Алматы-Өскемен трассасында Mercedes Benz Sprinter шағын автобусы мен Toyota Granvia минивенінің қақтығысуы салдарынан қаза болғандардың саны төрт адамға дейін артты.Тағы 17 адам ауруханаға жеткізілген, олардың ішінде 14 және 15 жастағы екі жеткіншек бар.
Естеріңізге салсақ, жол апаты кеше Алматы-Өскемен трассасының 39-шақырымында орын алды. Қалааралық бағдардағы автобустың шетелдік жеңіл автомашинамен қақтығысуы нәтижесінде апат орнында үш адам — минивен жүргізушісі және оның екі жолаушысы қаза болды. Тағы бір әйел ауруханаға жеткізілгеннен кейін қайтыс болған.
— Алдын ала алынған ақпаратқа қарағанда, қақтығыс Toyota автомашинасы жүргізушісінің кінәсінен орын алған көрінеді. Ол алдында келе жатқан машинадан озбақшы болғанда қарсы бағытта келе жатқан автобусты кеш байқап, күрт маневр жасауы салдарынан көлікке ие бола алмай бетон бөгетке соғылып, одан кейін автобусты ұрған, – деп хабарлады 365info.kz порталына полицияда. – Қазіргі таңда біздің қызметкерлер бір қатар сараптамалар тағайындады. Апаттың шынайы себептерін анықтау мақсатында оқиғаға куәгер болған және оған қатысқан адамдардан жауап алынуда.
Атап айтар маңызды жәйт, апат жақында жөнделген жол учаскесінде орын алған. Жол төсемінің ені 13 метр, мұнда жылдамдықты шектейтін жол белгілері орналастырылған.
Кейбір деректерге қарағанда, автобуста қазақстандық параолимпиялық жеңіл атлеттер болған көрінеді, олардың біреуі қаза болды.
Бұл 9-маусымда қалааралық автобустардың қатысуысмен болған жалғыз жол апаты емес. Тағы бір осындай жол апаты Алматы-Бішкек трассасында, Алматының шетіндегі «Алтын орда» базарының маңында орын алды. Бұрылмақшы болған автобусқа Howo жүк машинасы ұрылған. Абырой болғанда, қақтығыс кезінде қоғамдық көліктің ішінде жолаушылар болмаған.