Қазақстанда дүрбелең тудырған теңгенің кезекті девальвациясы халықты тағы да жиған-тергенін қалай сақтау туралы ойлануғамәжбүр етті. Табысын біресе доллар, біресе евро, біресе теңге түріндегі депозиттерде сақтаудан шаршаған адамдар, соңғы жылдары бағасы үнемі өсіп келе жатқан алтын салымдары туралы ойлана бастады. Алтынға және қандай алтынға инвестиция салудың дұрыс жолдары туралы сарапшылар әңгімелейді.
Мамандар Қазақстан халқының алтынға инвестиция салу мәдениеті енді ғана қалыптасып келе жатқанын, бүгінде осы асыл металдың қомақты көлемін тек жекелеген адамдардың сатып алуға мүмкіндігі бар екенін, ал ең бастысы, оны қалай дұрыс жасауға болатынын жақсы білетінін айтады. Халықтың басым көпшілігі түсініктерді шатастырып, зергерлік бұйымдарды, коллекциялық монеталарды, банктік алтын жамбыларды сатып алуды істің мән-жайын білмей жатып, инвестиция салу деп шатасады.
– Асыл металдан жасалған бұйымдарды құр сатып алу — алтынға инвестиция құю емес екендігін түсіну қажет, – дейді Алматыдағы ірі ломбард жүйелерінің біріндегі сауда операциясы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Оксана Ковалёва. – Яғни, алтынға салымды болашақта табыс алатындай, ең болмағанда, кейін оны сатқанда ұтылмайтындай, ақылмен салған жөн. Өкінішке қарай, көп адамдар мұны түсінбейді және алтыннан жасалған зергерлік бұйымдарды, коллекциялық монеталарды, алтын әшекейлердің сынығын сатып алуды салым деп ойлайды. Тек оларды сату қажеттігітуындаған сәтте неден және қанша ұтылатынын түсінеді.
Мамандар алтын сатып алуды бес түрге бөледі: зергерлік бұйымдар, олардың сынығы, коллекциялық алтын монеталар, инвестициялық монеталар мен өлшемелі алтын жамбылар. Ел арасында осылардың алғашқысы кеңінен тараған, бірақ сарапшылардың пікірі бойынша, ең залалдысы да сол. Мұндай салымдардың негізгі кемшілігі – сатып алу мен сату бағаларының үлкен айырмашылығы. Әдетте, шебердің жұмысы алтын бұйым бағасының елеулі бөлігін құрайды, ал сату кезінде ол есепке алынбайды, өйткені зергерлік әшекейлерді сынық ретінде өткізу кезінде, олардағы таза алтынның құны ғана төленеді.
– Мәселен, 2,3 грамм фионит салынып, 585 сынамалы алтыннан жасалған кәдімгі сақинаны алайық, – дейді нақты мысалға көшкен Оксана Ковалёва. – Одан салынған тастың салмағын алып тастаймыз, сөйтіп, сақинадағы таза алтынның салмағын шығарамыз, ол – 1,23 грамм. Оның калькуляциялық құны Лондон биржасындағы таза алтынның үстіміздегі жылғы 27-ақпандағы бағасымен алғанда 9729 теңе, асыл емес тас – 50 теңге және бұйымды жасау құны, егер Оңтүстік-Шығыс Азия фабрикаларын алсақ, шамамен 3000 теңге. Сонда өндірушіде сақина бағасы 12 779 теңгеге тең болып шықты. Ары қарай есептейік: он пайыздық көтерме сауда үстемесі, Қазақстанға жеткізу кезіндегі жиырма пайыздық кедендік баж салығы, импортқа салынатын 12 пайыздық қосымша құн салығы және 100 пайыздан жоғары басталатын бөлшек сауда үстемесі. Қорыта келгенде, сақина, шамамен 37100 теңге тұратын болады. Ал кейін оны тек ломбардқа өткізуге болады. Олардың көпшілігі сізге тек таза алтынның құнын төлейді. Біз қарастырып отырған жағдайда ол 9729 теңге. Яғни, сіздің «инвестицияңыздың» нәтижесі минус 27 380 теңгеге немесе 74 пайызға тең. Сөйтіп, өз ақшаңызды әлемдегі алтын бағасы кем дегенде, 75 пайызға өскенде қайтара аласыз. Ал мұндай жағдай мүмкін емес, тіпті соңғы жылдарда да болған жоқ. Түрлі сынамалы алтыннан жасалған зергерлік бұйымдардың сынықтарын сатып алу да күтілетін табысты қамтамасыз ете алмайды. Теориялық тұрғыдан алғанда, алаяқтардың құрығына түсіп қалу тәуекелінсіз сынықтарды тек ломбардтардан сатып алуға болады. Дегенмен мамандар олай жасамау жөнінде кеңес береді. Өйткені оларда сынық алтының ағымдағы әлемдік бағасына, кем дегенде, 10–15 пайыздық үстеме қосумен сатылады. Ал артынан оны ломбардқа қайта өткізу сізге тек залал әкеледі, өйткені сатып алу ағымдағы әлемдік бағадан 15–25 пайыз төмен бағамен жүзеге асырылады.
Өлшемелі алтын жамбыларын сатып алудың халыққа қаншалықты тартымды көрінуіне қарамастан, сарапшылар асығыстық жасаудың қажеттігі жоқ екенін ескертеді. Олар алдымен барлық қыр-сырын тәптіштеп зерттеуді және айналып өту мүмкін емес болатын шығындарды есептеуге кеңес береді.
– Өлшемелі алтын жамбыларын олар шығарылатын елдерде сатып алған жөн, – дейді әңгімесін жалғастырған Оксана Ковалёва. – Қазақстанда бұлай жасау тиімді емес. Өйткені бізде оларды өте сирек шығарады, а шетелден әкелгенде оларға кедендік баж салығы мен қосыша құн салығы салынады. Енді оған оларды дайындаудың аса қымбат емес құнын және асыл металлдың шынайы құнының 30 пайызын құрайтын екінші деңгейдегі банктердің сауда үстемесін қосайық. Атап айтарлығы, мұндай жамбыларды алтынның ағымдағы әлемдік бағасынан минус 10 пайызбен тек ломбардтарға кепілді өткізе аласыз.
Алтынға ақша салудың ең тиімді жолы монеталар сатып алу, дейді сарапшылар. Алайда бұл жерде де барлық ерекшеліктерді мұқият зерттеудің жөн екенін ескертеді.
Мәселен, Ұлттық банктің коллекциялық монеталарын сатып ала отырып, олардың құнына тек сатып алынған күнгі алтын бағасы емес, оларды жасауға жұмсалған жоғары шығындар мен қосымша құн салығы кіретінін ескерген жөн. Сондай-ақ жақын уақытта және қомақты кіріс күтудің реті жоқ. Дегенмен бұл, кем дегенде, маңдайтермен жиған-тергеніңізді ұзақ мерзім сақтауға мүмкіндік береді.
– Нумизматика, яғни, мұндай монеталарды жинау – таңдаулылардың ісі, – дейді Оксана Ковалёва. – Коллекциялық алтын монеталарға ақша салудың бір ережесі – аз көлемде шағын партиямен шығарылған монеталарды сатып алу. Мұндай монеталардың бағасы қысқа мерзімде мың есеге өсетін кездер де болады, бірақ ондай жағдайлар өте сирек орын алады. Егер сіз қызыққан монета аз ғана партиямен шығарылса, онда оның сіздің коллекцияңыздан орын алуы үшін қолыңыздан келгенді жасаңыз. Жақсы табыс табу үшін олардың бағасы түспей, инвестиция үшін тартымдылығы жоғары болған кезде оларды тиімді бағамен сатып ала білу керек. Ал Ұлттық банктің алтын монеталары – мүлдем бөлек әңгіме.
Мамандардың айтуынша, олардың тартымдылығы, жасау бағасы коллекциялық және зергерлік монеталардан әлдеқайда төмен және оған қосымша құн салығы салынбайды. Яғни, ондай монетаның бағасы нақты уақыттағы алтынның құнына байланысты, және оны Ұлттық банкке оп-оңай қайта сатуға болады. Атап айтарлығы көптеген басқа нұсқаларға қарағанда, шығын көп емес – сараптама және дайындау құны.
– Барлық салымдардың ішінде бүгінгі таңда ең жақсысы, ҚР Ұлттық банкінің инвестициялық монеталары, – деп сендіреді Оксана Ковалёва. – Бірақ бұл жерде де жылдам кіріс алам деп ойлау артық. Оның үстіне, біз инвестициялық монеталарды бағасы 15-20 пайыз жоғары болатын екінші деңгейдегі банктерден емес, тікелей Ұлттық банктің өзінен сатып алуға кеңес береміз. Кез—келген алтынды сату кезінде алаяқтардыңарбауына ұрынбау үшін түрлі сынамалардағы алтынның сатылу күнгі ағымдағы әлемдік бағасын білген өте маңызды.