Бүгін Қызылордада «Еруазиялық ықпалдастық: болашаққа беталыс» тақырыбындағы Қазақстан-Ресей-Белорус эксперттік форумы өтті.
«Келесі жылдың 1 қаңтарынан жұмысын бастайтын экономикалық одақ ХХІ ғасырда жүзеге асқан алғашқы ауқымды бастама», — деді аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев.
«Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған 20 жыл ішіндегі жетістіктерін саралап көрсек, біз ашық саясат арқасында жоғары нәтижелерге қол жеткіздік», — деді облыс әкімі.
Еуразиялық экономикалық одақ құрылуына байланысты әр мемлекет және оның жеке аймақтары бәсекеге қабілетті болуы үшін өнеркәсіп және саудасын дамытуы тиіс.
«Облыс өнеркәсібінің 93,4 пайызы мұнай-газ және уран өндіруге тиесілі. Бізді мұндай экономикалық құрылым мүлдем қанағаттандырмайды. Өңір экономикасы белсенді әртараптандыруды қажет етеді. Сондықтан аймақта мұнай өндірумен қатар металлургиялық кластерді қалыптастырамыз. Үкімет металлургиялық кластерді аймағымыздың полиметалдық кендердің бай қорлары негізінде дамуы бойынша «Жол картасын» мақұлдады. 2010 жылы пайдаланылуға берілген ірі күкірт қышқыл зауытының қуаттылығын екі есе ұлғайту және оның негізінде басқа да химиялық өндірістерді ашу мәселесі қаралуда», — деп атап өтті Қырымбек Көшербаев.
Аймақта жақын арада шыны зауыты, құбырлар және цемент шығару өндірістерін салу жүзеге асырылады. Келешекте көлік құрылыс зауыты да салынады.
Сарапшылардың бас қосуында ЕЭО институтының директоры В.Лепехин «Еуразиялық одақтың тарихи маңызы мен перспективалары» тақырыбында баяндама жасап, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың одақты құрудағы ролін атап өтті.
«Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры А.Чеботарев өзінің «Еруазиялық интеграция: Жаңа деңгейге шығу немесе шиыршық бойынша қозғалыс» тақырыбындағы баяндамасында ЕЭО дамуының әлеуетті жолдарын және одақ мүшелерінің сыртқы экономикалық байланыстарын бекіту тәсілдерін қарастырды.
Беларусь стратегиялық және сыртқы саяси зерттеулер орталығының директоры А.Сивицкий ЕЭО даму мәселелері мен келешегін саралады. Оның пікірінше, Қазақстан-Ресей және Беларус өз мүдделерін бірлесе қорғап, әлемдік нарыққа шығу керек.
Жалпы, үш елдің экономист-сарапшылары жаңа құрылған одақтың өзекті мәселелерін талқылады.