2016 жылғы 15-ақпанда Тегеранға 10.339 шақырым қашықтықты артқа қалдырып, Қытайдан Иранға Қазақстан және Түркіменстан арқылы жүріп өткен алғашқы транзиттік темір жол құрамасы келіп жетті, деп хабарлайды Иран.Ру агенттігі. Бұл Жаңа Жібек жолы шын мәнінде іске қосылды деген сөз — Қазақстан үкіметі ел болашағын байланыстырған жоба қарқын ала бастады.
Жаңа Жібек жолы шеңберіндегі бұл темір жол қатынасы Қытайдың, Түркіменстанның, Қазақстан мен Иранның сыртқы саудасы көлемін арттырады деп күтілуде. Иран Қиыр Шығыс пен Орталық Азияны және Таяу Шығыс пен Еуропаны байланыстыратын торапқа айналады.
Жаңа бағдар жүктерді Қытайдың Шығыс жағалауынан Парсы шығанағы нарығына жылдам жеткізудің алғашқы логистикалық шешімі болып табылады
Тестілік рейс тұрақты темір жол тасымалын қалыпқа келтіру үшін бір қатар жұмыс сәттерін және көлік жобасына қатысушы-елдердің әрқайсысының логистикасын реттеуге бағытталған.
Сынақ поезының құрамында түрлі жүк тиелген қырық футтық 14 контейнер болды.
Жолға жұмсалған жалпы уақыт – екі аптадан сәл асқан, бұл теңіз жолына жұмсалған уақыттан (25-тен 30 күнге дейін) екі есе аз
Жолдың Қытайдағы бөлігін (4.491 км, Шығыс Қытайдағы Чжецзян провинциясының Иу қаласынан Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Алашанькоу өткізу бекетіне дейін) поез бес күнде жүріп өткен. Одан кейін Қазақстан аумағымен Түркіменияның шекарасына дейін (3.417 км) төрт күнде жеткен. Поез Түркімен учаскесін (1156 км) 28 сағат ішінде еңсерген (алғашында Түркімениядағы жолға екі тәулік кетеді деп болжаланған еді).
Біраз бұрын, желтоқсан айында жаңа Жібек жолының тағы бір бағыты сынақтан өткізілген болатын — Қытайдан Түркияға Қазақстан Әзібайжан және Грузия арқылы. Бұл бағдар бойынша Шығыс Қытайдағы Ляньюньган портынан жолданған жүк Ыстамбұлға ары кеткенде 14-15 күнде жетеді деп болжаланып отыр, ал кемелерге жүкті жеткізуге 40-45 күн керек болады, деп хабарлаған еді Arka агенттігі.
2016 жылғы қаңтарда Жібек жолының тағы бір бағыты — Транскаспийлік халықаралық көлік бағдары іске қосылды. Украина Қытайға Грузия, Әзірбайжан және Қазақстан арқылы Ильичевск теңіз портынан алғашқы сынақ рейсін аттандырды. Бұған қосарымыз, бұл жобаны «Викинг» поезына қосуға қатысты Литвалық серіктестермен алдын ала меморандумға қол қойылды.
Бұл дегеніңіз, Жаңа Жібек жолына тек Украина, Грузия, Әзірбайжан, Қазақстан және Қытай ғана емес, сондай-ақ Еуропалық одақтың мүше-елдері кірді деген сөз
«Жаңа Жібек жолы» – Қытай бастамасымен іске қосылып жатқан инфрақұрылымдық жоба, оны жүзеге асыру Қытай тауарларын Орталық Азия және Кавказ арқылы Еуропаға жеткізудің елеулі жеделтілуіне және арзандатылуына мүмкіндік береді. Осы жобаны жүзеге асыр үшін Пекин $40-миллиардтық Жібек жолы қорын, сондай-ақ 2015 жылғы 29-маусымда жұмысын бастаған $100-миллиардтық Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялар банкін (АИИБ) құрды.
Орысшадан аударған Қайрат Матреков