Украина президенті Петр Порошенко Яценюк үкіметін „билікке деген сенімді қалпына келтіру үшін„ отставкаға кетуге шақырған болатын. Атап айтарлығы, Украина үкіметі парламенттегі сенімсіздік вотумынан әрең аман қалды.
«Порошенко блогы» фракциясының жетекшісі Юрий Луценко ұсынған үкіметке сенімсіздік білдіру вотумын парламенттегі 194 депутат қолдаған. Ал вотум заңды күшке ие болу үшін оны, кем дегенде, 226 депутат қолдауы керек еді. Демек, Украина Үкіметін бұрынғыдай Арсений Яценюк басқара береді. Алайда президент пен премьер-министрдің арасындағы текетірестің арты жақсылыққа әкелмейтіні бесенеден белгілі.
Қазақстандық танымал саясаттанушы Әзімбай Ғалидың айтуынша, бұл текетірестің нәтижесінде олардың біреуі міндетті түрде қызметінен кетеді.
– Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) Украинаға сәтті реформалар жасаған кезде ғана қаржы береді. Алайда Порошенко жұмсақ саясаткер болғандықтан, елде сәтті реформаларды жүзеге асыра алмай отыр. Ал Яценюк президентке қарағанда, радикалдау, батыл әрі ширақ қимылдайды. Нақтырақ айтсақ, премьер-министр Ресейге қарсы батыл мәлімдемелер жасап жүр.
Алайда халықтың Үкіметке деген наразылығы күн өткен сайын артып келеді. Бір жағынан, АҚШ пен Халықаралық валюта қоры реформаларды кідірткені үшін Яценюкке қысым көрсетуде. Оның үстіне, Яценюктің Үкімет басшысы болғанына Ресей билігі де қарсы, өйткені, ол Минск келісімі қате деген пікірде. Аталған келісімге Порошенко қол қойған болатын, – дейді саясаттанушы.
Бұл жолы Арсений Яценюк Үкімет басшысылығын сақтап қалды. Алайда алдағы уақытта оның премьер-министр болып тұруы екіталай. Яценюктің Ресейге қарсы батыл мәлімдемелері халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарта алмайды. Ендеше, Украина үкіметін кім басқаруы мүмкін?
– Оны дөп басып айту қиын. Десек те, Михаил Саакашвилидің премьер-министр болуға мүмкіндігі зор. Өйткені бүгін ол Яценюк пен Аваковты «елде жемқорлықпен күрес жүргізіп жатқан жоқ» деп айыптауда. Оның үстіне, кезінде Украинада оқыған Саакашвили, аз да болса украин тілін біледі. Қазір ол: «Мен Грузияны басқарған кезде жемқорлықты жойдым. Мені Үкімет басшысы етіп қойыңдар, Украинада да жемқорлыққа тыйым саламын» деп отыр. Оның Украина үкіметін басқаруға мүмкіндігі бар. Өйткені қазіргі таңда ол Одесса облысын жемқорлықтан табысты тазалап жатыр, сөзімен ісінде алшақтық жоқ, ендеше, танымалдығы арту түсуде – дейді қорытынды жасаған Әзімбей Ғали.