Белгілі қазақстандық экономист Олжас Құдайбергенов Ұлттық банк ерте ме, кеш пе «валюталық дәлізге» қайта оралатынына сенімді.
Дүйсенбі 2015 жылғы 14-желтоқсанда теңгенің құны ең төменгі тарихи деңгейге дейін құлдырады. Қазақстандық қор биржасының (KASE) бүгінгі таңертеңгі саудасында доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 329,67 Тг/$ белгісіне дейін көтерілді.
KASE-нің таңертеңгі саудасының қорытындысы бойынша (ертеңгі күннен бастап Ұлттық банк оны ресми бағам ретінде бекітеді) орташа сараланған доллар бағамы 322,47 Тг/$ құрады, бұл 2015 жылғы 11-желтоқсандағы сауда барысында қол жеткізілген орташа сараланған доллар бағамынан 10,55 теңгеге жоғары.
Доллардың жаңа ресми бағамы теңгенің 22 жылдық өмірінің тарихындағы ең жоғарғы көрсеткіші болды.
Теңге қолданысқа алғаш рет енгізілген алғашқы сәтте 1 АҚШ долларының құны 4 теңге 70 тиын болған еді
Теңге және доллар бағамдары жөніндегі ахуал бойынша түсініктеме беруді біз белгілі экономист, Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры Олжас Құдайбергеновтен сұраған едік.
— 16-желтоқсанда болатын Федералдық резерв жүйесінің (ФРЖ) мәжілісі теңге бағамына қалай әсер етуі мүмкін?
— Шынын айтсақ, АҚШ ФРЖ-ның мөлшерлемесі теңге бағамына тікелей әсер ете алмайды. Егер бұл тауар нарықтарынан ақшаның кетуіне әкеліп соқса және мұнай бағасы құлдыраса, онда әсер етуі мүмкін.
— ҚР Ұлттық банкі бүгін қандай әрекеттер қолдануы мүмкін?
— Ұлттық банктің әрекеттері туралы айту қиын, өйткені ол жерде объетивтіктен субъективтік басым, сондықтан түсініктеме бермей-ақ қояйын.
— Бүгін биржадағы алыпсатарлардың рөлі қандай?
— Қазір валюта нарығында алыпсатарлық жоқ, ол мөлшерлеме үлкен тербелістерге ұшырап отырған ақша нарығына ауысты.
— Валюталық дәлізге қайта оралудың жөні бар ма?
— Дегенмен, валюталық дәліз біршама дұрыс идея болды деп ойлаймын, оның үстіне, ол қарашада болған-ды. Негізінен, болашақта қаржы реттеушісі былай жасауы мүмкін: қағаз жүзінде «еркін бағам» болады, ал шын мәнінде – бекітілген дәлізі бар бағам болмақ.
Орысшадан аударған Қайрат Матреков