Каспий теңізінің суы рекордтық деңгейге көтеріліп, арнасынан тасып жатыр. Жақын маңдағы ауыл-аймақтар тұтастай суға кетуі мүмкін деген хабарландыруды естіген елден тыныштық кетті, деп хабарлайды «31 арна».
Каспий теңізі арнасынан тасып, жақын маңдағы үйлерді шайып кету қаупі бар дегенді естіген Еркінқала, Атырау, Кеңөзек, Жанбай, Дамба мен Зинеден ауылдарының тұрғындары екі күннен бері ұйқыдан қалған. Үлгергендері бала-шағаны алыстағы ағайынға апарып, өздері құжаттары мен киім-кешектерін, тіпті тамаққа дейін буып-түйіп, дайындап қойыпты.
Жұрт жандарының амандығы үшін үйлерін тастап кетуге бар.
Әзірге Атырау маңы мен Исатай ауданы бойынша бөгеттерді бекіту жұмысы аяқталған. Бұдан өзге үш жарым мың құтқарушы мен 500 жуық техника да сақадай-сай. Қазір су деңгейі 104-105 сантиметр. Қауіп төніп тұрмағанымен, су кез-келген уақытта арнасынан көтерілсе, жедел қимылдауға тура келеді дейді мамандар.