Латыница қолданысқа енгізіледі және бұл жақын уақытта орын алады — латын әлібиіне көшу жөніндегі бағдарлама туралы әңгіме қозғаған мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы осылай деп мәлімдеді. Министрдің айтуынша, қазіргі таңда латын әліпбиіне көшу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр.
Еліміздің латын әліпбиіне көшетіні туралы бұған дейін бірнеше рет мәлімдеме жасалған-ды. Алайда олардың бәрі аяқсыз қалған еді. Ал министрдің бұл жолғы мәлімдемесі сайлау алдында ұлтшылдардың көңілін көтеру ме, жоқ әлде Үкімет шынымен латын әліпбиіне көшуге ниет танытып жатыр ма?
Біз бұл сұрақты белгілі қазақстандық саясаттанушы Дос Көшімге жолдадық.
– Тәуелсіздік алғаннан бері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиіне көшу туралы үш мәрте мәлімдеме жасады. Менің ойымша, ол мәлімдемелер саяси мақсатпен айтылды. Нақтырақ айтсам, Еуразиялық экономикалық одаққа кіргелі жатқанда ұлтшылдардың қарсылығын бәсеңдету үшін латын әліпбиіне көшу мәселесі көтерілді.
Алайда дәл осы жолғы министрдің мәлімдемесін сайлау алдындағы ұпай жинау деп есептемеймін. Себебі, дәл қазіргі сайлау белгілі бір топтың қолдауына ие болуды қажет етпейді, – дейді саясаттапнушы.
Әйтсе де, саясаттанушы
Қазақ елі міндетті түрде латын әліпбиіне көшуі керек деген сенімде, дегенмен ол бұл мәселенің 2025 жылға дейін шешілетініне сенбейді
— өйткені, латынға көшудің алғы шарттары жасалмаған.
– Біз міндетті түрде кирилицадан латын әліпбиіне көшуіміз керек. Мен үшін кирилл әліпбиі орыс бодандығының қарғыс таңбасы іспетті. Алайда дәл қазіргі жағдайда біз латын әліпбиіне көшпеуіміз керек — еліміздің барлық азаматтары қазақ тілін меңгермеген. Ал латын әліпбиіне көшу еліміздегі диаспоралардың қазақ тілін меңгермеуіне жақсы сылтау болады, – дейді сөзін тәмәмдаған Дос Көшім.