өздері шешеді, не нәрсе маңызды киім бе, әлде интернетті пайдалану ма. Дәрі-дәрмек, электр энергиясының, жылыту мен сумен қамтамасыз етудің құны тұтыну себетіне кірмейді және күнкөріс шамасының шекті мөлшерін есептеу кезінде есепке алынбайды. Ал бұл қызметтердің шынайы бағасы үнемі өсіп отырады және олардың күнкөріс шмамасының шекті мөлшеріндегі ресми есепке алынбайтын үлес салмағы да артады. Атап айтсақ, маусымда күнкөрістің шекті шамасындағы азық-түлік тауарларының үлесі 12105 теңгені, басқа тауарлар мен ақылы қызметтер 8710 теңгені құрады.
Осы «шекті шамаға» күн көруге бола ма? Бұл, әлбетте, шешендік мәселе. Мұндай ақшаға өз денсаулығына зиян келтірмей өмір сүруге болмайтындығын түсінетін біздегі халық қызметшілерінің (министрлер, депутаттар) ешқайсысы бұл тұжырымды жоққа шығаруға батылдық танытпайды. Оны түсінуге болады. Олардың өмір стандарты бөлек: олардың бір күндік еңбекақысы ел халқы үшін белгіленген айлық күнкөріс шамасы мөлшерінен артық.
Ішінара парламентте әлеуметтік стандарттар сапасы мен тұрмыс деңгейін халықаралық принциптер мен әдістерге сәйкестендірудің қажеттілігі туралы мәселе қозғалады, бірақ бұл ниеттер сөз күйінде қалып қоюда. БҰҰ «ең төменгі еңбекақының мөлшері сағатына 3 доллардан аз болуына жол беруге меу керек», деп бағалап отырған кезде, еліміздегі еңбекақының шекті мөлшері сағатына 1 доллардан аз болса, қандай өмір стандарттары туралы әңгіме қозғауға болады. Шамасы, билік елдің бәсекелестік қабілетін бірінші кезекте, өткізілген халықаралық саммитттер мен көрмелердің саны емес, халық тұрмысының сапасы анықтайтынын «ұмытып» кеткен сияқты.