Бүгін Қызылорда облысының басшысы Қ.Көшербаевтың төрағалық етуімен Қазақстан халқы Қызылорда облыстық ассамблеясының ХVІІ сессиясы өтті. Жиынға Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚР Парламенті Сентаның депутаты Анатолий Башмаков қатысты, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Алдымен аймақ басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы ХХІ сессиясының қорытындыларынан туындайтын міндеттер туралы баяндама жасады. Жалпы, келер жылы Ассамблеяның құрылғанына 20 жыл толады. Елбасы 2015 жылды – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялауды ұсынды. Қазір Үкіметі тарапынан іс-шаралар жоспары әзірленуде. Облыс әкімі бұл мерекеге орай Сыр өңірінде де ауқымды жобалар жүзеге асатынын атап өтті.
– Әр әкім, басқарма, мекеме басшылары Ассамблея жылын өткізу тек Ассамблея хатшылығына керек нәрсе деп түсінбеулері тиіс. Бұл Ұлттық жоспарды жүзеге асыру – әрбір басшының тікелей міндеті. Сондай-ақ, облысымыздағы ірі компаниялар мен кәсіпорындарда да қоғамдық келісім кеңестерін құрып, этносаралық тұрақтылық пен қоғамдық келісімді нығайтудағы жұмыстарын тұрақты жүргізіп отыру қажет, – деді Қазақстан халқы Қызылорда облыстық ассамблеясының төрағасы, облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Тағы бір айта кетерлігі, осы күзде татар халқының ұлттық мерекесі «сабантой-2014» республикалық шарасы Сыр өңірінде өтеді. Шараға Татарстан Президенті Рустам Минниханов қатысады.
Өңір басшысы сала басшыларына «Достық үйінің» құрылысын биіл бастауды тапсырды. Бұл нысан келер жылдың соңына дейін пайдаланылуға берілетін болады.
Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚР Парламенті Сентаның депутаты Анатолий Башмаков өңірде атқарылып жатқан жұмысқа жоғары бағасын берді. Осы игі істерге ұйытқы болып жүрген аймақ басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалімен марапатталды. Сондай-ақ, татулықты туып етіп, ел бірлігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген жандар Қазақстан халқы Ассамблеясының «Құрмет» грамотасымен және «Алғыс хатын» иеленді.