Қазақстан үкіметі экономикадағы табыстары туралы жағы талмай жариялауда. 1-шілдеде Астанадағы брифингте Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков биыл еліміздің 10 мың тонна етті экспортқа шығаратынын мәлімдеді. Алайда табыстар туралы мәлімдеген аграрлық ведомствоның басшысы бір жәйтті «ұмытып кеткен» сияқты. Мәселен, Қазақстан 2008 жылы қатты мұздатылған 156,4 мың тонна ет импорттаса, 2010 жылы — 202 мың тонна, ал 2013 210 мың тонна етті шеттен әкелген.
Атап өтсек, мемлекет тарапынан сатып алушы монополистердің әрекеттерін қадағалау жоқ. Егер ҚР Қаржы министрлігі Кеден комитетінің есебіне сенетін болсақ, еліміздің шекарасынан өткен еттің бағасы күрт көтеріледі екен. Мәселен, тауық етінің бағасы 25 пайызға қымбаттаса, сиыр етінің құны екі есеге дерлік артады. Ет өнімдері Беларусь, Ресей, Қытай, Аргентина, Австралия, Бразилия және Канададан жеткізіледі. Біраз жылдан бері сарапшылар азық-түлік қауіпсіздігі саласында Қазақстан өзін бидайдан басқа ешқандай өніммен 100 пайыз қамтамасыз ете алмай келе жатқанын айтып келеді. Осындай жағдайда 2016 жылы экспортталатын етті 60 тоннаға жеткізу жөніндегі үкімет жоспары қалай орындалмақ?
Мамандардың пікірі бойынша, Қазақстанға шеттен жеткізілетін ет көлемінің жоғары болуы шаруашылық инфрақұрылымын қасақана құрту салдарынан орын алып отыр. Ірі тауарлық шаруашылықтарды сақтай отырып, ұжымшарлар мен кеңшарларды акционерлік қоғамдарға айналдырудың орнына, оларды жеке шаруашылықтар деңгейіне дейін ұсақтаған.
Бүгінде өндіріс технологиясы, өнім сапасы жоқ осындай шаруашылықтарда елде бар мал басының 80 пайызы шоғырланған. Осындай «реформалаудың» салдарынан елдегі мал басының саны күрт азайды. 1990 жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда, 2014 жылы ірі қараның саны 59 пайызға, қой мен ешкі саны 49 пайызға, құс — на 57 пайызға азайған. Бір кездері одақ қорына 330 мың тонна ет жіберіп отырған Қазақстанның кешегі даңқы бүгінде келмеске кеткен.
ҚР Статистика жөніндегі агенттігінің мәліметтері бойынша, елімізде жылына 1 млн тоннаға жуық ет өндіріледі (оның 400 мың тоннаға жуығы ірі қара малдың еті) екен. Сырт көзге ол бізге жетуі тиіс. Бірақ жетпейді. Өйткені статистикада сойылған малдың еті көрсетіледі. Ал бір бастан шығатын таза ет оның салмағының жартысын береді. Яғни, елімізде жылына бар-жоғы 500 мың тонна таза ет өндіріледі.
Әрине, мұндай көрсеткішпен өз нарығымыздың сұранысы да қамтамасыз етілмейді. Соған қарамастан, билік «уайым-қайғыға салынбай», саланы дамытудың түрлі жоспарлары мен стратегиясын бекітуде. Атап айтарлығы, үкімет өз халқын етпен қамтамасыз етудің орнына еттің экспортын арттыруды көбірек ойлайтын сияқты.
Алайда Қазақстандағы мал шаруашылығын тиімді дамыту жолында көптеген шешілмеген түйткілдер тұр: мал басының ұсақ шаруашылықтарда шоғырлануы, мал дәрігерлік қызметтің нашар күйі, мал өнімділігінің төмен болуы, жем-шөп өндірудегі кемшіліктердің жүйелі сипат алуы. Сондықтан Қазақстанның өз халқын қашан өзіөндірген етпен қамтамасыз ететінін болжау қиын.
2013 жылы ет өндіру 2012 жылмен салыстырғанда небәрі 1 пайызға артқан! 2012 жылмен салыстырғанда, ірі қара малдың саны 1,2, жылқы – 1, құс – 2,8 пайызға артып, ал қой мен ешкі басының саны 0,6, шошқа – 10,5 пайызға азайса, басқаша болу мүмкін бе? Мұндай өсу қарқынымен Қазақстан алдағы 8-10 жылда ет өнімдерін шеттен жеткізуге мәжбүр болады.
Мамандардың есебі бойынша, жыл сайын 60 мың тонна ет өндіру үшін 300 мың бас мал ұстау қажет, ол үшін 500 мың аналық мал басы қажет. Алайда, біріншіден, осыншама асыл тұқымды (ангус, герефорд, шароле) мал басын Канададан, АҚШ-тан, Австриядан қысқа мерзімде жеткізу, немесе отандық малдың генетикасын өз бетімен жақсартып, өсіру мүмкін емес. Оның үстіне, өзіміздің сиырымыз – қазақы ақ бас «ұлттық» сиыр саны азайып барады. Қазір одан 76 мыңға жуық бас қалған.
Екіншіден, 2011 жылы тек 300 бастан астам ірі қара қалған субъектілер бойынша субсидиялар бөлінген. Ал олардың саны республика бойынша ірі қара өсірумен айналысатын 17000 ауыл шаруашылығы құрылымы ішінде 100-ден аспайды.
Үшіншіден, еліміздегі сұраныс жем-шөптің бір де бір түрі бойынша қамтамасыз етілмейді. Атап айтқанда, пішен, дәнді дақылдар, жемдік қызылша сияқты бағалы жем өндірілмейді. Жайылымдардың төрттен бір бөлігі мал жаюға жарамайды, олардың күйі күн өткен сайын нашарлай түсуде, ал шенеуніктер оған мән бермеуде. Олар мал бордақылауға арналған қымбат бағалы орындардың құрылысына бой ұрған.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша, «2014–2015 жылдарға арналған «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасы шеңберінде 70 мың басқа арналған бордақылау алаңын салу жоспарланған. «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ қаржысы есебінен үш мың басқа арналған бордақылау алаңын қаржыландыру қарастырылған. Бүгінгі күні 4,3 мың басқа арналған 10 мал бордақылау алаңы пайдалануға берілген». Алайда бордақылауда тұрған мал сапалы, құнарлы жем-шөпті, тиімді жемдеу технологиясын сақтауды талап етеді. Ал бұл жағы бізде үлкен қиындықтар тудыруда.
Ауыл шаруашылығы министрлігі толып жатқан стратегиялық мақсаттарын шешіп болғанша, әкімдіктер әлеуметтік мәселелерді шешуге басымдық беріп жатса, нақты іспен айналысатын фермерлік шаруашылықтарды қаржыландырудың және салааралық қарым-қатынастардың тиімді қызметін реттеу мемлекет назарынан тыс қалып, мал шаруашылығын жандандыру туралы барлық игі жоспарлар мен жобалар қиял ретінде қала бермек.