Маусымның 3-і күні Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне ЕҚЫҰ Бас хатшысы Ламберто Занньер мырзаның атынан отандасымыз Мәдина Жарбосынованың сол ұйымның адам саудасына қарсы күрес жөніндегі арнайы өкілі лауазымына тағайындалғаны туралы хат келіп түсті.
«Бұл Қазақстанның ЕҚЫҰ құрылымдарындағы өкілдігінің жоғары деңгейі, Ұйым аясындағы жемісті ықпалдастығымыздың және 2010 жылы біздің сол ұйымға сәтті төрағалық еткеніміздің нәтижесі», – делінген республикамыздың Сыртқы істер министрлігі таратқан баспасөз хабарламасында.
Ведомствоның баспасөз қызметі Мәдина Жарбосынованың бұған дейін, 2013 жылдың мамыр айында тағы бір маңызды лауазымға – ЕҚЫҰ-ның Украинадағы жобаларының үйлестірушісі болып тағайындалғанын еске салады.
Айта кетсек, Мәдина Жарбосынова Қазақстанның сыртқы істер министрлігі құрылған күннен бері сонда жұмыс істейді. 1998-1999 жылдары ол министрдің орынбасары болды, одан кейін төрт жыл бойы Нью-Йоркте БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі және республикамыздың Кубадағы елшісі лауазымдарын қатар атқарды. Қазақстанға оралғаннан кейін ол Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі қызметін атқарып, негізінен адам құқығы мәселелерімен айналысқан болатын.