Көктөбе саябағындағы 415 ағаш рұқсатсыз оталған. Мемлекеттік экологиялық сараптама осындай қорытындыға келген. Ағаштарды отауға кінәлі саябақ басшылығына „қомақты„ көлемдегі айыппұл салыныпты.
Бір ай бұрын Алматының әр тұрғыны үшін өзіндік орны бар көрікті орын – Көктөбеде жүздеген ағаштардың аяусыз оталғаны туралы хабар оңтүстік астананың жұртшылығын дүр сілкіндірді.
«Көктөбе» саябағы басшылығының 1,7 гектар аумақтағы көк желектерді жойғаны есептелген.
Осы жылғы наурызда «Көктөбе» саябағының директоры Нұрлан Қазиев Tengrinews.kz порталына берген сұқбатында былай деген еді:
— Біз ағаштарды отаған жоқпыз. Біз бұрын ағаштар өсіп тұрған жерге шолу дөңгелегін орнатты деп жазып жатыр. Шын мәнінде, біз дөңгелекті бұрын алаң болған жерге орнаттық. Ол жерде болған шыршаларды саябақ аумағының басқа бөктеріне қайта отырғыздық. Қазір оларды қайтадан өз орнына отырғызып жатырмыз.
Біраз уақыттан кейін ағаштарды сүруді ақтаған (ендеше, қайта отырғызу емес, сүру болған ғой?) «Алматы қаласының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы» қазыналық мемлекеттік мекемесі өзінің Facebook желісіндегі парақшасында келесі ақпаратты хабарлады:
«Көктөбе тауының жоғарғы жағында өскен ағаштарды сүру және дренаждық жүйені орнату көшкінші топырақты бекіту үшін қажет болды
Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу институтының ұсынысы бойынша, 2004 жылы таудың шығыс және солтүстік бөктерінде топырақты көшкіннен бекіту үшін тереңдігі 9 метрден 24 метрге дейінгі 395 скважина бұрғылап, бетонмен толтырылды. Кейін бұл жеткіліксіз болғанан кейін, 2014-15 жылдарда қосымша тереңдігі 22,5 метр бетон құйылған тағы 365 скважина орнатылды. Сондай-ақ балшық құлыптарының көмегімен таудың өзін гидро оқшаулау орындалды».
Алайда мұндай сендірулер қала тұрғындарын тыныштандыра алмады. «Зеленое спасение» экологиялық қоғамы «Алматы қаласының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы» қазыналық мемлекеттік мекемесіне тұрақ, мейрамхана мен аспалы жол құрылысын кіргізіп, «Көктөбе» саябағын қайта құрылымдаудың жобасына қоғамдық тыңдаулардың материаллдарына қосып, мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысын беруді талап еткен сауалнама жолдаған.
«Сіздерден Басқарманың «Көктөбе» саябағындағы ағаштарды отауға рұқсат бергенін не бермегенін хабарлауды өтінеміз.
Егер рұқсат берілсе, онда ағаш отауға берілген сол рұқсаттың көшірмесін, қалпына келтіру-отырғызу жұмыстарының жоспарын және қалпына келтіру-отырғызу жұмыстарын орындау туралы есепті қоса отырып (қалпына келтірілген отырғызулар жүргізілген жерден фотоматериалдармен бірге), ұсынуыңызды өтінеміз».
Біраз уақыттан кейін аталмыш басқармадан естен тандырарлық жауап келді:
«Көктөбе саябағы» ЖШС-інен Алматы қаласының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасына ағаштарды мәжбүрлі отауға рұқсат беру туралы тапсырыс келіп түскен болатын, бірақ басқарма ондай рұқсат берген жоқ»
Ары қарай «Көктөбе саябағы» ЖШС-іне жасыл желектерді күту және қорғау тәртібін бұзғаны үшін 150 АЕК (318 150 теңге) көлеміндегі әкімшілік айыппұл салынғаны айтылған. Сөйтіп, әр түп ағаш шамамен 766 теңгеге бағаланыпты…
Жауапқа «Көктөбе саябағы» ЖШС-і басшылығының кепілхаты тіркеліпті, онда саябақ директоры Қазиев 2016 жылғы 1 шілдеге дейін әйгілі таудың аумағында 4150 ағаш отырғызылатынына сендіріпті.
Бұған қосарымыз, осы бір аса жағымсыз оқиғада бәрінен бұрын «Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы» қазыналық мемлекеттік мекемесінің ұстанымы таң қалдырады, ол алдымен тәртіп бұзушыларды ақтаса, артынан оларға адамның күлкісін келтіретін сомаға айыппұл салған.
Орысшадан аударған Қайрат Матреков