Кезектен тыс съезд аяқтала салысымен әлеуметтік желіде «Нұр Отан» партиясынан ұсынылған үміткерлер тізімін қызу талқылау басталды. Серік Жолдасбай осы мәселе жөніндегі өз ойларын ортаға салды.
Партиялық тізімге енген 127 үміткердің ішінде көпшілікке бұрыннан танымал азаматтармен қатар, бұған дейін мүлде беймәлім болып келген тұлғалар да жүр. Жалпы, депутат болу үшін міндетті түрде танымал болудың қажеті де жоқ. Алайда халық қалаулысы деген атқа ие болған депутаттар қарапайым халықтың сеніміне де ие болуы керек. Ал халық өзі сенген азаматты ғана депутат сайлайды.
Кезектен тыс съездің ең басты жаңалығы неде? Бұған дейін «экс-депутаттардың 80-90 пайызы қайтып өз орнына оралады» деген жорамал жасалған болатын.
Әйтсе де жаңа тізімге небәрі 33 экс-депутат еніпті. Демек, «Нұр Отан» партиясының атынан депутат болған 50 азамат жылы орнымен қош айтысты. Бұған бөркімізді аспанға атып қуанбасақ та «бәрекелді» деуге болады.
Себебі, Парламент көпшілік ойлағаннан әлдеқайда ауқымды жаңарады.
Алайда депутаттыққа үміткерлердің арасында боксшылар Геннадий Головкин, Серік Сәпиев, зілтемірші Илья Ильин, әншілер Қайрат Нұртас пен Жанар Дұғалова, актер Нұрлан Әлімжанов сынды азаматтардың болуы көпшілікті таңғалдырып отыр.
Жұрттың айтуынша, әншілер мен спортшылардың өмірлік тәжірибесі парламентте мәселе көтеруге жетпейді екен.
Әйтсе де экс-депутат Амангелді Айталы оларды депутаттық тізімге енгізді деп байбалам салудың қажеті жоқ деген пікірде. Амангелді Айталының айтуынша, «Нұр Отан» партиясы халықтың даусын жинау үшін аталған азаматтарды сайлауалды науқанында пайдаланады.
– Әншілер мен спортшылардың депутаттықтан үміткер болуға саяси және моралдық тұрғыдан құқығы бар. Әйтсе де кәсіби парламентке депутат болуға олардың саяси деңгейі мен білімі жете ме? Бұл, әрине, басты мәселе.
Бұған дейінгі Парламентте бірен-саран әншілер мен спортшылар депутат болып жүрді. Мәселен, белгілі боксшы Серік Қонақбаев сынды азаматтың депутат болғанын көпшілік ұмыта қоймаған шығар. Алайда олардың парламентте белсенділік танытып, депутаттық сауал жолдауы өте қиын мәселе. Себебі, депутаттар әлеуметтік және саяси мәселелерді бес саусақтай білуі керек. Менің ойымша, әншілер мен спортшылар депутат болмайды. Олар сайлауалды науқанды табысты өткізіп, халық дауысын неғұрлым көп жинау үшін керек. Сондықтан да әншілер мен спортшылар депутаттыққа үміткер болды деп байбалам салудың қажеті жоқ, – дейді Амангелді Айталы.
Депутаттың мақсаты қарапайым халықтың мұң-мұхтажы мен талап-тілегін жоғары жаққа жеткізе білу.
Алайда бұған дейінгі депутаттар осы үдеден шықты деп әсте айта алмаймыз. Ал тізімге енген азаматтар депутат болған жағдайда халық қалаулысы деген атқа ие бола ала ма? Бұл жағы белгісіз. Бізге бір белгілісі, «Нұр Отан» партиясы әншілер мен спортшыларды сайлауалды науқанда пайдаланғысы келетін сияқты. Әйтпесе, Геннадий Головкин мен Жанар Дұғалованың депутат болғанын елестетудің өзі қиын.