Статистика көрсетіп отырғандай, Азияда орыс тілінің қолданысы біртіндеп қысқарып келеді.
Осы жылғы қарашаның басында РФ президенті Владимир Путин «Халықаралық білім беру кеңістігінде орыс тілінде жалпы білім беруді ілгерілету мен қолдаудың мемлекеттік концепциясына» қол қойды. Көптеген сарапшылардың пікірі бойынша, бұл концепция (дәлірек айтсақ — орыс тілінің өзі) Ресейдің жақын шет елдегі «жұмсақ күшінің» басты компоненттерінің бірі болу керек.
«Осы орайда РФ-ның Сыртқы істер министрлігі кешігіп қимылдайтындай әсер қалдыруда, өйткені бұрынғы КСРО-ның республикалары, бір кезде «орыс әлемінің» маңызды бөлігі болған республикалар одан іргесін бөлек салып жатыр», — дейді ой толғаған ресейлік сарапшы Кирилл Соков.
«ТМД елдері тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін орыс тілін мемлекеттік және қоғамдық өмірдің көптеген салаларынан ығыстыра бастады, — деп жазады автор. — Бұл елдердің көпшілігінде орыс тілді халықтың, білім берудің, мәдени және ақпараттық кеңістіктің қысқаруы кері айналмас сипатқа ие болды. Мәселен,
Тәжікстанда орыс халқының саны 388,5 мыңнан 35 мың адамға дейін қысқарған
Гуманитарлық және ғылыми-техникалық интеллигенцияның басым көпшілігінің елден кетуі орыс тілінде білім алу мүмкіндігінің тек бірнеше оқу орындарында қалуына әкеліп соқты. Ал республиканың 8 миллиондық халқының, оның 1 миллионы Ресейде еңбек мигранты ретінде тұрақты жұмыс істейді, басым көпшілігі орыс тілін мүлдем білмейді».
Әділетттікке қиянат жасамау үшін, Орталық Азияда орыс тілін жапай білу ешқашан болмағанын мойындаған жөн.
1989 жылғы халық санағының мәліметтері бойынша, орыс тілін қазақтардың 62,8 пайызы, қырғыздардың 36,9 пайызы, тәжіктердің 30 пайызы, түркімендердің 27,5 пайызы және өзбектердің 22,3 пайызы білген.
«Негізінен қалада, Қазақстан және Солтүстік Қазақстан сияқты славян халықтары тығыз мекендеген аймақтарда тұрған орыстар ешқашан жергілікті тілдерді білген емес, — дейді әңгімесін жалғастырған Соков. — Сол 1989 жылғы халық санағының мәліметтері бойынша, титулдық тілді Өзбекстан орыстарының 4,5, Тәжікстан — 3,5, Түркіменстан — 2,5, Қырғызстан — 1,2 және Қазақстан — 0,9 пайызы білген. КСРО-да орыс тілі шын мәнінде мемлекеттік тіл болған, ал осы тілде білім, ақпарат алудың еш қиындығы болмаған жағдайда жергілікті тілді оқудың ешқандай қажеттігі болған емес. Көптеген пәндер, әсіресе, ғылыми жаратылыстану саласының оқу пәндері бойынша ұлттық тілдерде оқулық болған емес, оқыту толығымен орыс тілінде жүргізілді».
Ресейлік сарапшы келесі сандарды келтірді. «КСРО күйрегеннен кейінгі жиырма жылда Орта Азиядағы ахуал елеулі өзгеріске ұшырады. Осы ғасырдың 10-шы жылдарына қарай Қазақстан халқының 84 пайызы, Қырғызстан — 49, Өзбекстан – 41, Тәжікстан — 33 және Түркіменстан бар-жоғы 18 пайызы орыс тілін білген. Жеке этностардың орысша білуін жеке есепке алған кеңестік статистикадан ерекшелігі, посткеңестік есепке алуларда аймақта қалған славяндарды есепке ала отырып, жалпы тұрғындар бойынша мәліметтер көрсетілген. Сондықтан оларды 1989 жылғы халық санағымен салыстыру қиын. Оған қарағанда, орыс тілін белсенді білетіндер, оқи, жаза және сөйлей білетіндер туралы мәліметтер неғұрлым қисынды көрінеді. Олар Қазақстан халқының 72, Қырғызстан – 36, Өзбекстан – 14, ал Тәжікстан мен Түркіменстан халқының небары 12 пайызын құрайды. Атап айтарлығы,
Қазақстан халқының 16, Қырғызстан — 50, Өзбекстан — 59, Тәжікстан — 67 және Түркіменстан халқының 82 пайызы орыс тілін мүлдем білмейді..
Яғни, КСРО күйрегеннен кейін Өзбекстандағы, Тәжікстандағы және Түркіменстандағы орыс тілді кеңістік 2-3 есе қысқарған».
Республика Ресейден жағрафиялық, экономикалық және саяси тұрғыдан неғұрлым шалғай болған сайын ол жақта орыс тілін білетіндердің үлесі соғұрлым төмен болады. «Егер Қазақстанда орыс тілін халықтың барлығы дерлік білсе, Қырғызстан мен Өзбекстанда енжарлық байқалады — мұнда әрбір екінші адам орысша сөйлей біледі, ал Тәжікстан мен Түркіменстанда халықтың басым көпшілігі орыс тілінде сөйлей алмайды», — деген қорытынды жасайды «Ритм Азии порталы».
Көз жетерлік болашақта, Қазақстанды қоспағанда, Орталық Азия республикаларында орыстілді мәдени-тілдік кеңістіктің мүлдем жоғалуы мүмкін
Оның үстіне, сан жағынан тек Қазақстанда ғана халықтың елеулі бөлігін славяндар және басқа еуропалық этностар құрап отыр, Қырғызстанда олардың үлес салмағы төмендеу. Тәжікстан мен Түркіменстанда титулдық этноспен салыстырғанда, олардың демографиялық үлес салмағы мүлдем мардымсыз — көзге көрінбейді. Өзбекстандағы демографиялық ахуал да осындай бағытта дамып жатыр. Атап айтарлығы, көптеген республикаларда Ресейдің өзінің аймақтағы мәдени-тілдік кеңістігін кеңейтуге деген ұмтылысы өскелең ұрпақ тәрбиесін орыстілді мұғалімдердің билеп-төстеуіне бергісі келмейтін басшылықтың саяси тұғырымен қақтығысуда.
Орыстілді білім беру тек мұғалім кадрларының және еуропалық халықтың эмиграциясы салдарынан ғана орын алып отырған жоқ. Ашығын айтқан жөн:
Орта Азияның барлық республикаларында орыстілді білім беруді қысқарту және және оны титулдық тілдерге ауыстыру саясаты жүргізілуде
Мәселен, Өзбекстанда орыс тілінде білім алатындар саны 1990/1991 жылдардан 2010/2011 жылдарға дейінгі аралықта 636 мыңнан 221 мыңға дейін (65 пайызға), Тәжікстанда – 120 мынан 47 мыңға дейін (61 пайызға), Түркіменстанда – 127,1 мыңнан 6,5 мыңға дейін (95 пайызға) қысқарған. Аталған елдердің соңғысында орыстілді білім беру толық дерлік жойылған, ал Тәжікстанда және одан аз мөлшерде Өзбекстанда ол орыстілді ақпараттық және мәдени ортаны қалпына келтіру сұрақ тудыруда. Қазақстан мен Қырғызстанда орыстілді білім беру бойынша әзірше қолайлы ахуал қалыптасқан».
Ал Кавказда ше?
Айтпақшы, Кавказ республикаларындағы орыс тілінің жағдайы Орта Азиядағы ахуалға қарағанда, біршама жақсы, мұны олардың Ресеймен жағрафиялық жақындығымен және неғұрлым тығыз байланысымен түсіндіруге болады. Мәселен, 2010-жылдарда Әзірбайжанда 8,9 млн. халықтың 4,9 млн. (55 пайызы) орыс тілін білсе, Арменияда – 36, млн. халықтың 2,4 млн. (58,6 пайыз), ал Ресеймен болған «бес күндік соғыстан» кейінгі Грузиядағы жағдай күрделі кезеңді басынан өткеруде, мұнда 4,5 млн. халықтың 2,4 млн. (54 пайыз) орыс тілін меңгерген болатын. Атап айтарлығы, бұл елдердегі орыс ұлты өкілдерінің саны соншалықты көп емес.
Әзірбайжанда бар-жоғы 119 мың орыс болса (1,3 пайыз), Грузияда – 45 мың (1 пайыз), ал Арменияда – небәрі 7,5 мың (0,2 пайыз) орыс қалған
Орыстардың саны және үлес салмағы жағынан «тәжік-түркімен» деңгейіндегі Кавказ елдерінде халықтың жартысынан астамы түрлі деңгейде орыс тілін меңгерген. Ол аз болса, Әзірбайжанның 1,6 млн., Арменияның 0,9 млн. және Грузияның 1,3 млн. тұрғыны оны белсенді түрде пайдалануда.
Орысшадан аударған Қайрат Матреков