Бүгін Астанада ҚР Үкіметі мен Дүниежүзілік Банкінің арасында 21,7 млн. АҚШ долларына Қазақстанның энергетикалық тиімділігін арттыру жобасын жүзеге асыру туралы гранттық келісімге қол қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат .
Келісімге ҚР Үкіметі тарапынан Премьер-Министрдің орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, ал Дүниежүзілік Банк тарапынан банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Шебнем Аккая қол қойды.
«Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы және Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиялық жоспарына сәйкес ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын тиісінше 10 және 25 пайызға төмендету қажет. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы 2050 жылға дейін ЖІӨ-нің энергия сыйымдылығын 2 есеге төмендету міндетін қойды. Осыған байланысты атқарылып жатқан жұмыстардың бірі ретінде бүгінде Дүниежүзілік банкпен гранттық келісімге қол қойып отырмыз», — деп атап өтті Ә. Исекешев.
Оның айтуынша, жобаны іске асыру кезінде елдің барлық облыстарындағы мемлекеттік, әлеуметтік мыңызы бар нысандардың модернизациялануы жоспарланып отыр. 4 жылда 80 мектеп пен 20 емхана жетілдіріліп, энерготиімді құрылғылармен жабдықталатын болады.
Сонымен қатар, қаражат институционалдық базаны жақсартуға және энергетика саласын қаржыландырудың тұрақты механизмдерін құруға бағытталады.
Өз кезегінде Ш. Аккая энергетикалық тиімділікті арттыру үшін қолайлы жағдайларды жасаудағы Үкіметтің жетістіктерін атап өтті және Дүниежүзілік Банкі өз серіктесін жобаны жүзеге асыру барысында әлемдегі ең жақсы тәжірибемен бөлісу мен институционалды потенциялды дамыту арқылы қолдауға дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, жобаны іске асыру барысын бақылау мен үйлестіру ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне жүктеледі.