Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шетел инвесторларын жоспарланып отырған жекешелендіру науқанына қатысуға шақырды, — деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Бурабайда Шетел инвестрлары кеңесінде сөйлеген сөзінде Назарбаев «Шетел инвесторларын Қазақстанда 700-ден астам компанияны жекешелендіруге қатысуға шақырамын. Инвесторларды Қазақстандағы өздеріне қажетті өнімдер мен қызмет түрлерін сатып алу әдістерін қайта қарауға да үндеймін» деді.
Назарбаевтың пікірінше, бұрыннан мемлекет меншігінде болып келген білім беру, денсаулық сақтау, сумен жабдықтау және басқа да салалардағы мекемелерді концессияға беруді де жылдамдату қажет.
Жиында мемлекет басшысы үкіметке «коллеждерді, жоғары оқу орындарын басқару ісіне де инвесторларды тартуды» тапсырды.