Күні кеше Қазақстанның журналистер одағы «Журналистік зерттеу» аталымы бойынша өз сыйлығын атышулы WikiLeaks сайтының авторы,австралиялық журналист Джулиан Ассанжға бергенін жария етті. Қазақстанда өмірі болмаған Ассанжға бұл сыйлық қалай табысталады деген сауалымызға бүгін жауап алдық. Қазақстан журналистер одағы премиясының лауреаты атанған Ассанжға диплом мен ақшалай сыйақы әлемге танымал пошталық компаниялардың бірі арқылы беріледі.
Джулиан Ассанждың сыйлықты табыстау рәсіміне қатысу үшін Алматыға келмейтіні әуел бастан белгілі болған. Бірақ бұл жайт оған сыйлық беруге кедергі болмады.
— Біз төрт жыл бұрын Ассанжбен құжаттарға қол қойдық. Соның арқасында біз (ҚазТАГ және КирТАГ агенттіктері — Ред.) материал әзірлеу барысында Ассанждың WikiLeaks сайтына орналастырған құпия ақпараттарын пайдалана аламыз, дейді — Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев. — Біз дәл қазір Ассанждың Ұлыбританиядағы Эквадор елшілігінде тұратынын, белгілі себептерге байланысты ол жерден кете алмайтынын да білеміз. Сол себепті, журналистика саласына қатысты аталымдар бойынша биылғы жылдың жеңімпаздары жарияланғаннан кейін біз диплом мен ақшалай сыйлықты тиісті конвертке салып, Джулиан тұратын Ұлыбританиядағы Эквадор елшілігінің мекен-жайына пошта арқылы салып жібереміз.
Еске сала кетсек, 2010 жылдың күзінде Джулиан Ассанж WikiLeaks сайтына АҚШ дипломатиялық қызметінің құпия құжаттарын жариялап, одан үлкен дау-дамай туындаған. Одан кейін Ассанж Лондонда тұтқындалды. Ассанж Швеция жерінде сексуалды қылмыс жасады деп айыпталса да, Швеция тарапы оған айып таққан жоқ. Тұтқынға алу туралы еуропалық ордер Ассанжға қарсы сот ісінің басталуына түрткі болды. Ассанж тергеуге келуден бас тартып, Швециядан Британияға кетіп қалды.
Ассанж соңғы екі жылдан бері Ұлыбританиядағы Эквадор елшілігінде бас сауғалауда, бұл жерде оған саяси баспана берілді. Ұлыбританияның жоғарғы соты Ассанжды Швецияға экстрадициялау туралы қаулы шығарған. Бірақ WikiLeaks сайтының негізін қалаушы еуропалықтар өзін АҚШ билігіне ұстап беруі мүмкін деп қауіптенеді, ал АҚШ-та оны өлім жазасы күтіп тұр.