26 қарашада Алматыда Disney студиясының «Аңдар шаһары 2» анимациялық фильмінің қазақ тіліндегі тұсаукесері өтті. Көрсетілімге қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, депутаттар, дубляж актерлары, блогерлер және БАҚ өкілдері қатысты.

Фильм 27 қарашадан бастап еліміздің кинотеатрларында қазақ және орыс тілдерінде көрсетіледі. Бұл — биыл Disney студиясы қазақ тіліне бейімдеп ұсынған төртінші туынды. Компания жыл сайын жаңа фильмдерінің шамамен 40 тілге жақын нұсқасын әзірлейді.
Өткен жылдан бері Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен ірі халықаралық студиялар әлемдік премьераларын бір мезгілде қазақ тілінде көрсете бастады. 2024 жылы Disney «Ойжұмбақ 2», «Моана 2» және «Муфаса. Арыстан патша» фильмдерін қазақша дыбыстауға қаржыландыру жасады. 2025 жылы «Ақшақар», «Лило мен Стич» және «Элио» туындылары ұсынылды.
Алматыдағы тұсаукесерге дубляж актерлары толық құрамда қатысты. Сабира Жарасқызы Джуди Хоппстың, Бақытжан Әлпейіс Милтон Рыcевичтың, Асан Мәжит капитан Буйволсонның, Еркебұлан Дайыров Дәу Мырзаның дауысын дыбыстады.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы фильмнің қазақ тілінде шығуы елдегі мәдени ортада болып жатқан өзгерістерді көрсететінін айтты. Оның сөзінше, әлемдік студиялардың қазақ тілінде дубляж жасауы – қоғамдағы тілге деген жаңа көзқарастың және өсіп келе жатқан сұраныстың нәтижесі. Мұндай жобалар қазақ тілінің табиғи қолданыс аясын кеңейтуге ықпал етеді.
Фильмнің сюжетінде детективтер Жуди Хоппс пен Ник Уайлд жұмбақ рептилияның соңына түседі. Қала тыныштығын шайқалтқан қылмыскерді табу үшін қос кейіпкер бүркемеленіп жұмыс істеуге мәжбүр болады және бірнеше сынақтан өтеді.