Әкімдердің сайлауалды науқанға қатысуы — тек амал, яғни, маневр, деген сенімде саясаттанушы Данияр Әшімбаев. Парламент Мәжілісінің депутаттығына «Нұр Отан» партиясынан ұсынылған партиялық тізімге 127 адам кіріпті, олардың ішінде, Президент Әкімшілігінің басшысы, премьер-министрдің орынбасары, «Астана ЭКСПО – 2017» басқармасының төрағасы және т.б. сияқты жоғары лауазымды шенеуніктер бар. Бірақ бұл олардың барлығы қазіргі қызметтерін тастап кетеді деген сөз емес.
– Әдетте, үміткерлер тізімін үлкен резервпен дайындайды. «Нұр Отан» 127 адам ұсынды, ал мәжілісте партиялар үшін жүзге жетпейтін орын қарастырылған. Шынтуайтқа келсек, мен «Нұр Отан» 80-ге жуық орын алады деп ойлаймын. Оның үстіне, өткен сайлаулардың мәліметтеріне көз салсақ – партиялық тізімнен депутаттыққа тек бірнеше жоғары лауазымды шенеуніктер өткен.
– «Нұр Отан» тізіміне 6 әкім кіріпті. Сіздің ойыңызша, депутаттыққа үміткер болып ұсынылған өңір басшыларының қайсысы, шын мәнінде, өз қызметін тастап кетуі мүмкін?
– Әлбетте, бұған бұл сұраққа жауап беру оңай емес. Шындап келсек, бұл мәселе тек сайлау науқаны аяқталған соң шешіледі және ол нақты облыстағы сайлау қорытындыларына және олардың уәжді негіздемелеріне байланысты болады. Оның үстіне, жақында президент жарлығымен зейнет жасына жеткен бірқатар шенеуніктердің өкілеттіліктері ұзартылды. Тізімдегі кейбір әкімдердің қызмет мерзімі жарты жылдан екі жылға дейін ұзартылды. Сондықтан мен тізімге енгізілген әкімдердің барлығы бірдей наурыз айында депутаттыққа өтеді деп айта алмаймын. Оның үстіне, Сапарбаев пен Ахметов жақында ғана тағайындалған. Мүмкін,
жас шамасын ескере отырып, депутаттыққа Кулагин мен Ізмұқамбетов өтетін болар,
– соңғы уақытта олардың зейнеткерлікке кететіні туралы жиі айтылып жүр.
– Яғни, депутаттыққа зейнет жасына толып қалған әкімдер барады ғой?
– Көптеген әкімдер тізімге кіруден өлердей қорқады, өйткені сайлау бітісімен оларды депутаттыққа өткізіп жіберу «қаупі» бірден пайда болады
— Ол аз болса, мемлекет басшысы билікке жастарды көбірек тарту қажеттігін айтқан болатын. Қазіргі таңда әкімдердің орташа жасы 50-дің маңайында, ал әкімдер корпусының төрттен бір бөлігі зейнет жасына жақындап қалғандар. Осы орайда, атап айтар нәрсе, Айдарбаев үшін зейнеткерліктің ауылы әлі алыс әрі ол жеткіліктегі деңгейдегі мықты әкім. Оны партиялық тізімге қосу зейнет жасына толып қалған әкімдерді басқаларынан бөлмеу ниетінен туындаған деп ойлаймын. Қалай десек те, алдын-ала болжам жасау оңай дүние емес. Әрине, тізім қалыптастырылды, бірақ нақты нәрсенің барлығы сайлау нәтижесі шыққаннан кейін ғана белгілі болады: қанша орын бөлінеді, кім өтеді, жаңа мәжіліс басшылығындағы орындар қалай бөлінеді.
– Егер әкімдер депутат болып кетсе, олардың орынтақтарына кімдер жайғаспақ?
– Бізде мұндай лауазымдарға кадр резерві баяғыда жасақталып қойылған – олар аймақтарға жауапты президент әкімшілігінің қызметкерлері, және өңірлерге басшылық жасауға қабілетті жекелеген министрлер, вице-министрлер. Әлбетте, бұдан бөлек, әкімдердің алға шығуға ұмтылып тұрған орынбасарлары да бар емес пе. Алайда, тағы қайталап айтамын, алдын ала кімнің депутат болатынын дөп басып айту оңай емес.
– Бұл туралы үлкен дәліздерде гу-гулеп жүрген сыбыстар не дейді? Әдетте, ол жердегілер барлығын алдын-ала біліп отырады емес пе.
– Әлбетте, дәліздерде кімнің және қай лауазымға тағайындалатыны талқыланады.
Шенеуніктер мен сарапшылар кімнен «жақсы премьер», кімнен «жақсы әкім» шығатынын талқылауға әуес
— Бірақ шын мәнінде бұл мәселені президент пен жоғары лауазымды шенеуніктердің шағын тобы шешеді. Ал олар, маған сеніңіз, дәліздерде мұндай мәселелерді талқыламайды. Ал енді келесі жағдайды елестетейік: нашар жұмыс істейтін әкім не болмаса министр болады, әлбетте, оларды алмастыру мәселесі үнемі қаралып отырады, міне, сол кезде түрлі өсек-аяңдар пайда бола бастайды. Бірақ, шынтуайтқа келсек, олардың 90 пайызының нақты жағдайға ешқандай қатысы жоқ. Ол аз болса, осындай шындыққа жанаспайтын ақпарат қоғамдық пікірді алдаусырату және тосынсый элементтерін енгізу үшін әдейі жасалады.
– Кейбір сарапшылар үлкен ротация болады деген пікірді ұстанып отыр, олардың ойынша, атқарушы билік пен заң шығарушы орган арасында елеулі ауыс-түйіс болмақ.
– Мен мәселені бұлай қоймаушы едім. Бізде атқарушы биліктің ішінде де жоғарылауға резерв бар, сондай-ақ депутаттар арасында да жоғары лауазымдарға лайықты азаматтар бар. Айтпақшы, олар VI мәжілістің тізіміне енгізілген, олар бойынша мәселе әзірше ашық тұр. Бірақ екінші жағынан, босаған депутаттардың арасынан мемлекеттік қызметтегі жоғары лауазымдарға орналасу үшін резервке алынғандарын көріп отырған жоқпын. Атап айтарлығы, негізгі ауыс-түйіс парламент өкілеттігі тоқтатылғанға дейін немесе ол біте салысымен жүзеге асады.
– Нұрлан Нығматулин тізімге енгізілді. Оның Президент әкімшілігі басшысының орны Кәрім Мәсімовке дайындалып жатыр деген пікір бар. Сонда бұл, бізде жаңа премьер болады деген сөз ғой.
– Бұл көп тұспалдың бірі сияқты және мұндай тұспалдар кезең-кезеңмен қаралып отырады. Нығматулин өзін Президент әкімшілігінің өте тиімді және мықты басшысы ретінде көрсете білді, сондықтан оның мәжіліске ауыстырылуы туралы әңгіме қозғауға әзірше ерте. Тағы бір тұспал ретінде оның кандидатурасы мәжіліс басшысы лауазымына қарастырылуы мүмкін. Қазір түрлі болжамдар айтып, кімнің премьер, кімнің депутат болатыны, кімнің Президент әкімшілігіне ауысатыны туралы сәуегейлік жасауға болады, бірақ бәрін алдын ала болжап білуге болмайды. Мәселен, мәжіліс спикерлігіне не Нұрлан Нығматулин, не Дариға Назарбаева, не Қабиболла Жақыпов, тіпті, Ахметжан Есімов тағайындалады деп жатыр, бірақ соңғы және нақты шешім тек сайлаудан кейін қабылданады. Сонымен қатар кейінге шегерілген ротациялар болуы да мүмкін, яғни, адамдар тізімге енгізіледі, бірақ оларды нақты ұсыну біраз уақыт өткен соң орын алады.
– Сіз, қалай ойлайсыз, Ахметжан Есімовтің зейнетте екенін ескере отырып, ол ЭКСПО басшысы болып қала ма, әлде депутат болып кете ме?
– ЭКСПО басшылығын ауыстыру орын алып жатқан үрдістерге жеткілікті мөлшерде кері әсер етуі мүмкін. Бұрынғы басшылық президентті жерге қаратты, Есімов жақсы ұйымдастырушы болғандықтан ЭКСПО жұмысын ретке келтіре алды. Қазір оны ауыстырудың реті жоқ, тек спикер лауазымына ауыстыру қажеттігі туындамаса. Бірақ қайталап айтамын, бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім тек сайлаудан кейін қабылданатын болады.
Орысшадан аударған Қайрат Матреков