Павлодарда сыбайлас жемқорлыққа қатысты жанжал салдарынан тоқтатылған мектеп құрылысы қайта басталды. Бұл туралы құрылыс, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының бөлім басшысы Қанат Исаев хабарлады.
– Павлодар қаласында 1200 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр. Былтыр белгілі себептерге байланысты құрылыс тоқтап қалған. Қазір біз соттасып жатырмыз, сондықтан мердігермен жасалған келісімшартты бұза алмаймыз. Биылғы жылға 1 миллиард теңге бөлінді. Жоспар бойынша, мектеп 2015 жылы пайдалануға берілуі тиіс, – деген Қанат Исеавтің мәлімдемесін ҚазТАГ хабарлайды.
Бұрын хабарланғандай, өткен жылдың желтоқсан айында Павлодар облысы әкімінің бұрынғы кеңесшісі Төлеген Бастенов пара алу кезінде тұтқындалған болатын. Қаржы полициясының деректері бойынша, ол Шығыс Қазақстан облысында тіркелген фирмаға қолдау көрсеткені және мектеп құрылысының тендерін жеңіп алуына көмектескені үшін 10 миллион теңгеден астам ақшаны пара ретінде алған. Сондай-ақ, делдал арқылы пара бергені үшін мердігер-фирманың өкілі Заур Мансуров тұтқындалды. Қазір олардың екеуі де қамауда отыр.
Павлодардағы Ворушин көшесіндегі мектептің құрылысы 2013 жылдың екінші жартысында басталған болатын. Білім мекемесінің сметалық құны – 2,1 миллиард теңге.